Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады

20.04.2014
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады
«Қол жұмылмай, жылынбайды» деген біздің қазақ. Сыртқы күштердің илеуіне түсіп, іркіттей іріген талай ұлтты көріп жүрміз. Айрандай ұйыған біраз жұртты білеміз, ешкімге есе жібермеген. Бір атадан туса да, бітіспес дауға ұрынған елдер болады, қырық жұрттан құралса да «шәй» деспей тірлік кешетін мемлекеттер бар жаһанда. Қазақтың елі - соның бірі.
 
130-дан аса ұлттың өкілі тұрады қазір елімізде. Арасында бірден жүзге дейін ғана мүшесі бар шағыны да, миллионның үстіне шыққан ірісі де бар. Алайда Конституция бойынша әлгі азшылық пен көпшіліктің дәрежесі бір, құқығы тең. Алалауға жол жоқ. Үлкен деп біреуіне басымдық берілмейді, кіші екен деп екіншісіне жеңілдік жасалмайды. Осы бір саясаттың арқасында Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізді.
 
Бейбіт елімізде төл мерекеміз - Наурыздан басталып, қасиетті Құрбан Айтпен жалғасып, Ораза айт, Рождество, Пасханы бірге қарсы алу дәстүрге айналды. Бүгін Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборында қазақстандықтарды Пасха мерекесімен Президент Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. 
 
«Тәуелсіздіктің 23 жылында біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында Қазақстан өркендеді. Экономикасы нығайды. Мұндай жетістік - бірлік пен сенімінің арқасы», деп атап өтті Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құрметті отандастар! «Пасха» бұл - христиандар үшін ең қастерлі күн, биыл оны провославтар мен католиктер бір мезгілде атап өтуде. Пасха - адамдарды жақындастыра түсетін отбасылық мереке және бұл тату-тәтті тұратын, ортақ болашағына сеніммен қарайтын алып шаңырақ іспетті еліміз үшін ерекше маңызды. Қазір Еуропада түрлі діни қақтығыстар мен жұмыссыздық орын алды. Кәсіпорындар қысқарып, зейнетақы азайды. Ал, біздің елде керісінше 1 сәуірден бастап жалақыны көтердік. Қазақстан - қоғамның нығаюына, елдің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатын, барлық дін үшін құшағы ашық ел. Барлығының құқығы тең. Сондықтан, біз тұрақтылық пен келісім арқылы қуатты Қазақстанды әрі қарай өрлетеміз. Жарқын мереке күні барша қазақстандықтарға өзара түсіністік пен келісім тілеймін!
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу