Түрік оқушылары арасында Қазақстан тақырыбында сайыс өтті
Ыстанбұл қаласындағы Абай атындағы екі мектептің оқушылары Қазақстан туралы тест тапсырды. Бұл сынақтан сүрінбей өткен оқушылар келесі кезеңде Абайдың өмірі мен еңбектері туралы шығарма жазады. Сосын білім сайысының жеңімпаздары Қазақстанға қыдырып келеді. Елімізді шетелдерге таныстыру мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан жоба туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.
Ыстанбұлда Абай атында екі мектеп бар. Бірі 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы құрметіне ақын есімін иеленсе, екіншісі 2001 жылдан бері Абай атында. Ыстанбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығы дәстүрлі түрде осы мектептердің оқушылары арасында арнайы білім сайысын ұйымдастырып келеді.
Баки Айдын, Абай атындағы қыздар мектебінің директоры:
Ыстанбұлдағы Қазақстан консулдығының бастамасымен жыл сайын осындай білім сайысын өткізіп тұрамыз. Жылдан жылға қатысқысы келетіндер саны артып келеді. Биыл 9-10-11 сынып оқушыларының арасында бұл емтиханға 250 бала қатысты.
Сайыстың шарты бойынша оқушылар екі кезеңдік емтихан тапсырады. Содан сүрінбей өткен 20 оқушы жазғы каникулда Қазақстанның бірнеше қаласына тегін барып қайтуға жолдама алады. Жеңімпаздарды арнайы комиссия анықтайды.
Мукаддес Токсөз, 10-сынып оқушысы:
Мен алдын-ала дайындалғандықтан, емтихан жеңіл өтті. Барлық сұраққа дұрыс жауап бердім деп ойлаймын. Енді жеңімпаз болып Қазақстанға баруды армандап жүрмін.
Гүлнида Доған, 9-сынып оқушысы:
Қазақстан туралы ақпараттар оқып, видеолар қарағанды жақсы көремін. Қазақтың ұлттық тағамдары қызықтырады. Қымыз ішіп, атқа мініп көрсем деймін.
Оқушылар ерікті түрде қатысатын бұл сайысқа балалардың қызығушылығы жоғары дейді мектеп басшылары.
Фатих Йылдыз, Абай атындағы лицейдің директоры:
Мектебімізде 1748 бала оқиды. Қазақстанды, Абайды таныстыру сайысы оқушылар үшін өте қызықты жобалардың бірі. Биыл бірінші кезеңге 400-дей оқушы қатысуға ниет білдірді. Олардың ішінен ең үздік 40 оқушы екінші кезеңге өтеді.
Бұл білім сайысы Қазақстанды, Абайды бауырлас Түркияда кеңінен насихаттауға арналған жоба. Ал мектеп оқушылары жазған шығармалар бір кітапқа жинақталып, басылып шығады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы