Атқарушы билік осы аптаны ат үстінде өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атқарушы билік осы аптаны ат үстінде өткізді

16.02.2014
Атқарушы билік осы аптаны ат үстінде өткізді
Қаңтарда Президенттің Жолдауын тыңдап, тапсырмасын алғалы Ахметовтің Үкіметінде ғана емес, Тоқаев пен Нығматулиннің Сенаты мен Мәжілісінде де тыным жоқ.
 
Заң шығарушы биліктің біраз өкілі де осы аптаны  ат үстінде өткізді. Үнемі үнсіз қалмай, қоғамдағы қордалы мәселелерді жоғарыға бүкпей жеткізетін белсенді депутаттар да, маужыраған баладай есінеп, қалтарыста қалта телефонын шұқылап отыратын кейбір елеусіздеу депутаттар да он шақты күн болды, аймақтарды аралап, халықпен кездесіп жүр.
 
Мақсат- көрген-білгендерін, көкейге түйгендерін саралай отырып, Жолдауда жүктелген бағдарламаларды әзірлеу, бұған дейінгі іске асқан шаруалардың орындалу барысымен танысу. Құптарлық іс. Астанадағы жылы бөлмеде қағазға көміліп отыра бергеннен, алыстағы ағайынның жағдайы түзелмесі анық. Бірді-екілі мәжіліс-мәслихат өткізгенмен, мәселенің шешілмейтіні тағы белгілі.
 
Жолдауды түсіндіру үшін емес, жұрттың Жолдау туралы ой-пікірін тыңдап, маңызды пікірлерді ескеру үшін халық қалаулылары осы аптада аймақтардағы сапарын одан әрі жалғастырды.
 
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған топ оңтүстікті аралады. Жұмысшы қауыммен кездесті, студент жастармен кеңесіп, жұртшылықты жеке өтініштері бойынша қабылдау өткізді. Cосын «Мәңгілік ел» жалпыұлттық тұжырымдама төңірегінде көпшілікпен ой бөлісті.
 
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Елбасының биылғы Жолдауы бүкіл елімізге, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына да ерекше серпін беруде. Онда айтылған әрбір міндет   жаңа өндіріске, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, инновациялық бағдарламаларға, жаңа табыстарға жол ашып отыр. Сондықтан, бұл Жолдауды орындауға әрбір азаматтың өз үлесін қосуы үшін мүмкіндіктер өте зор. Осының барлығы  біздің асыл мұратымыз, ұлы мақсатымыз - «Мәңгілік ел» болу жолындағы нақты қадамдардың бірі.
 
Еліміздің теңіз қақпасы саналатын - Ақтау порты жүк тасымалын жақын болашақта екі есеге арттырады. Қазір осыған байланысты мұнайшылар шаһарында құрылыс қарқын алды.
 
Порт жаңа бағыттар бойынша тасымалды арттырып, өңірдің экономикасын әртараптандыруды мақсат етіп отыр. Негізі Ақтау порты арқылы өткен жылы 10 миллион тонна жүк тасымалданған. Оның 6 милион тоннадан астамы – «қара алтын», қалғаны астық пен металл. Енді порттың солтүстік бөлігі 40 гектарға дейін кеңейтіледі. Онда үлкен үш айлақ салынады.
 
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Көлік логистикасын дамыту барысында халықаралық сауда бағытындағы кедергілерді алып тастауға тиіспіз. Бұл - Президентіміздің берген тапсырмасы. Заңға өзгерту енгізу қажет болса, біз Көлік және коммуникация министрлігімен біріге отырып, бұл мәселені қарайтын боламыз.
 
Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Қазақ Ұлттық техникалық университетінің студенттерімен кездесті. Осындағы «Қазақстан-Француз» білім беру орталығында өндіріске енуге дайын тұрған инновациялық жобалармен танысты.
 
Индустриалды бағытты ұстанған елімізде кадрларға сапалы білім беріп, өндіріске тарту керек. Бұл бағытта халық қалаулысы алдымен оқытушыларды қайта даярлаудан өткізуге мән беру керектігін баса айтты.
 
Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет өкілдері Рудныйда көшпелі кеңес өткізді. Аймақтың экологиялық жағдайын саралап, түйінді мәселелерді талқылады.
 
Қостанай облысы бойынша өндіріс қалдықтарының 60 пайызы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатына тиесілі. Зиянды қалдықты сыртқа шығарудан Тобыл өңірі - республикада екінші орында. Ал мұндай зиянкеспен күресу үшін өндіріс ошақтары алдымен өз нысандарына ауаны ластамайтын озық технологияларды енгізуі тиіс. 
 
Егор Каппель, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Елбасы өз Жолдауында ұлт денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың негізі  екендігін қадап айтты. Бұл тұрғыда экология мәселесі де басты назарда. Мына мәліметтер де көп жайтты аңғартады. Мәселен, Қостанай облысы бойынша, табиғатты қорғау шараларына былтыр 5 миллиард теңге қарастырылған еді. Ал шындығында 6,5 миллиард теңге жұмсалды. Біз комбинаттың бірнеше өндіріс орындарында болдық. Болат балқытып, металл алады. Үздік демесек те, табиғат қорғау ісіне жақсы деген баға қоюға болады.
 
Сенаттың бір топ депутаты Павлодардағы картон-руберойд зауытының жұмысшыларымен кездесті. Мұнда 300-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Кәсіпорын бәсекеге қабілетті өнім шығарудың жаңаша технологияларын игеруге кіріскен. Әрі еңбек өнімділігіне сай жалақыны арттыру тетігі де зауытта оң шешімін тапқан.
 
Асхат Күзеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бірте-бірте ол тапсырма орындалады. Өйткені, халық оны көріп-біліп отыр. Екінші жағынан, басшылар саяси түсініктері мол азаматтар. Сондықтан, олар бәрін орындайды, деп сенемін.
 
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Үржар, Аягөз, Жарма аудандарына қарасты 10-нан астам елді мекенге барып, халықпен жүздесті. Шалғай жатқан ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдады. Маңыздыларын көкейге түйіп, түртіп алды.
 
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Елбасымыз халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударып отыр. Ауыл тұрғындарымен, сайлаушылармен кездескен кезде, халық мұны толық қолдайтындарын білдірді. Өйткені, қазір біз ауыл шаруашылығын дамыту арқылы экономикамызды дамытамыз және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды салу арқылы біз ауылшаруашылығы өнімдерін бәсекеге қабілетті ете аламыз.
 
Президент биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге жіті мән беруді тапсырған. Бұл бастама әсіресе, жарымжан жандардың көңілін өсіріп, мерейін тасытты.
 
Алматы облысының қарттары мемлекетке деген риясыз алғысын бір топ халық қалаулыларымен кездесу кезінде жеткізді.
 
Серікбай Нұрғисаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мүгедектер жергілікті биліктің қолдауымен шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлес қоссақ, деген тілектерін жеткізуде. Оларға өздері табыс табатындай заң жүзінде мүмкіндік жасауымыз керек.
 
Елбасы биылғы халыққа Жолдауында әлеуметтік сала қызметкерлері мен студенттердің шәкіртақысын өсіруді тапсырды. Бұл бастама әсіресе, ауыл-аймақтардан келген жастардың тұрмыстық жағдайын оңалтып, білімге деген құштарлығын арттырады.
 
Болашаққа бағыт-бағдар беретін стратегиялық құжатты Алматы технологиялық университеттің ұжымы мен сенат депутаты Ақан Бижанов талқылады. «Қазақстан бүгінде тәуелсіз, іргесі берік мемлекет, сондықтан, мұнда тұратын әрбір жас халықаралық талапқа сай білімді болуы шарт», дейді халық қалаулысы.
 
Ақан Бижанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Жастарды тәрбиелеу, оқыту мәселелері, олардың болашағы Жолдауда жан-жақты айтылған.
 
Осылайша, екі апта  бойы аймақтарды аралаған депутаттар ертеңнен бастап, Елордадағы жұмыстарына қайта кіріседі.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ 

Хабарламаларға жазылу