Кедендік одақ Еуразиялық одаққа бет түзеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кедендік одақ Еуразиялық одаққа бет түзеді

09.03.2014
Кедендік одақ Еуразиялық одаққа бет түзеді
Еуразиялық Одаққа ұмтылған қазақ-орыс-беларусьтің қарым-қатынасы қазір қарқынды. Экономикалық тұрғыда «тонның ішкі бауындай» араласып кете қоймасақ та, ауқымды жоспар-жобаларымыз, бастамаларымыз бар.
 
Солар нәтижесін беретін күн де алыс емес, әзірге үш мемлекеттің ресми органдары байланыстың барлық түріне жағдай жасап, тиісті құжаттарды қабылдап қойды.
 
Ендігісі - іскер топтың ширақтығына байланысты. Іргеміздегі алып нарықты пайдаланып, орыс-беларусьтің кәсіпкерлерімен бәсекеге түсе білсек, аламанда атымыз артта қалмас.
 
Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Президентері осы сәрсенбіде Мәскеуде бас қосты. Бас қосты да, Еуразиялық жоғарғы экономикалық кеңестің кезекті мәселелерін талқылады.
 
Мақсат - болашақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің жобасын пысықтау. Жадыңызға тағы бір мәрте сала кетелік, жоспар бойынша, біздің елді қоса алғанда, үш мемлекет 2015-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, экономикалық одақ құруы тиіс.
 
Қазір біз Кедендік одақтамыз - келешек экономикалық одақ. Білінбей, еленбей басталған бұл процес біртіндеп межесіне таяп-ақ қалды. Қазақстан - Ресей - Беларусь дәл қазір Еуразиялық экономикалық одақ туралы Келісімнің жобасын түзіп жатыр.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз мұны үш елдің халықтары үшін, мемлекеттерге экономикалық тиімді болсын деп жасап отырмыз. Қазір әрбір бөлімді талқылап жатпайық. Келісімшарт екі бөліктен тұрады. Біріншісі тұжырымдамалық бөлігі, яғни, одақ халықаралық ұйым болып саналады. Бұған келіскенбіз. Өткен желтоқсан айында біз кейбір мәселелерді принципті және түбегейлі түрде талқылап, мемлекеттер басшылары деңгейіндегі ойларымызды айттық. Олар орындалуы тиіс. 
 
Кедендік одақ құрған үштіктің күші еселе түсті, дейді сандар. Мысалы, осы одақтың сыртқы жұртпен саудасы 2013-ші жылы 931 миллиард доллар болған. Ортақ ішкі жалпы өнім - 2,7 триллион АҚШ долларына тең. Үшеудің өз арасындағы сауда айналымы 64 миллиардты еңсерді.
 
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Жаһандық экономиканың даму қарқыны бәсеңдегеніне қарамастан, 2013-ші жылы біздің үштік арасындағы тауар айналымы азайған жоқ, қайта ептеп өсім байқалды, 64,1 миллиард доллар. Сондай-ақ, тауар айналымы жақсарып, кедергілер кеміп келеді.
 
Көрсеткіштер көп дүниеден хабар берсе керек. Дегенмен, кедергі де жоқ емес деді Беларусь Президенті Александр Лукашенко. Мысалы, көлік пен дәрі-дәрмек, алкоголь мен темекі айналымына қатысты алымдарда ептеген алшақтық бар. Реттемесе болмайды.
 
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
Біз енді ТМД-да болған кездегі сәтсіздіктерімізден сабақ алуымыз керек. Біз кезінде ТМД туралы көп сөйледік, халық бізден нақты қадамдар күтті, бірақ болмады. Сондықтан, мен Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ та сол кепті қайта кимесін деп сақтандырамын.  
 
Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық келісімдерге басқа саланың мүдделерін тықпалай бермеуді ескертті. 2013-ші жылдың желтоқсанында да Мәскеуде өткен   жиында саяси мүддені ысырып тастаңыздар, деп еді біздің Президент.
 
Бұл жолы да әлеуметтік мәселелерді одақтың құжатына араластырмаған абзал екенін меңзеді. Одақ тек экономикалық болуы тиіс, ал ішкі мәселесін әр ел өзі реттесін.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз келіспеушіліктерді қойып, таза экономикалық одақ құралық. Қалған дүниені соңыра реттейміз. Ал әр мемлекеттің ішкі шаруаларын қосақтай бермейік. Әкеліп, әлеуметтік мәселелерді тықпалаймыз. Одан да таза экономикалық мәселелерді реттейік.
 
Қазіргі Кедендік одақтың мүшелері болашақ экономикалық одақтың қажет құжаттарын қайта-қайта пысықтап жатыр. Сауда-саттықты мейлінше еркін жүргізу үшін 40-қа тарта ұсыныс түскен.
 
Виктор Христиенко, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы: 
Негізгі келісім туралы атқарылған жұмыстарға келсек, кеше кешқұрым ғана Астанада біраз келісім талқыланды. Кедендік одақтың тарифі бар, тарифтік емесі бар, сауда саясаты бар, зор мәселелер талқыланып, құжаттардың 99 пайызы аяқталды деуге болады. Дегенмен, сарапшылар салмақтауға тиісті кейбір мәселелер бар. 
 
Үштің одақ қазір жаһанда да үшінші үлкен нарық саналады. Еуропа одағы мен Қытайдан кейін. Үлкен нарыққа ұмтылу - дәуір талабы. Сол дәуірдің талабын сәуірде Мәскеуде тағы бір мәрте талқылайтын болады Беларусь - Ресей - Қазақстан үштігі.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу