Жұртшылықпен жүздесіп, хал-ахуалдарына қанығып, осы дүйсенбіде жайлы орындарына қайта жайғасты. Алыстағы ауылдардан арқалап жеткен арыз-шағымдарын аударыстырып, депутаттық сауал жазып жатқан да болар.
Қайда барды, кімдермен жолықты, қандай мәселеге қозғау салды? Оны алдағы уақытта айта жатар. Ал, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы аптада Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды.
Жолдауда жүктелген міндеттерді бүге-шүгесіне дейін талқылап, елдің көзқарасын білу – мақсаты.
Миллионға жуық мүшесі, барлық өңірде бастаушы ұйымдары бар, елдің қоғамдық-саяси өміріне күнделікті қатысып отыратын жігерлі жетекшілері, мемлекеттегі ахуалды сараптап-сұрыптап отыратын институтары бар саяси күш. Сондықтан, пышақ жүзіндей өткір мәселелерді назардан тыс қалдырмауға тырысады.
Қазір жер-жерде «Нұр Отан» партиясы филиалдарының кезектен тыс конференциялары өтіп жатыр. Оның мақсаты – жетістікті тізбелеп, Президент Жолдауын түсіндірумен шектелмей, керісінше Жолдаудағы міндеттерді жан-жақты талқылап, жұрттың көзқарасын сұрыптау.
Міне, осындай алқалы отырыстың бірі осы аптада Таразда өтті. Оған партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те қатысты. Көптеген көкейкесті тақырыптар талқыланған конференцияда партияның облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сайланды.
Сосын саяси кеңестің құрамындағы мемлекеттік қызметкерлердің қатары қысқарып, олардың орнына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге жастар кірді.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Тек қана өткен жылдың ішінде партиямызға 800 мыңнан астам адам жеке мәселемен келген. Соның 130 мыңын біз бақылауға алдық. Біздің негізгі мақсатымыз - «Нұр Отан» партиясының бағдарламалардың нәтижелі орындалуы, ақшаның игерілуі, халықтың мәселесін шешу. Сол себептен, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық партиялық бақылауды депутаттар арқылы күшейтетін болады.
Бүгінде Әулиеата жерінде 83 ұлт пен ұлыстың өкілдері тату тәтті тұрып жатыр. 25 мәдени орталыққа топтасқан олар қоғамдық өмірден ешқашан шет қалған емес.
Таразға сапары кезінде Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек аймақтағы Ассамблея мүшелерімен кездесті. Онда этномәдени бірлестіктердің жетекшілері «Нұр Отан» партиясы Доктринасының ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайту саласына арналған тұстарын талқылады.
Фарида Мамедова, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми сараптамалық топ жетекшісінің орынбасары:
Мақсатымыз - жастарға 2050 стратегиясын насихаттау. Осыны талқылап, жастарымызды төзімділік жолына қою. Жұмыссыз қалған, оқуға бармаған жастармен көп жұмыс істейміз. Оның үстіне басқа ұлт өкілдері бар. Біз көп мәселелерді анықтап, шешу жолдарын тауып соны ұсынамыз.
«Кедергісіз келешек». Бұл «Нұр Отан» партиясы қолға алған тың бастама. Осы жоба аясында Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып алғаш рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Оған қатысқан 40-тан астам түрлі кәсіпорындар өздеріне қажетті мамандарға жаңа жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар еңбек заңнамалары және мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша мамандардан кеңес алды.
Шара барасында Бауыржан Байбек жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, «Кедергісіз келешек» жобасына қатысты пікір алмасты. Жалпы, осы шараны бастағалы еліміз бойынша «Нұр Отан» партиясына 9 мыңнан астам жарымжан жан көмек сұрай келсе, қазір олардың 500-ден астамы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Руслан Төлегенов, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, екінші топтағы мүгедек:
Бауыржан Қыдырғалиұлы, Сіз осыдан тура бір жыл бұрын Жамбыл облысына келіп, мүгедектермен кездестіңіз. Сол кездесуде көптеген келелі проблемалар көтерілген болатын. Бүгінде сондағы айтылған мәселелер толығымен шешіліп жатыр.
Жамбылда өткенде жәрмеңкеде 200-ден астам мүгедек жан өздеріне жұмыс тапты. Ал «нұротандықтар» болса «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы биыл бес мың мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтымақ ниетте.
Сонымен қатар, көшбасшы партия әлеуметтік нысандардағы түрлі кедергілердің жолын кесіп, мүгедектердің мүміндігіне кереғар келетін бөгеттерді билік пен бизнес өкілдерін бірлестіре отырып шешуге күш салмақ.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев өздеріңіз білетіндей Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесу жөнінде тапсырма берді. Сол себептен, біз қазір аймақтармен, біздің өңірлердегі «Нұр Отан» партиясы филиалдарының басшыларымен бірге үлкен жұмыс бастадық. Бүгін Елбасының, «Нұр Отан» партиясы төрағасының тапсырмасы бойынша осы облысқа келдім. Жалпы, бүгін жәрмеңке бойынша кәсіпкерлеріміз 294 жұмыс орнын ұсынып отыр.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Байзақ ауданындағы «Қызыл жұлдыз» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесіп, оларға жаңа үлгідегі партия билеттерін табыстады. Саяси ұйым мүшелерін партияның құрылғанына 15 жыл толуымен құттықтады.
Айта кету керек, партияның жаңа нұсқадағы билеттері жылдың соңына дейін тегін ауыстырылады. Ал партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің аймақтарға сапары келер апталарда да жалғасады.
Айбек ҚОБДАБАЙ
Ғани ҚАЛМАХАНОВ