Қызғалдақтар өзіміздікі ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызғалдақтар өзіміздікі ме?

09.03.2014
Қызғалдақтар өзіміздікі ме?

Гүл өссе - жердің көркі, қыз өссе - елдің көркі. Әдетте, қыз бен гүлдің табиғатында ұқсастық көп. Екеуі де сұлу, екеуі де нәзік, екеуі де аялап- мәпелегенді қалайды.

 
8 наурыз әйелдер мерекесі ғана емес, гүлдің де жәрмеңкесі. Жыл сайын осы күн қарсаңында еліміздегі барлық шаһар гүлге толады. Күніне күллі әлемге миллиондаған гүл сататын Голландиядағыдай ғажайып базар болмайтын шығар, бірақ сұлулық символдары даладан қалаға көшіп келгендей әсер қалдырады.
 
Бұрындары ақ көбік қарды жарып шығып, әлемге көктем келді деп жар салатын бәйшешекті саудалап жатушы еді, бүгінде ол сап тыйылды. Есесіне, қызғалдақ пен раушан бастатқан сұлулық символының сан алуан түрі әр бұрышта сатылады.
 
Бұрымдыларды разы қылу үшін бөріктілер біраз сабылады, едәуір шығындалып қалтасындағы тиын-тебені қағылады. Қарға тамырлы қазақпыз. Анасына, жан жарына, қыздарына, әпке-қарындастарына, жеңгелері мен қайынбикелеріне, енесі мен балдызына, одан қалды қызметтестеріне гүл аламын деп шабылады.  Осы жерде бір ой түрткілейді. Сол алып жатқан гүлдер өзіміздікі ме? Қыраттан терген өз қызғалдақтарымыз ба?
 
Әйелдер мерекесінің берекесі – гүл. Құшақ-құшақ гүлді кеше сіз де, біз де сатып алдық. Бірақ, солар қазақтың қыратынан терілген жоқ,  теңіз асып шеттен жетті.
 
Құлпыртып гүл өсіру кәсібі бізде жолға қойылмаған. Тәуекелі көп іске бел шешіп кіріскендер аз. Есесіне, өзге елдің саудасын қыздырып жатырмыз. Қазақстан жыл сайын сырттан 155 миллион долларға гүл сатып алады.
 
Жангелді Шымшықов, экономика ғылымдарының кандидаты:
Енді, мұнымыз экономикамызға қиянат. Гүлді өзімізде де өсіруге болады ғой. Ақшамыздан айырылып отырмыз. Ол ішкі айналысқа түссе, экономикамызға салық болып түседі, экономиканың басқа салаларына септігін тигізетін еді.
 
Былтыр ғана Қазақстан шетелден 154 миллион доллардың гүлін сатып алыпты. Салмағы 20 мың тонна. Ал, биылғы қаңтар айының өзінде Қазақстан 7 миллион 820 мың 116 тал гүл импорттаған. Бұл - 692 тонна, құны - 5 миллион доллар. Оның 49 тоннасы Астанадан аспапты.
 
Ғабит Оразов, Астана қалалық КБД «Әуежай-Астана» кедендік бекетінің басшысы:
2014 жылдың басынан бастап Астана қаласы бойынша 636 мың 547 долларды құрайтын 49 тонна гүл әкелінген. Көбіне жауқазын, раушан, орхидея, қызғалдақ гүлдері. 2013 жылы гүлдер негізінен Нидерланд, Колумбия, Литва, Эквадор мемлекеттерінен әкелінеді.
 
«Қазфлор» компаниясы - гүл нарығындағы ірі импортердің бірі. Тірі гүлдерді тікелей тасиды, табысы көл-көсір. Мына гүл базарын мың мәрте аралап шық, отандық бір тал гүл таппайсың. 
 
Татьяна Волончихина, «ҚазФлор» компаниясының қызметкері:
Мына гүлдердің барлығын шетелден әкелдік. Голландия, Эквадор, Колумбиядан импорттаймыз. Осылардың ішінде отандық бір де бір гүл шоғыры жоқ. Гүл өсіруге біздің климатымыз мүмкіндік бермейді, жарық, жылу көп жұмсалатындықтан, отандық кәсіпкерлер бұл іске бара бермейді.
 
Нар тәуекел еткендер бірен-саран бар. Мысалы, Тараздағы мына гүлзардың ішінде сан алуан гүл жайқалып тұр. Шығымы аз, шығыны көп шаруаға біржола кіріскен кәсіпкердің қазіргі тірлігі көңіл қуантады.
 
Ғалия Қожахметова, гүлзар қызметкері:
Гүл дегеніміздің өзі кішкентай нәзік бала сияқты. Көңіл күймен қарасаңыз, гүл де жайнап тұрады. Мейірім, шапағат керек бұларға. Жылы сөз айтсаң, жайқалып шыға келеді.
 
Гүл нарығында голландтықтар озып тұр. Нидерланд үкіметі былтыр осы гүл саудасынан 435 миллион еуро, бізше 85 миллиард теңге пайда түсіріпті. Басты тұтынушылардың тізімінде біздің ел де бар.
 
Аннемария Герардс-Адриансенс, «Keukenhof» паркінің РR менеджері:
Жалпы, бақтағы гүлдердің падишасы саналатын қызғалдақтардың Отаны Қазақстан деп естідік. Гүлдер қазақ жерінен Түркия арқылы Австрияға, содан Голландияға жеткен деген мәлімет бар. Қалай болған күнде де, біз қазір осы қызғалдақ пиязшығының 95 пайызын экспорттап отырмыз.
 
Қазақ қызғалдақтың қадіріне жете алмай, ақыры қызығына өзгелер батып жатыр. Биолог ғалымдар қазақтың жерінде осы қызғалдақтың сан түрі өсіп шығатынын айтады. Амал не, гүл деген шөп, шөп деген көп... Бұл біздің көзқарас...
 
Әсия Дүкенбаева, биология ғылымдарының кандидаты:
Қазір қызғалдақ десең, Голландия көз алдыңа елестейді. Бірақ, түптеп келгенде қызғалдақтың отаны - Орталық Азия, яғни, Қазақстан екені әлдеқашан дәлелденген. Голландиялықтардың қызғалдаққа қызыққаны, құмартқаны соншалық, бұл гүлді қазір ұлттық нышанына теліп жүр.
 
Ал, бізде қызғалдақтың кейбір түрлері жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. «Қызыл кітапқа» енгізіп қойдық. Яғни, жұлуға болмайды. Бәйшешектен де айырылып қаламыз ба деген қорқыныш «Қызыл кітапқа» жетеледі. Бәйшешек тіптен азайып барады, әрі қорғау да қиын болып тұр.
 
Бауыржан Ибраев, Алматы облысы бойынша Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:
2013 жылы Алматы облысы аумағы бойынша бәйшешекті заңсыз алу фактілері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды. Осы 4 қылмыстық іс бойынша жұлынған бәйшешектің саны 264 дананы құрады. Келтірілген шығын 228 мың теңге болды. Екі қылмыстық іс Талғар ауданында тіркелді, қалған 2 қылмыстық іс Іле ауданында тіркелді. Рейд жасау арқылы анықталып жатыр тек қана. Өйткені, ашық далаға патруль қойып қою мүмкін емес.
 
Шетелден келген хош иісті гүлдер қымбат. Мейрам күндері құны екі есеге артатыны тағы бар. Алайда, оған қарап жатқан ешкімді байқамадық.
 
Қымбат Жаңабекова, қала тұрғыны:
Енді осындай күні ол қымбат деп қалай айтамын. Анаңнан ол қалай қымбат болады?
 
Алмас Тойымбеков, қала тұрғыны:
Маған бәрібір, бастысы көңіл ғой. Үнемдеу дәл осы күні орынсыз. Бір-ақ рет өмір сүреміз.
 
Мамандар гүлге деген сұраныстың жыл санап артып келе жатқанын айтады. Сондықтан, отандық гүл шаруашылығын гүлдендірмесек, өзгеге жем бола береміз.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу