Украина мен Ресей арасына ресми Астана араағайындық танытса деді ме, осы аптада Ақордаға біраз елдің Президенттері қоңырау шалып, Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасты. Алдымен, дүйсенбі күні Ресей басшысы Владимир Путин хабарласты.
Сондай-ақ, Германия Канцлері Ангела Меркель де Ақордаға қоңырау шалды. Назарбаев жанжалды қарумен емес, дипломатиямен реттеу керек, деп түйді. Әрі Қазақстан қажет болған жағдайда, Украинадағы ахуалдың бейбіт жолмен шешілуі үшін ымыралы шешімдерді әзірлеуге атсалысатындығын жеткізді.
Соңынан, Ақордаға АҚШ-тан да хабарласты. Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обама Украинадағы саяси шиеліністі ушықтырмаудың жолдарын талқылады.
Осы елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін және барлық мүдделі тараптарды жақындастыруға септігін тигізетін дипломатиялық әдістерді пайдаланып, саяси ахуалды қантөгіссіз бейбіт жолмен реттеу керек деп байлам жасасты. «Тек қана келіссөз қажет!»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жұма күні біздің Президентпен Британия Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон да сөйлесті. Телефонмен әңгіме кезінде тек екі елдің қарым-қатынасы ғана емес, жақында Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке дайындық мәселелері де сөз болды.
Әрине, Украинадағы жағдай да қалтарыста қалған жоқ. Кикілжіңдер дипломатиялық келіссөздермен және халықаралық бітімгершіліктің тиімді тетіктері арқылы реттелуі тиіс деп тұжырым жасасты Назарбаев пен Кэмерон.