Нидерланд - Қазақстан үшін ірі инвесторлардың бірі
Ақордадағы кездесуден соң, біз Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрі Тиммерманс мырзамен екі елдің қарым-қатынасы турасында сұхбат құрған едік.
- Министр мырза, Ұлттық арнаға арнайы сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Астанаға алғаш келуіңіз бе?
-Иә, Қазақстанда бұған дейін болғанмын. Алайда, одан бері бірталай уақыт өтті. Ал, Астанада ешқашан болған емеспін. Міне, енді ғана сәті түсті.
- Қазақстан мен Нидерланд арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?
-Біз - серіктес елдерміз. Және Нидерланд - Қазақстан үшін ірі инвесторлардың бірі. Бұған қоса, халқының саны жағынан ұқсас елдерміз. Екі мемлекетте де 17 миллион адам тұрады. Алайда, біз жер аумағы бойынша шағын ғана елміз, ал сіздер өте үлкен мемлекетсіздер. Әрине, құрылымдық жағынан өзгерістер бар. Дегенмен, екі жақ та бір-бірі үшін маңызды, бір-бірін толықтыра алады. Біз сіздерде барды бағалаймыз, сіздер біздегі барды бағалайсыздар.
- Наурызда Гаага қаласында Ядролық қауіпсіздік саммиті өтеді. Ол саммитке Қазақ Президенті Назарбаев та барады. Әлем бұл саммиттен не күтеді?
-Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану маңызды дер едім. Осы энергияның арқасында үйімізді жылытамыз, кәсіпорындарды электрмен қамтамасыз етеміз. Оны науқастанған адамды емдеуге де қолданамыз. Алайда, бір нәрседен абай болған жөн: атомдық энергия өндіруге қажетті материалдар пиғылы жаман адамдардың қолына түспеуі керек. Ядролық саммитте әлем елдері бас қосып, дәл осы материалдардың лаңкестердің иелігіне өтуіне тосқауыл қоюдың жолдарын талқылайды.
- Президент Назарбаев «Қазақстан - Нидерланд» іскерлік кеңесін құру мәселесіне тоқталды. Мұның маңызы неде?
- Бұл - өте жақсы идея. Президент Назарбаев мұндай ұсыныс жасай отырып, мүлде қателескен жоқ. Екі жақтың кәсіпкерлері бірге отырып, өзара мүддеге негізделген проблемаларды талқылауы керек. Осындай кеңестің арқасында шешімін күткен проблемалардың түйінін тарқата аламыз. Қазақстан бизнесмендері бізге көбірек келіп бизнес жасай алады, ал біздің инвесторлар алдағы екі жылда Қазақстанға келіп, дамуға үлес қосатын мүмкіндікке ие болмақ.
- Шынын айтуымыз қажет, Қазақстан азаматтарына Нидерландқа баруы үшін Шенген визасын алу бүгінде оңай шаруа емес. Виза алуды жеңілдету саясаты ойда жоқ па?
- Күмәнім жоқ, біз Қазақстан азаматтарының Еуропа одағы мен Нидерландыға сапар шегу жолдарын оңайлатуымыз керек. Меніңше, визалық режимді адамдардың саяхаттауы үшін қалай жеңілдетеміз деген мәселені Қазақстан үкіметімен бірлесе талқылаудың өзі жақсы идея. Еуропа елдерінің Астанадағы елшіліктерінің алдында ұзынсонар кезекті көргім келмейді. Біз Украинамен, Ресеймен визаны либерализациялау жөнінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселені Қазақстанмен де талқылауымыз керек.
- Қазақстан астанасында 2017 жылы әйгілі EXPO халықаралық көрмесі өтеді. Көрмеге келу жоспарыңызда бар ма?
- Әрине, мен де EXPO-ға келгім келеді. Күмәнім жоқ, Нидерландының алдағы айтулы оқиғаға белсенді түрде қатысқанына куә боласыздар. Өйткені, бұл жасыл энергияға, өміршең энергияға, тұрақты экономикаға көшу жөніндегі көрме ғой. Мұның барлығы - Нидерланд үшін өте маңызды. Біз жасыл энергияны экономиканың барлық салаларына, әсіресе, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығына енгізуге үлес қосқымыз келеді.
- Спорт туралы сұрағым келеді. Голландия спортшылары 1900-шы жылдан бері өткен Олимпиадаларда 324 медаль алыпты. Оның 96-сы алтын. Сіздің халықты қысқы спорт түрлеріне жақын деп естиміз. Сочи Олимпиадасынан қандай үміт күтесіз?
- Біз Сочи Олимпиадасын тағатсыздана күтіп отырмыз. Өйткені, Қысқы ойындар Нидерланды үшін әрдайым маңызды болған. Конькимен жылдам жүгіруден алтын медаль алған кездеріміз болды. Бұл жолы да сондай жүлденің көбіне ие боламыз деп үміттенеміз. Қазір бобслей тәрізді Альпі спортының өзге түрлерінен де шеберлігіміз шыңдалып келеді. Әсіресе, голландиялықтар конькимен жүгіруден өтетін жарысты ұлт болып тамашалайды.
- Сіздің ойыңызша осы заманғы саясаткер қандай болуы керек? Қандай қасиеттерге ие болу маңызды?
- Өте қызық сұрақ. Егер сіз голландиялықтардан жеке өмірде бақыттысың ба деп сұрасаңыз «иә» деп жауап беруі мүмкін. Алайда, қоғамдық өмірге олар аса риза емес. Өйткені, саясатқа, саясаткерлерге көңілдері толмайды. Нидерланд сияқты елде бүкіл елге жағу қиын. Меніңше, бізде халықтың сенімін ақтау үшін бірнеше жайтты ескерген жөн. Біріншіден, айқын сөйлеу керек, яғни, әрбір адам сені түсінуі тиіс. Екіншіден, артық уәде берудің қажеті жоқ. Қысқасы, «арық сөйлеп, семіз шыққан жөн». Саясаткер ашық болып, елмен байланыс орнатып, жас толқынның жүрегіне жол таба білгені абзал. Себебі, бүкіл әлемде сіздің замандастарыңыздың өзгемен тілдесуге, болашаққа, саясатқа деген көзқарасы мүлдем басқаша.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Түркістан облысында жас шахматшылардың турнирі өтті
27.04.2026, 13:20
Астанадағы индустриялық парк аумағына мың көшет екті
27.04.2026, 13:15
Экологиялық акция өткізу туралы меморандумға қол қойылды
27.04.2026, 13:12
Қостанай облысының ауылдарында дәрігер тапшы
27.04.2026, 13:09
Буллингке қарсы жаңа жедел жүйе іске қосылды
27.04.2026, 13:06
Шымкентте құмар ойын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
27.04.2026, 13:03
Алаяқтардың жаңа айласы анықталды
27.04.2026, 13:00
Астанада «Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті
27.04.2026, 10:19