«Сазген сазы» ансамблі Венада өнер көрсетті
«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбль ұжымы Аустрия жұртын тамсантты. Ұлттық өнерді дәріптеушілер Венадағы классикалық музыканың алтын ордасы «Musikverein» концерт залында өнер көрсетті.
Музыкалық кешті Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен еліміздің Аустриядағы елшілігі ұйымдастырды. Концертте өнер ұжымы Құрманғазының күйлерін, Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындап, шетелдіктерді қазақтың ұлан-ғайыр даласына сапарлатты. Ансамбльдің сүйемелдеуімен Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева да өнер көрсетті. Сонымен қатар мәдени кешке Вена консерваториясының түлегі, қазір шаһардағы «Mahler» филармониясының басты солисі Айгүл Шәмшиденова да қатысып, ұлттық әндер мен әлемдік опера жауһарларын құйқылжыта шырқады.
Ганс, Вена қаласының тұрғыны:
Ғажап концерт. Ұлттық музыкаларыңыздың үні ерекше әдемі. Фольклор, әртістердің өнері мені тәнті етті. Кештен керемет әсер алдым.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы