Қазақ еліндегі барша ұлт әз-Наурызды кеңінен атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ еліндегі барша ұлт әз-Наурызды кеңінен атап өтті

23.03.2014
Қазақ еліндегі барша ұлт әз-Наурызды кеңінен атап өтті

«...Көл жиналып тамшыдан, теңiз толсын қаңсыған.

Атамекен тазарып, асығы түссiн алшыдан.
Құт-береке кетпесiн диқаншы мен малшыдан.
Жұт болмасын өмiрi, жұрт көңiлi жайлансын,
Қанжығасы майлансын...»
 
Қазақтың қанжығасы майлы, асығы алшысына түсіп тұр, тек көз тимесін. Біздің басты байлығымыз алтын не күміс, мұнай мен газ емес, береке мен бірлік. Талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақтың сара саясаты осы күні дүниежүзіне үлгі, өнеге.
 
Татулықтың қадірін түсінбеген талай елдің іркітше ірігенін тарихтан білесіз. Талайдың уысына түсе бермейтін осы татулықты ту қылып көтерген біздегі Қазақстан Халқы Ассамблеясының да маңызы ерен.
 
Бүгінде елімізде 820 ұлттық орталық жұмыс істейді екен. Оның 28-і республикалық дәрежеде. 88 ұлттық мектеп бар. Халқымыздың бұл кеңшілігінің, өзгені өзекке теппей, өзім деп құшағына қысып, бауырына басатын қасиетінің арқасында, қазақ топырағындағы сан ұлт пен ұлыс бейбіт өмір сүріп, тамырын тереңге тартқан алма ағашындай мәуелі баққа айналды, өсіп-өнді.
 
Наурыз мейрамы - ұлт пен ұлыс, кәрі мен жас деп бөлмейді, жалпыхалықтық мейрам. Қазақ жерін мекен қылған өзге ұлт өкілдері де биыл әз-Наурызды кеңінен атап өтті.
 
Біздің елде тонның ішкі бауындай болып кеткен 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату тұрады. Барлығының этно-мәдени орталықтары бар. Қай-қайсысы да қазақ елінің қоғамдық өмірінен еш тыс қалмайды. Әсіресе, мереке кездері тойдың көркін қыздырады.
 
Әуелетіп ән салады, мың бұралып билейді. Ал күнделікті тірлікте өздерінің тілін, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін үйренеді, оқиды, тоқиды. Сосын өздеріне дәл осындай мүмкіндік беріп, жағдай жасап отырған қазаққа ерекше қарыздар екендерін де естен шығармай айтып отырады. Түрлері бөлек болса да, тілектерінің бір екенін әр ұлттың өкілдері Ұлыс күні қарсаңында тағы бір паш етті.
 
Роза Пак, Астана қаласы «Корей этно-мәдени бірлестігі» жетекшісінің орынбасары:
Біз көпұлтты мемлекет болғандықтан, мызғымас бірлік - бірінші орында. Сондықтан, бүгінгідей іс-шараларды тек мереке қарсаңында емес, жиі-жиі ұйымдастырып отыруымыз қажет. Сондай-ақ, барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтағым келеді.
 
Шығыс халықтарының жаңа жылы саналатын Наурыз - түркі тектес елдерге ортақ мейрам. Сондықтан болар, Қазақ еліндегі ділі мен тілі ұқсас ұлыстар әз-Наурызды ерекше салтанатпен атап өтеді. Солардың бірі - өзбек халқы. Елімізде осы ұлттың 500 мыңнан астам өкілі бар. Олар да қоғамның әр саласында тер төгіп, елдің өркендеуіне өздерінше үлес қосып жүрген халық. Араларында шығармашылықпен айналысатындары да аз емес.
 
Зухра Ибраимова, суретші:
Алматыда тұрғанымызға 10 жыл болды. Табиғаты көркем, халқы мейірімді ару қала біздің қиялымызды қанаттандырып, ерекше шабыт береді. Осында келгелі бейнелеу өнерінің әр жанрында 500-ге тарта картина салдым. Қазақ халқына деген құрмет пен ықыласымызды осылайша өз өнерімізбен көрсетуге тырысамыз.
 
Юнус Ибраимов, суретші:
Наурыз - иісі мұсылманға ортақ мереке. Адамзатты жақсылыққа бастап, ауызбіршілікке шақырады. Сондықтан, осы жылқы жылында біз өз шығармашылығымызды татулық пен достыққа бағыттап, ата-ғұрып салтын насихаттауға арнаймыз.
 
Бірлік бар жерде тірлік бар. Тату тұратын теріскейдің жұрты өздерінің ауыз бірлігін дәл осы Ұлыс күні ұлықтап қалудан аянбайды. Орысы, татары, башқұрты, басқасы бар бәрі көктем мерекесін көп болып атап өтеді. Ұлттық киімдерін киіп, өнерлерін ортаға салады.
 
Мария Чернышова, «Русская община» ҚБ жастар қанатының мүшесі:
Қазақстан Халқы Ассамблеясының арқасында мен өзге ұлттар арасында көп дос таптым. Біз олармен тек мереке күндері ғана емес, күнделікті кездесіп тұрамыз. Өте жақын, аяулы достар тапқаныма қуаныштымын.
 
Қызылжардағы славян халқы осылай Наурызды барын сала қарсы алып жатқанда, аймақтағы басқа ұлттың өкілдері қарап қалсын ба? Белсенді ұйымның бірі - Әзірбайжан мәдени орталығы. Олар жыл басын жақсылықпен қарсы алуға ерекше мән береді.
 
Мейрамға тіпті күні бұрын дайындалып, ұлттық тағамдарынан жұртқа дәм таттыруға асығады. Өйткені, береке-бірлік дәл осы дәм-тұзымыздың жарасуымен жалғасын табады, дейді.
 
Чингиз Курбанов, СҚО «Әзірбайжан мәдениеті» орталығы төрағасының орынбасары:
Қазақстанымызда 100-ден астам ұлт пен ұлыс бар. Бәрі де тату. Тіпті шығыс пен батыстағы елдердің дүрдараздығы мен адам шошырлық әрекеттеріне үреймен қараймыз. Біздің елдегі келісім мен бірлік Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі.
 
Әзірбайжан халқының біраз өкілі Ақтөбе жақта да тұрады. Ондағы бауырлардың осы көктемнен күтері көп. Олар тіпті биыл елімізде егіннің бітік шығатынын да алдын ала болжап қойған.
 
Өйткені, әр шаңырақта «Сэмэни» жайнап тұр. Бұл - көктем айы келгенде егілетін бидай тұқымы. Анаханым күн жылысымен бидай дақылын бұқтырып, оның көк жаруын күткен. Өздері мұны - Сәмәні деп атайды.
 
Анаханым Касимова, «Әзери» этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:
Сәмәні әдемі болып шықты. Ешқандай шіріген жоқ. Демек биылғы жыл құтымен кіреді. Бұл біздің үлкендерден үйренген дәстүріміз. Өсіп-өркендеудің нышаны.
 
Шахбаз Илалоглы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі:
Қазақ халқы мен Әзірбайжан халқы өте ұқсайды. Тіліміз ұқсайды түркі тілді халықтармыз ғой. Әнәнәміз де. Әнәнә - деген дәстүр. Дәстүріміз бір. Бұл - біздің халықтар үшін ортақ мереке.
 
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қыстан қалған сүрден дәмді етіп Наурыз көже әзірлеу - мерекенің басты талабы. Бұл асты тек қазақтар ғана емес, түріктер де әзірлейді. Әзірлеп қана қоймай, тойшыл қауымға тегін үлестіреді. Ақ ниеттерімен жаңа жылда құт-береке тілейді.
 
Қазақбай Қасимов, Қазақстандағы түрік қауымдастығының төрағасы:
Осыншама мәдениет пен салт-дәстүрді, айбарым мен айбыным, сәнім мен салтанатым деп келген Қазақстанның болашаққа сенімі мен үмітінің мол екенін айтқым келеді. Наурыз құтты болсын!
 
Бақытгүл Момбаева, қала тұрғыны:
Мына мен ішіп тұрған көжені түрік ағайын қауымдастығы жасаған екен. Өте дәмді, ішіне 9 дәм қосылған. Бұрын-соңды ішіп жүрген көжелерге қарағанда ерекше сияқты, тіпті  дәмді сияқты.
 
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр елінде де сан ұлттың өкілдері тұрады. Олардың тұрмыс-тіршіліктері мен ниет-пейілдері де өте ұқсас. Мұндай тату сыйластық әсіресе, Наурыз мерекесі кезінде жандана түседі.
 
Тіпті, Сыр бойында тұратын африкалықтар да Наурыз мейрамын асыға күтеді. Қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптейтін көріністерді тамашалап, ән мен күйдің құдіретіне тамсанудың өзі олар үшін бір ғанибет. Ұлыстың ұлы күнінде наурыз көже ішу үшін Эстель мен Патрик бұл жолы «Батыр ана» Мәлике кейуананың шаңырағына келді.
 
Эстель Кенйон, мұғалім:
Мен көп елді араладым. Жұмыс істедім. Көптеген елде ата-баба дәстүрі ұмыт болған. Мен қазақтарға тәнті болдым. Сонау ғасырлардан бері үзілмей келе жатқан әдет-ғұрып ешқашан да маңыздылығын жоймаған екен. Ал Наурыз мерекесі тіпті керемет.
 
Әріптесінің сөзін іліп әкеткен Патриктің де Наурыз мерекесіне, салт-дәстүрмен өрілген сән-салтанатқа, қазақ халқының қонақжай пейіліне деген ықыласы ерекше.
 
Патрик Киало, мұғалім:
Өзге елде емес, өз елімде жүрген сияқтымын. Қазақтар өте кеңпейіл. Отбасы құндылығы жақсы сақталған. Қазақстанға келгеніме, оның ішінде Қызылордада өмір сүріп жатқаныма мен қуаныштымын. Ең бастысы, мұнда жұртшылықтың ауызбіршілігі мықты. Ұлтқа бөлінбейді, кім болса да, барлығы бір үйдің баласындай өмір сүруде.
 
Қазақ елі - басынан нелер соқтықпалы, соқпақсыз кезеңдерді өткерген, сан ұлтқа сая болған мекен. Сондықтан да, қазіргі қазақстандықтардың түрлері бөлек болса да, тілектері бір, діндері өзге болғанымен, өзектегі ниеттері бір. Оған араздасқанды адамгершілікке, ренжіскенді рахымға үндейтін Ұлыс күніндегідей әр ұлттың сүттей ұйыған ұйымшылдығы мен ауыз бірлігі негіз болуда.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу