Әз-Наурыз - тек жұмыр басты пенденің ғана емес, тұмса табиғаттың да төл мерекесі. Алты ай қыстан аман шыққан жан-жануардың аузы көкке тиеді. Тал-терек бүршiк жарып, бел-белесте көк қылаулайды. Ақ қарды жарып шығатын бәйшешектің өзі жалғанға жаңа жыл келді деп жар салады.
Қазақстан халқы биыл да әз-Наурызды ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Бес күн демалыс жарияланды. Ел-жұрт ағарған ішіп, арқа-жарқа болды. Көкпар тартып, ат жарыстырылып, палуан күрестіріп, қыз-бозбала қызық қуды. Ұлттық құндылықтар ұлықталды, дәстүр дәріптелді.
365 күннің өз несібесі бар, сондықтан әр жыл қазақ үшін - қастерлі. Еліміз есеншілікте жылқы жылына да жетті. Ат - ер қанаты. Алаш баласы тақымы арғымаққа тисе, арқаланып, қайратына қайрат қосқан. Сол арғымаққа мініп, Алтай мен Атырау, Арқа мен Арал арасындағы кең даланы бізге аманатқа қалдырды.
Қазақ есейген баласын «ат жалын тартып мінді» десе, елге бас болған азаматын «атқамінер» атаған. Қазақ үшін биліктің де биік шыңы - аттың үсті. Ел ағасын «ат үстінен түспеген жан» деп төбеге көтереді. Ескі жылда да елдің ертеңі үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ат үстінен түскен жоқ.
Кеше ғана бір сәтке дамылдап, Қазақ елі алаңында халықты әз-Наурызбен құттықтады. Жылда мереке 22-сі күні тойланса, биыл бір ерекшелігі- БҰҰ тізбесіндегі ресми ретімен яғни, 21-і күні аталып өтті.
Мерекенің мәні көңіл-күйде емес пе, Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Ұлыстың ұлы күнінде ерекше көңілді болды, шамасы. Би де биледі, ән де айтты.
Елордадағы негізгі мереке Қазақ елі атты монумент алдындағы алаңда өтті. Президент қалың бұқараны, тұтас Қазақстанның халқын құттықтады, Ұлыстың ұлы күнімен.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлыстың ұлы күні - мемлекеттің ұлы мерекесі деген сөз. Ұлыс деген жаңа жыл деген сөзі, Күн мен Түн теңеліп, көктем басталып, бүкіл адам да, жануарлар да осы кезде тіріліп, қимылдап, табиғатпен бірге оянатын тамаша кез. 5 мың жылдан бері аталып келе жатқан әз-Наурыз тәуелсіздігімізбен бірге менің Жарлығыммен осыдан 23 жыл бұрын қайтып келді. Содан бері бұл мереке елдің татулығына, тұрақтылығына, бірлігіне жұмыс істеп келе жатыр. Бұл мереке барлық ұлт пен ұлыстың мерекесі. Бұл мереке барлық діндарлардың мерекесі, бұл - бірліктің мерекесі, бірліктің арқасында мемлекет өседі, өркендейді, көркейеді.
Береке - бірлікте. Ел басшысы татулық, бірлік пен ынтымақ жайын баса айтты. Мұны қысқа күнде қырық құбылатын жаһанның саясатын бағып отырған саналы жан түсінеді. Қаласақ та, қаламасақ та Қазақстан сол жаһанмен жақын араласуға мәжбүр. Көрші-қолаң бар, алыс пен жақын бар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қас-қағым сәт сияқты, бар болғаны 23 жыл ішінде Қазақстан танымастай болып өзгерді, бүкіл дүниежүзіне белгілі болды, өскен, өркендеген елдермен терезесі тең болды. Дүниежүзі сыйлайтын халық болды. Ішіміздегі көпұлтты халқымыздың, көпдінді жұртымыздың бірлігін сақтап, соның арқасында еңбекпенен өсіп, өркендеп келеміз. Болашағымыз жарқын, 2050-ші жылға дейінгі бағдарламамыз бар, отыз өскен, өнген елдің арасына кіреміз деген үмітіміз бар. Бірлік болса, татулық болса, тыныштық болса, осының барлығынан өтеміз, барлығын жеңеміз.
Қазақ елінің бақуаты артып келеді, деді Президент. Жаңа жұмыс орындары, еңбекақы, жәрдемақы мүмкіндігінше көбейіп келеді. Қай салада болса да алға ілгерілеу бар, деді Мемлекеттің басшысы. Айқын бағыт, түзілген бағдарламалар бар, ең бастысы, үмітсіз емеспіз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әз-Наурыз барлығымызға құтты болсын. Келешегіміз баянды болсын, айларымыз да, жылдарымыз да Қазақстанға бақыт әкелсін. Қазақ халқының бірлігі жасасын, мәңгілік еліміз жасасын. Қазақстан гүлдене берсін, қазақ халқының болашағы жарқын болсын. Баршаларыңызға шын жүрегімнен зор бақыт, тыныштық, береке, бірлік тілеймін.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ