Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысы өтті

13.04.2014
Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысы өтті

 

Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, еліміздегі кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасын түзуі тиіс. Ал, өндіріс пен инфрақұрылымдық жобаларға кем дегенде 1 миллион АҚШ долларына тең инвестиция салған Қазақстан кәсіпкерлері Бизнес-Омбудсменнің жеке қорғауында болмақ.
 
Ұлттық банк пен Үкімет тізе қосып, 1-ші маусымға дейін капиталды амнистиялау туралы заң жазады, ал «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясы көрме нысандарының құрылысына Қазақстан бизнесін тартудың жобасын жасайды.
 
Сондай-ақ, биыл елімізде бизнеске рұқсат беру және ескерту жүйесін кешенді түрде жаңартатын, жеңілдететін заң қабылдануы тиіс. Бұл бес жаңалық Ақордадан шығып отыр.
 
Жұма күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ұлттық инвесторлар кеңесінің кезекті жиыны өтті. Қазақстан бизнесінің кешесі еске алынды, бүгіні сараланды, ертеңі болжанды.
 
Енді - Ұлттық кәсіпкерлер палатасына үлкен жүк артылып отыр. Палата Үкіметпен және өңірлердегі атқарушы билікпен тығыз жұмыс істеп, бизнес климатты мейлінше қолайлы қылуы тиіс.
 
Кәсіпсіз нәсіп жоқ! Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдымен осыны айтты.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бизнесті өркендетпей, экономиканы жөндеу мүмкін емес, бизнесті өркендетпей елдің тұрақтылығы да мүмкін емес. Өзінің шаруашылығы бар, жекеменшігі бар, активі бар қалталы азаматтар экономиканы көтеруі керек.
 
Қазір Қазақстанда қалталы, қаржылы ірі бизнесмендер аз емес. Бұрын өзгеден сұраған ел қазір өз инвесторларына да иек артар деңгейге жетті. Мемлекет мейлінше жағдай жасап, бизнесті өркендетуге талпынып келеді.
 
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Бүгінге дейін 458 рұқсат құжаттарының 300-і автоматтандырылды. Қалғандары жыл аяғына дейін автоматты жүйеге көшеді. Ал лицензияларға келер болсақ, қазір олардың барлығы да автоматты жүйеге көшкен.
 
Кәсіпкерлік - экономиканың нақты қозғаушы күші,-деді Президент. 2013-ші жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда бизнеске ұмтылғандар саны 8 пайызға артқан - 2 миллион 600 мың адам.
 
Шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 9 триллион теңгенің өнімін шығарған. Жылдық өсім - 3,3 пайыз. Көңіл семіретіндей-ақ көрсеткіш. Дегенмен, кем-кетік те жоқ емес.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы жылдарда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің 17 пайызы деңгейінде тоқтап тұр. Республикалық бюджет төлемінің 70 пайызын небәрі төрт жүз салық төлеуші ғана қамтиды. Бұл барлық бизнесменнің 0,2 пайызы ғана.
 
Ал, керек болса! Бұл енді көлеңке жағы. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі мандымай отыр. Бұрын 18,4 пайыз болған бұл үлес 2013-ші жылы 13 пайыздан аспады. Инвестиция да ептеп тежелген.
 
Президент айтты: былтыр шетелден тартылған тікелей инвестиция 9,7 миллиард болды, 2012-ші жылмен салыстырғанда 4 миллиардқа кем шығып тұр. Яғни, жүйеге сызат түскен. Бірақ, оқа емес, мемлекет кешенді шараларды қолға алып, шешім де қабылдап үлгерді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұл бағыттағы түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулер өткеннің үлесінде қалуға тиіс. Біз мұндай мораторийді бірінші рет енгізіп отырғанымыз жоқ. Бірақ, оны жойған кезде қайтадан шағым қаптап кетеді. Бұл мәселеге қайта оралмау үшін Үкімет менің Жарлығымды сапалы орындағаны жөн.
 
Енді қабылданған құқықтық актілердің барлығының бизнеске ықпалы арнайы сынақтан өтпек. Бұл жұмыс кәсіпкерлер палатасына жүктелді, ал әкімдіктер қолдауы тиіс. Президент пәрмені осындай. Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жергілікті органдармен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен іс-қимыл регламентін бекітуді тапсырды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Палата бизнесмендердің құқықтары мен мүдделерін сақтауға белсене қатысуға тиіс. Мұны мәселен, Президенттің бизнесті қорғау сайтына түскен шағымдарды қарау кезінде палатаның қатысуын қамтамасыз етуден бастаған жөн. Бұл ахуалды мемлекеттік органға тәуелсіз бағалауға мүмкіндік береді.
 
Экономиканың еңсесін көтере түсу үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінеді. 500 миллиарды биыл жұмсалады. Сала-саланың еншісі мынадай: шағын және орта бизнеске 100 миллиард, проблемалы несиелерді реттеуге 250 миллиард, индустриялық жобаларға 150 миллиард теңге. Ақшаның жұмсалуын арнайы комиссия қадағалайды.
 
2017 жылы біздің елде табысты жаппай жариялау науқаны болады, іле-шала шығысты да жаппай жария қыламыз. Қазақша айтқанда, қанша ақша тауып, қанша жұмсайтынымызды мемлекетке ерікті түрде айтып, жазып, көрсетіп береміз.
 
Бұл - экономиканың қалтарысындағы көрсеткіштерді анықтау үшін қажет шара. Дамыған елдердің бәрі солай істейді. Өйткені, қалтарыстағы экономика - орнықты дамудың бірінші жауы, сыбайлас жемқорлықтың досы, деді Президент. Оған дейін біздің елде капиталды жаппай амнистиялау шарасы жүреді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, капиталды амнистиялау туралы заң жобасын әзірлеуді және менің қарауыма биылғы 1 маусымға дейін енгізуді тапсырамын. Біздің алдыңғы талпыныстарымыздан айырмасы, бұл акция табысты жаппай жариялауды енгізгенге дейін жалғасуы тиіс. Жеделдікті, құпиялылықты, нарыққа сай келуді және бағдарламаның әділдігін қамтамасыз ету қажет!
 
Енді интеграция туралы аз-кем айтып өтелік. Біз құрлықтағы мемлекетпіз, теңізге, мұхитқа шығар жол жоқ бізде. Президент айтты, Ресей мен Қытай біз үшін теңіз болуы тиіс. Бейнелей айтып отыр әрине, миллиардтар нарығын меңзеп. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз бұған саналы түрде келе жатырмыз. Бүгінде ешкім томаға-тұйық, шеңберде өмір сүрмейді. Егер ресейлік нарық бізге барлық бағыттар бойынша ашылатын болса, еліміздегі өнім шығару уақыт өте келе 8 есеге ұлғаяды.
 
Отандық инвесторлар кеңесінде жария болған тағы бір жаңалық - жекешелендірудің екінші толқыны. Мемлекет нарықтың барлық субъектілерінен бас тартуы тиіс. 2009 жылғы дағдарыс кезінде мемлекет нарықтық экономикаға мәжбүрлі түрде араласты. Активтерді алды. Енді еркін нарыққа өткізу керек. Бұл мәселеде де кәсіпкерлер палатасы ашықтық пен жүйелілікті қамтамасыз етуі тиіс. Айтпақшы, алда EXPO-2017 көрмесі тұр.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдын ала бағалау бойынша, EXPO құрылысының бірінші кезеңінде миллион метр кабель өнімі, жарты миллион тонна цемент, көп көлемде арматура, кірпіш қажет болады. Осының бәрін біз өзіміз өндіре аламыз. Сондықтан, «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясына және кәсіпкерлер палатасына бизнестің көрмені дайындауға қатысуының арнаулы бағдарламасын бірлесіп әзірлеуді тапсырамын.
 
Қазақстанның тірегі болып отырған мұнай-газ, тау-кен металлургиясы һәм ауылдың шаруашылығын дамыту ләзім! Дәл осы салада өндірісті сапалы да өнімді ете тұрып, өзге экономика жасақтауымыз қажет. Бұл енді Президенттің үнемі айтып келе жатқан тапсырмасы. Мысалы, туризм, қызмет көрсету секторы, ғылымға негізделген экономика құру. Ол үшін оқу, үйрену, тәжірибе керек.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде жоғары оқу орындарының студенттері мен техникалық өндірістік білім беруді ұйымдастырудың ара қатынасы - 50/50, ал экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш әдетте - 40/60. Егер біз техникалық мамандарды жеткілікті даярламайтын болсақ, индустрияландыру ісінде табысқа жете алмаймыз. Дүниежүзілік банктің 192 ел экономикасын зерттеу негізіндегі мәліметтері бойынша, тек 16 пайыз экономикалық өсімді нақты капитал береді, 20 пайызы табиғи, ал 64 пайызы адами ресурстарға байланысты
 
Президент - Үкімет пен кәсіпкерлер палатасының бар жұмысы Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу» рейтингінен көрінетінін ескертті. Ескертті де, 2016 жылы сол рейтингте озық отыздың қатарынан көріну міндетін жүктеді. Ендігі салмақ министрлер кабинеті мен кәсіпкерлер палатасына түспек.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу