Қазақстан – татулықтың бесігі
Қазақстандағы халық саны 17 миллионға жақындаса, соның 65 пайыздайы қазақ, қалғаны өзге ұлттардың өкілдері екен. Түрлі себеппен атажұртынан алыстаған ағайын бүгінде біздің жерлесіміз.
Бір жерден дәм татқан көршіміз, ауылдасымыз. Бір заңға бағынған отандасымыз. Бізбен бірге өсті-өнді, бар қиындыққа көнді. Қызығымызды бөлісті, қайғымызға ортақтасты.
Патша өкіметінің отарлау саясатымен бірге жеткен орыс-татарларды айтпағанда, бертіндегі сталиндік кезең мен тың игеру жылдары келген шешен-ингуш, қарашай-балқар, корейлердің өздері ұрпақ алмасудың 4-5 буынын өткерді.
Яғни, жатжұрттықпын деп жатырқамады, құнарлы топыраққа түскен тұқымдай жайқала көктеді, тамырланды. Тақырыпқа тұздық. Елдегі ұлттар татулығын ту қылып көтерген Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына дәл кеше 19 жыл толды.
Сонау 95-те құбылмалы кезеңде құрылған бірлестіктің бүгінде буыны бекіп, бұғанасы қатайды. Қырық рудан құралған жұрт бір мүддеге жұмылды, қызыл кеңірдек болып керіскеннің ел болып жарытпайтынын, бірлікте болса, ештеңеден тарықпайтынын ұғынды. Сол татулыққа осы күні әлем қызығады.
Салман Героев - шешен халқының баласы. Осыдан тура 70 жыл бұрын солақай саясаттың кесірімен қуғындалған ұлттың ұлы. Ол кезде бес жасар Салманның қазақ сахарасына жеткенше, әке-шешеден бірдей айырыламын деген ойы болмаған.
Бірақ амал қанша? Жол азабын көтере алмаған ата-ананың қайда қалғанын да білмейді. Ақыры ағасының бауырында өскен Салман бала сол кезде ата-ана қамқорлығын көрсеткен қазақ халқының қайырымдылығына біздің халық мәңгілік қарыздар, дейді.
Салман Героев, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі:
Сол кездегі біздің басымызға түскен нәубәтті қазақтар бірден түсінді. Достық қолын созып, қамқорлық жасады. Бір үзім наны мен бір ұрттам суын бөлісті. Аядай үйінің бір бұрышын босатып берді. Міне, дәл осы қамқорлықтың арқасында Ақмолаға жер аударылған вайнахтардың тең жартысы аман қалды.
Қазір шешен мен ингуштардың Астанада төрт мыңға тарта өкілі тұрады. Өздерінің мәдени орталықтарында жиі бас қосатын олар елдің қоғамдық өмірінен ешқашан тыс қалған емес.
Жастайынан зерек өскен Салман Ақмоладағы екі бірдей институтты үздік тәмамдайды. Агроном-экономист әрі инженер мамандығын жетік меңгерген. Кезінде комсомол, партия ұйымдарының ісіне белсене араласқан ол Астананың іргесіндегі Вичеславка су қоймасының құрылысын салуға қатысқанын мақтан тұтады.
Ал Қазақ елі тәуелсіздігін алған тұста Салман аға «Отан» партиясының Ақмола облысындағы жұмысын жандандырып, шешен-ингуш мәдени орталығын құруға тікелей мұрындық болады.
Салман Героев, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі:
Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ мемлекетінің негізін қалап қана қоймай, осы елдегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың татулығын, ауыз бірлігін нығайтқан тұлға. Қазір Қазақ еліндегі қоғамдық келісім мен достықты БҰҰ-ның ерекше бағалағаны былай тұрсын, Мәскеу мемлекеттік университеті біздің елдегі ұлттар достығын арнайы пән ретінде оқып, зерттейді. Бұл дегеніңіз, ерекше мақтанарлық жайт.
Ашаршылық, соғыс, зорлық-зомбылық, тың игеру кезінде Қазақ даласынан қаншама халықтың баласы пана тапты. Тағдырдың теперішін көрген түрлі ұлыстың өкілдерін сол кезде қазақ жұрты сыртқа теппеді.
Даласы секілді дархандығын танытып, бауырға басты. Содан да болар кезінде Қазақстан халықтар достығының зертханасы ретінде де көпке танылған.
Кеңес одағы ыдыраған тұста таулы Карабахта, Кавказда, Молдовада, Тәжікстанда бір ұлттың өкілдері өз ішінен қырқысып, ала тайдай бүлінген. Сол күндері Батыс сарапшылары енді кезек Қазақстанға келеді. Егер бұл елде де осындай тұрақсыздық болса, Қазақстан жойылып кетуі мүмкін деген пікірлер айтқан.
Алайда, тәуелсіздік таңы атысымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыстың басын қосып, ел болып ертеңімізді ойласақ, алдымен ауыз бірлігімізді нығайтайық деді. Тіпті керек болса, халықтар достығы мен елдің береке-бірлігін арттыру үшін арнайы қоғамдық институт құру туралы да бастама көтерді.
Сосын 1995-ші жылы Президент өз Жарлығымен халықтар Ассамблеясын құру туралы шешімін қабылдап, баянды бастама сөз күйінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асады.
Рас алғашында Ассамблея десе, елдің алдына түрлі ұлт өкілдерінің би билеп, ән салған сәттері ғана елестейтін. Тіпті, сол үшін құрылған ұйымдай көрінетін. Бірақ, қоғам дамуымен бірге 2007 жылы елде жүргізілген конституциялық реформаларға сай, Ассамблеяға Ата заңмен бекітілген арнайы мәртебе беріледі. Сөйтіп, алғашында Президент жанындағы кеңесші ұйым болып құрылған мекеме кейін нағыз азаматтық институтқа айналды.
Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА-ның мүшесі:
Қазақстанның бүкіл әлемге танылуы, Қазақстанның ОБСЕ-ге төраға болуы, сол ұйымның Астанада Саммитін өткізгені еліміздегі халықтың бірлігінің, татулығының арқасында болды. Міне, Қазақстан Халқы Ассамблеясы осыған ұйытқы болды.
Розақұл Халмурадов соңғы екі шақырылымға да әлгі конституциялық мәртебеге сай Ассамебляның атынан сайланған депутат. Өзбек халқының өкілі. Бірақ, өзегі Қазақ елі деп өртеніп, Парламент төрінен талай көкейкесті тақырыптарды көтергенін көз көрді. Халық қалаулысы тәуелсіздік бізге не берді деп емес, ендігі тәуелсіздікке біз не бердік деген ұстаныммен өмір кешу керек, дейді.
Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА-ның мүшесі:
Тәуелсіздікті баянды ету үшін біз Қазақстан қоғамының барлық мүшелері, бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, бір кісінің баласындай бәтуалы өмір кешуді ойлап, тер төгіп жұмыс істеуіміз керек. Міне, сонда бізде баяғы Қырғыз Республикасы мен Украинада болып жатқан, басқа елдерде болып жатқандай жағдай болмайды.
Жалпы, қазір Қазақ елінде 100-ден астам ұлыстың өкілдері бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Әрі олардың әр қайсысының ұлттық мәдени орталықтары мен жексенбілік мектептері бар.
Сондай білім ошақтарының бірі еліміз бойынша алғаш рет Павлодарда ашылған. Ұлттық «Жаңғыру» мектебі деп аталады.
Ербол Айтқұлов, ұлттық «Жаңғыру» мектебінің директоры:
Біздің мектепте сол 14 ұлттың балалары өз тілдерін оқиды, өздерінің тілінде тарихын оқиды, салт-дәстүрін оқиды. Және хореграфия, вокалы бар осындағы балаларға біздің мектеп қосымша білім береді.
Қазақ мемлекеті өзге ұлттардың өркен жайып, өз салт-дәстүрлері мен мәдениеттерін дамытуын ұдайы жағдай жасап келеді. Оның айқын дәлелі қазір елімізде толық өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде білім беретін 88 мектеп жұмыс істейді.
Тағы 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде оқытылады. Сонымен қатар, қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде - өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары да бүгінде өз көрермендері бар шығармашылық ұжым болып ұйысқан.
Ең бастысы, осыдан төрт жыл бұрын «Ел бірлігі» атты Доктринаның қабылдануына белсене атсалысқан түрлі ұлттар мен ұлыстар қазіргі таңда «Мәңгілік ел» патриоттық актісін қабылдауға да білек сыбана кірісуге құлшынып отыр.
Айбек ҚОБДАБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Астанада «Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті
27.04.2026, 10:19
Ең ұзын тирамису Гиннестің рекордтар кітабына енді
27.04.2026, 10:17
«Сазген сазы» ансамблі Венада өнер көрсетті
27.04.2026, 10:14
Түрік оқушылары арасында Қазақстан тақырыбында сайыс өтті
27.04.2026, 10:09
Қазақстандық жас инженерлер әлемдік жарыста көш бастады
27.04.2026, 10:08
Израиль Ливанға cоққы берді
27.04.2026, 10:06
Иран-АҚШ келіссөзі өткен жоқ
27.04.2026, 10:04
Кадр даярлау мәселесі қайта қаралып жатыр
27.04.2026, 10:01