ЕАЭО аясында тауарларды қадағалау жүйесі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕАЭО аясында тауарларды қадағалау жүйесі енгізіледі

18.05.2021

Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев айтты. Оның сөзінше, Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі Стратегиялық бағыттарын бекіту аясында, Қаржы министрлігі бірқатар жұмыс жүргізбек. Атап айтсақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі мемлекеттік сатып алуды толық цифрландыру, кедендік реттеу мен әкімшілендірудің жоғары сапалы деңгейіне көшіру, тауарға электрондық ілеспе құжаттарды енгізу және өзара мәліметтер алмасу тетігін пысықтау сияқты жұмыстар қолға алынады. Ал одақ ішінде тауарларды қадағалау үшін құқықтық база құрылмақ. 

Марат Сұлтанғазиев, ҚР Қаржы вице-министрі:
Біздің одақ елдерімен шекарадағы жұмысымызды мониторингтеу нәтижелері кедендік бақылаудың күшін жою және Одақ шеңберінде тауарлардың еркін қозғалысы режимі реттелмейтін саудаға және көлеңкелі тауар айналымының ұлғаюына әкеп соққанын көрсетті. Салық төлеуден жалтарудың: жалған транзит, Қазақстан Республикасының жалған резиденттерінің атына тауар-көлік жүкқұжаттарын (ТКЖ) ресімдеу, тауар-көлік жүкқұжаттарында мәліметтерді дұрыс бермеу және т.б. сияқты схемалары анықталды.

Айта кетейік, Қазақстанның одақ елдеріне экспорт 25% өскен. Оның ішінде Ресейге – 25%, Беларуське – 2 есе, Қырғызстанға – 20%, Арменияға – 6 есеге артқан. Тауардың түрі де көбейді. Тәуелсіздік алған жылдары экспорттың басым бөлігі шикізат тауарлары болса, қазір сыртқа шығаратын экпорттың 58% өңделген өнімдер. Сондай-ақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ жұмысы аясында ел бюджетіне 322,4 млрд теңге түскен.

Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу