Шағын және орта бизнес өкілдерін тексеруге мораторий жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын және орта бизнес өкілдерін тексеруге мораторий жарияланды

02.03.2014
Шағын және орта бизнес өкілдерін тексеруге мораторий жарияланды
Ел экономикасында қазақ кәсіпкерлерінің арқалайтын жүгі ауыр. Бірақ, олардың көбі жүк арқаламақ түгілі өз басын әзер алып жүр. Алпауыт кәсіпорындар туралы әңгіме басқа, ал шағын және орта бизнестің өкпесі қысылып, тынысы тарылып тұр.
 
Мемлекет қанша жерден жәрдем бергенімен, жаңа туған қозыдай тәлтіректеп, орнынан тұрып кете алар емес. Кәсіпкер болсам деген адам алдымен тәуекел деп, тас жұтады. Банктерден несие алады.
 
Алайда, қолдағы ақшасын ұқсата алмай, қанша жерден қолтығынан демесең де құрдымға кетеді, қарызға батады. Бізде талай кәсіпорынның ашылмай жатып жабылатыны сондықтан, бәсекеге төтеп бере алмайды.
 
Әкімшілік кедергілерден сүрінбей өту одан да қиын. Қаптаған қағаз, бітпейтін тексеріс, турасын айтсақ, кәсіпкерлерді әбден діңкелетті. Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған түбегейлі шаралар жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
 
Басты жаңалық, осы көктемнен бастап, елімізде шағын және орта бизнес өкілдерін тексеруге мораторий жарияланды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құрметті қазақстандықтар, құрметті кәсіпкерлер! Мен бүгін елдегі кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаймын. 
 
Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Бақылау қызметінде біріншіден, жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі   тоқтатылатын болады.  
 
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс.
 
Екіншіден, алдағы уақытта тексеріс жүргізу түрі түбегейлі қайта қаралып, кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге қысқарады.   Үшіншіден,   үшінші жақ алдында ерікті сақтандыруды заңнамалық тұрғыдан   бекіту қажет. 
 
Ал, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі барлық тексерістердің шамамен үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жабу рәсімдері оңайландырылатын болады. 
 
Бесіншіден, бизнеске қатысты тексерістер туралы ақпаратты Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсынып отыратын болады. Рұқсат беру саласында рұқсат беруді автоматтандыру ісі аяқталып, оның ең кемі 140 түрі электрондық нұсқаға көшірілсін. 
 
Бұған қоса, құрылыс саласындағы рәсімдер де жеңілдетілуі тиіс. Мен Үкіметке жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ, құрылысқа және инженерлік тораптарға қосылуға рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайтуды тапсырдым. 
 
Жер телімін ресімдеу мерзімі 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 күннен аспауға тиіс. Мемлекеттік органдардың тиімсіз, қолайсыз және өзектілігін жоғалтқан актілерінің күші жойылады, ал орталық және жергілікті атқарушы органдардың халыққа қызмет көрсету жөніндегі ішкі рәсімдері қайта қаралады.
 
Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, биылғы 1 маусымға дейін тиісті заңнамаға толық ревизия жүргізуге тиіс. Бизнеске ыңғайлы болуы үшін Кәсіпкерлік кодексінің жобасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңдардың барлық нормалары шоғырлануы қажет.
 
ЭЫДҰ елдерінде қабылданған реттеушілік ықпал ету қағидаты заңдық тұрғыдан бекітіледі және Қазақстанда жаңа бизнес-омбудсмен институты енгізіледі. Оның негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау.
 
Үкімет 2014 жылғы 1 сәуірге дейін рұқсат беру және хабардар ету мәселелері жөніндегі заң жобаларын, 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті жағдайларды түбегейлі жақсарту жөніндегі заң жобасын, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметі жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуге тиіс.
 
Менің Жарлығымның жүзеге асуы Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қажетті жағдайды түбегейлі жақсартуды қамтамасыз етеді. Бұл - бизнес жүргізіп отырған әрбір қазақстандық үшін нақты көмек. Кәсіпкерлердің жұмыс жағдайын ұдайы жақсартып отыру жайы әрқашан мемлекеттің басты назарында болады. 
 
Бұл - Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір маңызды қадам.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу