Мемлекет дамуының кілті – интеграцияда
Біз де құптаймыз, Сіз де құптарсыз. Мемлекет дамуының кілті - интеграцияда жатыр. Анау Солтүстік Корея, Куба секілді бір сабақ жіп әрі, бір сабақ жіп бері жібермей, тоңтеріс тұмшаланып отырып алғаннан ұтарымыз шамалы.
Одан гөрі әлеммен сәлемді түзеп, қабағы қату көршіні тату көршіге айналдырып, өзіңде жоқты өзгеден алып, себелесе күн көргеннің несі айып? Еуразиялық экономикалық қауымдастық кейіннен Кедендік одақ сияқты экономикалық құрылымның өмірге келуіне сеп болғаны белгілі.
Одақ аясындағы үш мемлекеттің иық тірестіре, иі қанған түйткілді мәселелерді шешуге ұмтылысы ендігіде Еуразиялық Экономикалық одақты құруға деген беталысын аңғартқандай.
Дегенмен, бастапқы кезде Кедендік одаққа қатысты кедір-бұдыр пікір көп болғанымен, кедергілі мәселелер едел-жедел болмаса да ептеп шешіле бастады. Күмән де сейіле түсті. Кәсіпкерлер не дейді?
Бұл - Кеңес Одағы ыдыраған тұста Ақтау қаласында «Ақбөбек» атты Қазақстан-Италия біріккен аяқ киім фабрикасын ашып, тоқырау жылдары тірлігін тіктеген кәсіпкер - Алашыбай Баймырзаев.
Елдегі экономикалық дағдарысқа қарамай, ісін ілгері бастырған кәсіпкердің жұмысымен сол жылдары Президент арнайы келіп танысады. «Бұл - біздің экономикалық саясатымыздың оңды нәтижесі әрі алғашқы қарлығашы» деп бағасын да береді. Тіпті, сол кездегі Италия мен Түркия газеттері фабрика жұмысын жарыса жазады. Одан кейінгі жылдары мемлекеттік қызметте істейді.
Алайда, бүйрегі бұрып, жүрегі қалаған соң кәсіпкерлікке қайтып келеді. Екі жыл жүріп несиеге қол жеткізген соң, Қапшағай маңындағы Шеңгелді ауылынан 50 гектар жер алады.
Алғашқыда 15 шақты жұмысшы болады. 2 трактормен тірлігін бастап, картоп пен пияз егеді. Ал, бүгінде шаруашылықтың 850 гектар жері бар. 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусым кезінде 150 адамға дейін мұнда жалданып жұмыс істейді.
Алашыбай Баймырзаев, «Жетісу Агро» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, кәсіпкер:
Барлық жерде барлық бастамаға кедергі табылады. Бірақ, сол кедергінің бәрін жеңіп шығуың керек. Жатқанға өзінен өзі келмейді, еңбекпен келеді. Сосын қасыңдағы қызметкерлерің саған сенуі керек.
Кәсіпкер жұмысы тұралаған соң тауарларын тек Қазақстан ғана емес, Ресейдің де бірнеше қалаларына шығарып жүреді. Бірақ, өндірген өнімді шетелге шығаруда көп қиындықтармен бетпе-бет келді. Ал, Кедендік одаққа кіру көп кедергілерден құтқарды,-дейді.
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:
Бұл пияздарды Қазақстанның барлық облыстарымен қатар, Ресейдің Омск, Томск, Новосібір сынды бірнеше қаласы тұтынады. Кедендік одақтың осы шаруашылықтың өзіне тигізіп отырған пайдасын айтар болсақ, одаққа кірмей тұрғанда мұндағылар тауарды ресейліктерге өздері жеткізіп беретін. Ал, одаққа кіргелі олардың өздері келіп алады. Әрі баға Ресейдің ақшасымен есептеледі де, Қазақстандағы баға үстіне тағы 20-30 пайыз қосылады.
Алашыбай Баймырзаев, «Жетісу Агро» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, кәсіпкер:
Кедендік одақтың бізге жақсылығы - біздің өрісімізді кеңейтті.
Кедендік одақ кәсіпкерліктің әлемдік саудаға шығуына сеп болып, екінші тынысын ашары сөзсіз. Бір жағынан өзгенікімен өзіміздікін салыстырып, кемшіліктерімізді көруге мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде мұндағы пиязға Ресей мен Оңтүстік Кореяның қызығушылығы артып отыр. Сұраныс жақсы болған соң, тіршілік те қыза түсуде. Тынымсыз еңбек етіп жатқан шаруалар қара жұмыспен де қара қазанды қайнатуға болады,-дейді.
Тұрсынай Байжанова, жұмысшы:
Осында жұмыс жасап жатқаныма 3 жыл болды. Екі ұлым сушы болып істейді. Қысы-жазы жұмыс табылады. Күніне 100-150 қап пияз іріктейміз. Күніне 4000-4500 теңге аламыз.
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:
«ЖетісуАгро» ЖШС-нің жылына табатын таза табысы кем дегенде 1 миллион АҚШ долларына дейін жетеді. Тәжірибесі мол кәсіпкер «Әлемге әйгілі болу үшін алып фабрика салудың қажеті жоқ. Тауарың сапалы болса, сатып алушы қашанда табылады және қара жұмыстан қашпау керек», дейді. Оған бір ғана мысал, Италияның 25 мың ғана тұрғыны бар Монте Белуно қаласында 300-ге тарта шағын фабрика-зауыт бар. Ондағылар 5-6 адамнан бірігіп болса да, шағын кәсіппен айналысуға тырысады. Соның арқасында, қаланың экономикасы жоғары, халқының қарны тоқ, ешкім үкіметке өкпелемейді, тек ерінбей еңбек етеді.
Алашыбай Баймырзаев кәсіпкерлік саласындағы зор жетістіктері үшін Қазақстан Президентінің алғыс хатымен, сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан арасындағы достық-ынтымақтастықты, экономикалық байланыстарды нығайтқаны үшін 2007 жылы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Жарлығы бойынша Бірінші дәрежелі «Ұлы Петр-I» орденімен марапатталған.
Кәсіпкер Кедендік одақ отандық тауар айналымын арттырып және оны өткізудің ауқымы кеңейтеді. Тек кемшіліктер кетпес үшін, құжат дайындауға міндеттілер жауапты болуы керек,-дейді.
Алашыбай Баймырзаев, «Жетісу Агро» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, кәсіпкер:
Кеден одағы бізге ешқашан ешқандай қауіп төндірмейді. Ол ойланып істелінген нәрсе. Қауымдастық болған кезде біз Ресейге де, Беларуське де барып, өз кемшіліктерімізді көре аламыз. Оның ешқандай зияны жоқ. Басшымыз біздің мүддемізді қорғайды. Сол кісінің қарамағындағылар кемшіліксіз, қатесіз құжаттар дайындауы керек. Қайта біз көп нәрсе үйренеміз, олар да үйренеді.
Үш мемлеккеттің «үштік одағы» - үлкен істерге бастама. Сауда саласына салмақ беру арқылы, нарық негізін құрау мақсат. Хош, сонымен, келешегі кемел деп күтілген Кеденнен нақты нені көреміз?
Тізіп, теріп көрейік. Алдымен, біртұтас көліктік, энергетикалық, ақпараттық кеңістік құрылуы тиіс. Одан әрі интеграциялық процестер жеделдетіліп, толыққанды жалпы нарық қалыптасады деп күтілуде. Жеке кәсіпкер жұмысына да жылымық әкелмек. Себебі, кедергі көп болмайды.
Кеденнен кемістік іздеудің қажеті жоқ. Керісінше, көршілермен алыс-беріс, барыс-келістің көлемі ұлғаймақ. Экономикалар еншісін түгендеу. Бәсекенің байыбына бару. Қаржылық қатынас. Қала берді, қайнаған сауданың өзегі тараптық тәжірибе болып беки бермек.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Түркістан облысында жас шахматшылардың турнирі өтті
27.04.2026, 13:20
Астанадағы индустриялық парк аумағына мың көшет екті
27.04.2026, 13:15
Экологиялық акция өткізу туралы меморандумға қол қойылды
27.04.2026, 13:12
Қостанай облысының ауылдарында дәрігер тапшы
27.04.2026, 13:09
Буллингке қарсы жаңа жедел жүйе іске қосылды
27.04.2026, 13:06
Шымкентте құмар ойын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
27.04.2026, 13:03
Алаяқтардың жаңа айласы анықталды
27.04.2026, 13:00
Астанада «Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті
27.04.2026, 10:19