Тасбауыр қоғам, тастанды сәби - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасбауыр қоғам, тастанды сәби

02.03.2014
Тасбауыр қоғам, тастанды сәби

«Көкек ана», «тасбауыр әке» тумысынан тірі жетім атанған «бейбақ сәби» мәселесі бүгінгі біздің қоғамның сыздаған бір жарасы. Журналистер осы мәселені жиі-жиі көтеріп, талқыға салған сайын сол жара жазылмақ түгіл, асқынып барады. 

 
Бельгия секілді кейбір елдерде жетімдер үйі жоқ деседі. Ал бізде перзентханалардан гөрі, жетімдер үйі көбірек. Қазақстанда қазір 154 балалар үйі бар. Ал жетімдер саны 94 мыңнан асады. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел едік, мұны да көрдік.
 
Тасбауыр қоғам тастанды сәбиді қажет етпеген соң, Батыс Еуропа, АҚШ-тан қамқоршы әке-шеше табылып жатыр оларға. Жиырма жылда 8 мыңнан астам бала шекара асыпты.
 
Шетелдік ата-аналардың асырауына берілген балалардың бүгінгі хал-ахуалы қалай? Жалпы, олардың жағдайы нешік, әке-шешелері қандай адамдар, осыларды бақылап отыратын өкілетті органдар бар ма өзі?
 
Ол Қазақстаннан кеткенде 4 жаста еді. Қазір тепсе темір үзетін азамат. Бақытты.
 
Темірлан:
Америкаға келіп, осы елден өз отбасымды табу бұйырған шығар. Өмірге әкелген адамдарға еш сезім жоқ. Өйткені, оларды танымаймын. Жүрегімде қазіргі ата-анама деген сезім бар, олардың маған деген көңілін, қарым-қатынасын бағалауым керек.
 
Қазақстан шетелге бала беру көрсеткішінен жаһанда үшінші орында. Соңғы 14 жылда 9 мыңға жуық жетімекті әлемнің 30-дан астам еліне үлестіріппіз.  
 
Құлатай Ысқақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
1999 жылдан бері 50 мың 333 бала асырауға берілсе, соның 8 мың 837-сін шетелдіктер асырап алған.
 
Бізден бала асырап алуға әсіресе, АҚШ азаматтары құмар. Қазақтың жеті атаға дейін қыз алмаспайтын дәстүрі, яғни, қан тазалығы гендік тұрғыдан қатты қызықтыратын көрінеді. Шетке кеткен 9 мың қазақ баласының, алты мыңы Америкада. Кейін, Бельгия, Испания, Ирландия, Германия, Франция... Тіпті, қазақтың 34 қара домалағы Африка асқан көрінеді.
 
Дулат Омар, ҚР Бас прокуратурасының 1-ші департаментінің прокуроры: 
Консулдық есепте Африка елдерінде 36 бала, 34-і Оңтүстік Африка республикасында деген ақпарат бар.
 
Бар баланы шетелге асырып, енді санынан жаңылып жатқан жайымыз бар. Жалпы, шетелдіктер асырап алған балалар 18 жасқа дейін Қазақстан Республикасының азаматы болып есептеледі. Және олардың жай-күйін үнемі бақылауда ұстап тұру шарт. Бірақ, Бас прокуратура шетке кеткен 673 баланың тағдыры беймәлім деп отыр.
 
Дулат Омар, ҚР Бас прокуратурасының 1-ші департаментінің прокуроры: 
Бала асырап алынғаннан кейін бірінші 3 жылда әр жарты жыл сайын, яғни, жылына екі рет есеп келіп тұруы керек. Бізде ондай мәліметтер мүлдем жоқ.
 
Өткен жаздағы жантүршігерлік оқиға әлі ұмытыла қойған жоқ. Қазақстаннан асырап алған балаларын зорлады деген айыппен ерлі-зайыпты Мэйоттар 20 жылға абақтыға қамалды. Асырап алушы балаларына азғындық көрсеткен бұл бір ғана мысал емес. Сондықтан, балаларды беріп қойсақ та, көзден таса қылмаған жөн, дейді депутаттар.
 
Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
700 бала із-түссіз кетті деген жүрекке ауыр салмақ салып жатыр. Қазақ тышқақ лағы кетсе де іздейді, ол қалай дегенде де біздің ұрпағымыз ғой.
 
Қазір жоғалған жеті жүз баланы іздеу жұмыстары басталды. Білім және ғылым министрлігі ағаттық дипмиссиялардан кетті деген пікірде. Ал, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова ешқандай құзырлы орган әлі күнге дейін бұл мәселеге қатаң бақылау жүргізе алмай отырғанын айтады.
 
Жанар Байсемізова, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы:
Мәліметтер бір-бірімен сәйкес келмейді. Сыртқы істер министрлігі берген, не Білім және ғылым министрлігі берген, ресми консулдықта тіркелген мәліметтер бір-бірімен сәйкес келмейді.
 
Бұл - Юнисеф балалар қорының Қазақстандағы өкілі Джун Кукита. Ол да Қазақстан тарапынан шетел асқан балаларға бақылаудың әлсіз екенін тілге тиек етеді.
 
Джун Кукита, БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі:
Биыл Қазақстанның Балалар құқығын қорғау жөніндегі конвенцияға қол қойғанынан тура - 20 жыл. Ал, 2010 жылы бала асырап алу жөніндегі Гаага конвенциясына қол қойды. Кейде мемлекетаралық бала асырап алуда ақша үшін заңсыздықтарға жол беріліп жатады. Гаага конвенциясы аясында Қазақстан жетім баласын асырауға берген әр мемлекеттен сол балалардың тағдыры жайында кез келген мәліметті талап етуге құқы бар.
 
Прокуратура жетім балалардың тағдырына байланысты өзге де өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда 2 медбике тастанды баланы 6 мың долларға сатып жібермек болған. Сот оларды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, сау баланы ауру деп жалған диагнозбен шетел асырып жібермек болғандардың да әрекеті әшкерленді.
 
Дулат Омар, ҚР Бас прокуратурасының 1-ші департаментінің прокуроры: ОҚО-да бір қызды Америка азаматтарына берер кезде ауыр диагноз қойған. Біз тексере келе, ол диагноздың шындыққа жанаспайтынын анықтадық.
 
Сонда сау баланы ауру қылу кімге тиімді? Ауру баладан қазақстандық азаматтар ат-тонын ала қашады. Ал, ел ішінде бас тартқан баланы шетелдіктерге заңдастыру оңай.
 
Жанар Байсемізова, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы:
Шетелдіктер бір баланың соңында 2-3 жыл жүріп зорға алады. Олар өте көп қаражат жұмсайды. 30 мың еуродан бастап, агенттіке төлейтін ақша бар. Көп  қаражатын шығарады.
 
Бізде қазір шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40-қа жуық агенттік бар. Агенттіктің бір баланы өткізгенде табатын табысы 30-35 мың долларды құрайды -мыс.
 
Раиса Шер, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы:
Әлемнің 8 елінен 37 шетелдік агенттік аккредитациядан өтті. Көбісі Бельгия, Германия, Франция секілді Еуропа елдерінен. Бұрын асырап алушы елдердің саны 30-дан асатын, бақылау күшейген сайын олардың саны да азайды.
 
Шетелге беруге асықпыз, өзімізге беруге құлықсызбыз. Қазір Қазақстанда 15 мың отбасы сәби сүюге зар болып жүр, 3 мың отбасы бала асырап алуға кезекте тұр.
 
Бала асырап алушы: 
Бізге ешкім көмектескісі келмейді. Ал, шетелдік азаматтарды басқаша қабылдайды. Олар үшін бәрі дайын. Сонда жетім балаларды қазақстандық азаматтардың асырауына беру тиімсіз болғаны ма?
 
Бала асырап алушы қазақстандықтарды тежейтін тағы бір мәселе бар. Ол - мемлекет тарапынан бөлінетін көңілдің де, көмектің де аздығы. Мысалы, Израильде бір баланы асырап алған отбасыға ай сайын теңгеге шаққанда 400 мың жәрдемақы төленіп тұрады. Ал, бізде ай сайынғы жәрдемақы 40 мың теңгеден аспайды.  
 
Гүлазия Исахова, Әлеуметтік жұмыс магистрі:
Бізде қазір 38 мың қарастыралады. Баланың жәрдемақысы тек баланың өзінде қалады. Баланың керек-жарағына жетпейді.
 
Раиса Шер, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы: 
24 мың бала өз отбасын ел ішінен тапты. 2004 жылдан бастап потранаттық тәрбиешіге жалақы мен жәрдемақы беріле бастады. 2011 жылдан бастап ата-анасынан айырылған баланы қамқорлығына алған азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы тағайындалды. Енді 2015 жылдан бастап бала асырап алушы отбасыға төленетін бір реттік жәрдемақы көлемі 75 айлық есептік көрсеткішке ұлғаймақ.
 
Темірлан Қазақстанды келіп көргісі келеді, туған қаласы Алматыны жиі еске алады. Мұхиттың арғы жағында жүрсе де, бәрібір туған елі оның жүрегінде.
 
Темірлан:
Мен өз тамырымды жоғалтпаймын. Басқа елде болсам да мен бақыттымын. Бірақ,  өз ұлтыма, тарихыма қиянат жасағым келмейді. Қазақстанда да, АҚШ-та да үйім болса деп тілеймін.
 
Бір дерек - қазір жетім балалар біздің елде азайып келеді. Мысалы, былтыр Қазақстан бойынша жетімдер үйінің 9-ы жабылған. Яғни, оң өзгеріс бар деген сөз. Түбі «жетімін жылатпаған ел едік...», деп сеніммен айтар күн туар.   
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу