«Ел атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ел атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек»

09.02.2014
«Ел атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек»
«Еліміздің атауын уақыт өте келе, «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар». Бұл біздің емес, Президенттің пікірі. Атырауда жұртпен кездескенде  әңгіме арасында айтылған пікір бұл.
 
«Бірақ,-деді Президент - бұл мәселені алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салған жөн». Негізі ел атауын өзгерту тәжірибесі жаһанда бар. Басқасын былай қойғанда, ағайын есепті қырғыз жұрты да қазір ресми түрде Қырғыз Республикасы аталады. Бұрын Қырғызстан еді.
 
Президенттің тың ұсынысын халық қызу талқылай жөнелді, дені қолдайды. Сондай-ақ, Қазақ еліне балама ретінде, Қазақ мемлекеті, Қазақия деген атауларды да ұсынып жатқан азаматтар бар.
 
Әзірге ұсыныс, түбі шындыққа айналарына сенім бар. Мәңгілік ел идеясына жұмылған жұрттың мемлекеті - Қазақ елі атанса, ешкімнің несібесін тартып алмасы анық.
 
Сөз ауанынан аңғарып отырған боларсыздар Президент осы аптада Атырауға барды. Мұнай өңдейтін зауытты көрді, мектепті аралады, жұртпен кездесті.
 
Атырау атырабы бұл. Қазақтың қазыналы мекені. Президент Зияткерлік мектепке барды. Химия мен биологияны бағыт қылған бұл мектеп былтыр қыркүйекте ашылды.
 
720 балаға шақталған және 120 орындық жайлы жатақханасы да бар. Қойын-қонышы мұнай мен газға толы өңір үшін химия мен биологияның мәні айтпаса да түсінікті.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осыдан бес жыл бұрын осындай мектептердің 20-сын Қазақстанда салу туралы шешім қабылданған. Себебі, қазіргі заманда мынау бағдарламамызды орындау үшін сауатты адамдар керек, сауатты мамандар керек. Ғылымды игере білетін адамдар керек. Бес саусақ сияқты адамның барлығы бірдей емес. Біреудің деңгейі былай болады, біреудікі былай болады. Кейбіреу жұмысқа, кейбіреу ғылымға бейімделеді. Сондықтан, сараптап алып, осындай мектептерде оқытатын болсақ, басқа мектептерге үлгі.
 
Зияткерлік мектепке ұмтылушы көп. Былтыр бір орынға он бала үміт білдіріпті. Беделін осындан-ақ аңғара беріңіз. Дәл осы мектепте Мемлекет басшысы өңірдегі игі жақсылармен кездесіп, әңгімелесті.
 
Пікірлерін білді, өз пайымдарын жеткізді. Жаңағы «Қазақ елі» туралы ой да осы жерде айтылды. Түрткі болған жазушы Рахымжан Отарбаевтың сауалы. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің бір ұлттық идеямыз болу керек деп жүр ғой. Сол ұлттық идеямыз - Мәңгілік ел. Мәңгілік ел тек қана экономиканың өзгерісіне емес, халықтың деңгейінің өсуіне байланысты. Озық отыз елдің арасына кіру үшін тек қана ішкі өнімнің деңгейінің өскені жетпейді, сол деңгейдегі білім болу керек халықта, сол деңгейдегі денсаулық сақтау мәселесі болу керек, халықтың мәдениет деңгейі де сол шамада болуы қажет. Сондықтан, бұл бағдарлама халықты барлық бағытта әкеліп тоғыстыратын мәселе. Менің тағы  ойлап жүргенім, Қазақстанның атауын Қазақ елі деп өзгерту керек шығар.
 
Мемлекеттің атын өзгерту оңай шаруа емес. Президент бұл бастаманы халықтың талқысына салуды меңзеді. Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев бастаманы сауатты талқыға салсақ, көптің қолдарына сенімді. «Қазақ елінің перзентімін деп мақтанышпен айтсақ, қандай жарасымды», дейді жазушы. 
 
Рахымжан Отарбаев, жазушы, драматург:
Елбасы: «Болашақта мемлекетіміздің атауын Қазақ елі деп атасақ, бұл көкейімде көптен бір пісіп жүрген мәселе еді. Осыны мынау Атырау топырағында алғаш рет айтып тұрмын және мұны кең көлемде шешіп, халықпен ақылдасып барып жүзеге асырсақ», дегенде бүкіл ел бұл жаңалықты асқан қуанышпен қабылдады.
 
Атырауда айтылған ой сол заматта Арқаға жетті. Бұл кісіні білесіздер, елім дейтін ер - Тоқтар Әубәкіров. Батыр қазақ, ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ. Бастаманы қолдайды.
 
Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер, Халық қаһарманы:
Мен бұл идеяны қолдаймын. Себебі, қазақ болсын, орыс болсын, неміс болсын - Қазақ елінде тұрып жатыр. Сондықтан, Қазақстан емес, Қазақ елі болуы керек.
 
Қазақ елі туралы бастаманы қазақтың елі талқылап жатыр қазір. Ақын – Несіпбек Айтұлы айтады: Президенттің бұл пікірі орынды. Қазақстанды - Қазақ елі деп атауға толық негіз де, мүмкіндік те бар.
 
Несіпбек Айтұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Мәңгілік ел деген қандай ел, кімнің елі? Осылай деп сұрағанда, Қазақ елі деген атау сұранып тұр. Елбасының  ел атауын Қазақ елі деп өзгертсек қайтеді деген ойы - өте орынды. Бұл әлдеқашан өзгеруі керек еді. Мысалы, кеше Кеңес заманында Қазақ Республикасы еді ғой?

 

Бастама бар, енді ел болып сол бастамаға басқаны да көндіріп, жүзеге асыру міндет. Хош. Астанада аялдамай Атырауға қайта оралсақ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Атыраудың мұнай өңдеу зауытына да барды.
 
Ірі кәсіпорын. 2,5 мың жұмыскері бар, былтыр - 4,17 миллион тонна мұнай өңдеген. Осы жерде Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, әкімнің есебін де тыңдады.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу