Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігінде кеңес өткізді

09.03.2014
Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігінде кеңес өткізді

Мәскеуден оралған бетте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігіне барып, кеңес өткізді. Әскери саланың иықтары жұлдызға толы кілең ығайлары мен сығайлары шұғыл жиынның «шуақты» өтпесін сезгендей, демдерін іштеріне тартып отырды. Себеп белгілі.

 
Соңғы жылдары қазақтың қорғаныс саласы әскери әлеуеті жағынан емес, керісінше, былыққа батқан басшыларының жемқорлық әрекеттерімен «әйгіленіп» жүр. Сондықтан, Президент парамен ұсталып жатқан генералдардың әрекетін сынға алып, олардың Қарулы Күштердің атына кір келтіріп жатқанын бетке басты.
 
Еске сала кетейік, Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Қажымұрат Мейірманов 2010 жылы пара алғаны үшін сотталса, соңынан осы министрліктің Құрылыс және әскерилерді пәтермен қамтамасыз ету басқармасының бастығы Әнуарбек Оразалинов ұсталды.
 
Кейін Ұлттық қорғаныс университетiнiң басшысы Асхат Шойынбаев та қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін істі болып, 4 жылға сотталған. Тек бұл емес. 200 мың доллар пара алған осы министрліктің қару-жарақ бас басқармасының бастығы, генерал-майор Алмаз Әсенов былтыр 11 жылға сотталса, қазынаның 137 миллион теңгесін жоқ қылған генерал-майор Асқар Бөлдешов 8 жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
 
Бұл соңғы былық па дегенде, Қорғаныс министрлігі биыл ақпанда тағы шулатты. 2 миллион доллар пара алып жатқан жерінде министрдің орынбасары Бағдат Майкеевтің қолына кісен салынды. Қазір осы атышулы жемқорлыққа қатысты тергеу жүріп жатыр.
 
Сондықтан, Президент «қорғаныс саласы құлқындарын ақша тескен арсыздардан тазартылуы тиіс. Әйтпесе, парақорлық - ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қатер төндіруі мүмкін», деді. Ал, салаға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын енді сала басшылары қатаң бақылауда ұстаулары тиіс.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл мәселеде министрге және оның орынбасарларына ескертуім жоқ. Мен қорғаныс саласы басшыларына сенемін, соның ішінде министрге де сенемін. Сондықтан, мұндай деректердің қайталанбасы үшін қажетті шара қолданылуы керек. Үлкен қаражат бар жерде, қондырғылар сатып алынып, бақылау   да мықты болуы керек. 
 
Азаттық алғалы ел әскері үнемі қамқорлықта, шыны керек. Соңғы жылдары бұл салаға 1 триллион теңге бөлінген. Ілгерілеушілік те жоқ емес. Президент жиында әскерилерге сегіз негізгі міндетті белгілеп берді.
 
Ең басты мақсат - әскерилердің әзірліктерін ширата түсу. Өйткені төңіректегі жағдай тұрақты емес, Каспийдің мәртебесі айқындалған жоқ, әрі биыл Ауғанстаннан Батыстың коалициялық күштері кетуі мүмкін. Сондықтан, Жақсыбековтің министрлігі қырағы отырып, әскери оқыту бағдарламаларын жаңа мазмұнмен байытуы керек.
 
Тағы бір үлкен шаруа - әскери техникалық базаны ең озық жабдықтармен жаңарту, әскери зауыттарды құру.
 
Үшінші бір міндет - Қорғаныс саласында кадр саясатын қайта қарау. Мемлекет өйткені, ұшқыштар құрамын даярлауға қыруар қаржы жұмсайды, ал дайын мамандар ерте зейнетке шығады. Демек, елімізде офицерлер құрамын зейнетке шығару жасы қайта қаралуы мүмкін.
 
Ең басты, ең қажет тетік - кәсіби әскери құрамның рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Сонда ғана әскер мықты әрі мығым болмақ.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрине, біздің әскеріміз дүниежүзіндегі үлкен әскерлердей болмаған шығар, техникасы мен технологиясы, космос арқылы нысананы көздейтін және басқа да техникаларымыз жоқ шығар. Бірақ, біз соған қарай ұмтылуымыз керек. Бізден кіші мемлекеттер де бар, елін қорғап жатқан. Жан-жағында анталаған жаулары бар Израиль 5-ақ миллион халқы бар мемлекет, қарулы күштері қандай! Анау Сингапурдың да қарулы күштері ешкімнен кем емес. Ал біздің олардан қай жеріміз кем? Жағдаймыз да бар, мүмкіншілігіміз де бар. Сондықтан, сіздерге артылған жүк көп.
 

Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу