Сайлау деген саяси аламан басталған кезде бір-бірімізден «сіз осы қай партиядасыз?» деп сұрайтынымыз бар. «Ол не тағы?» деп таңырқай қарап, «ой сол партияңды қойшы» деп жақтырмай қалатындар да жоқ емес.
Алғаш ежелгі Грекияда пайда болған «партия» деген ұғым қазақ даласына XX ғасырдың басында келді. 1929 жылы Міржақып Дулатұлының абақтыда жатып, тергеушілерге «...Ол жылдардағы қазақ халқының жағдайы қиын еді.
Ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер үйреншікті көрініске айналды. Қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер қоныс аударушыларға беріліп, қазақтар шөлге ығыстырылды»,-дейтіні бар.
Сол кездегі қазақ зиялылары отарлық қамытын киген халкының мүддесін қорғау үшін саяси ұйым құруға бекінеді. 1906 жылы Семейде Мемлекеттік Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін Ә.Бөкейханов «Халық еркіндігі» партиясын құрмаққа талпынады.
1913 жылы «Айқап» журналының төңірегіне топтасқан М.Сералин секілді зиялылар Жалпықазақ съезін шақырмаққа бел байлайды. Бұл бастамалар түрлі себеппен аяқсыз қалды.
Дегенмен, 1917 жылғы төңкерістен кейін «Қазақ» газеті жанына топтасқан Әлихан, Ахмет, Міржақыптар «Алаш» партиясын құрады. «Алаш» ғаділдікке жақ, халі нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға байша, кедейге кедейше ғаділ жолмен салынады, ...бар жұмысшылар заң панасында болады» деген бағдарламасын тарихтан білеміз.
Қазір тәуелсіз елміз. Бізде де саяси партиялар бар. Сол ұйымдардың ішінде «Нұр Отанның» орны ерек. Елдегі ең белді де белсенді партия. Миллионға жуық мүшесі бар, елдің қоғамдық-саяси өміріне күнделікті қатысып отыратын жігерлі жетекшілері бар саяси күш.
Кеше бұл партияға 15 жыл толды. Партия қалай құрылып еді? Басы-қасында кімдер болды?
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Қымбатты менің әріптестерім! Құрметті қазақстандықтар!
Барша нұротандықтар мен «Нұр Отан» партиясы жақтаушыларын оның құрылуының 15 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - кезекті тарихи меже ғана емес, Тәуелсіз Қазақстан жылнамасының маңызды белесі. Біздің партиямыз - «Нұр Отан» партиясы жауапты саяси күш ретінде барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге бөлісіп, әрқашан еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдады және олардың орындалуына әрдайым қол жеткізіп отырды. Барлық партия мүшелері мен барша қазақстандықтарға татулық пен бақ-береке және Отанымыз - Қазақстан Республикасының ұлы болашағы жолында барлық игі мақсаттарға қол жеткізулерін тілеймін!
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Нұр Отан» партиясының негізгі мақсаты – біздің халықтың бірлігі. Ұлтына, дініне, сенімінің басқа екеніне қарамай, бір мақсат, бір мүддеге жұмыла білсек, сонда ғана экономикалық жетістікке қол жеткізе аламыз. Осы 22 жылда Тәуелсіз мемлекетте жеткен жетістігіміздің барлығы осы халықтың игілігі. Біз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан жалпы біздің Конституциямызда көп партиялықты қабылдаймыз, ізгілікті, құқықтық мемлекет жасаймыз бір ғана идеологияның жетегінде жүрмейміз деген мақсатты ұстанып келе жатырмыз ғой. Сол тұрғыда бастапқы кезде бізде неше түрлі партиялар құрылған. Одан да өту керек болды. Кезінде 40-тан астам партия болған. 90 жылдардың басында. Ал бірақ ол партияларды ешкім онша танымайды. Білмейді. Партия қай уақытта танылады. Партия мына өзінің қоғамдық істерімен, халықтың әлеуметтік жағдайына ықпал еткен жағдайда танылады.
Құмар Ақсақалов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
Былтыр партияның 15-ші съезі өтті. Сол съезде партияның жаңа Доктринасы қабылданды. Бұл Доктрина - ұзақ мерзімге арналған партияның құжаты. Билеуші партия заманға сай болуы керек.
Нұрлан Сыдықов, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:
«Жас Отан» жастар қанаты ресми түрде 2008 жылы қоғамдық ұйым ретінде құрылған болатын. Ал бұғанға дейін ол қозғалыс ретінде болған жастардың арасында. Партия құрылған 1999 жылдан бастап, оның жастар қанаты болған. Осы партия бірінші жұмыс күнінен бастап жастарға үлкен көңіл бөлді. Жастармен жұмыс жасады. 2008 жылы «Жас Отанның» өзі бір үлкен ұйым ретінде құрылғандағы себебі, өзіне ресми тұрғыда жастарды жинау, біріктіру болатын.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгін мына әлемге Қазақстанды танытып жатырмыз. Осы жұмыстың бәріне бас-көз болып жүрген осы біздің партия, партия жетекшісі - Елбасымыз.
Өлмесхан Болатбеков, «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
«Бір кісі жаққан жалынға миллион кісі жылынады» деген сөз бар. Бүгін шындығында қарап отырсақ, «Нұр Отан» партиясының басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаққан жалынына Қазақстанда тұратын барша халық жылынып отырғаны айдан анық.
Айнұр ОМАР