«Елдестірмек елшіден». Ақордада осы аптада бес бірдей елші: Жапония, Пәкістан Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Нидерланды Корольдігі және Ауғанстан Ислам Республикасының елшілері сенім грамоталарын тапсырды.
Дипломаттардың әрқайсысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсыра тұрып, өздері өкіл болып отырған мемлекеттер атынан тату да сенімді серіктестік үшін алғыстарын білдірді.
Елшілер арасынан біздің бай да көркем тілді үйреніп қалған бірді-екілі елші лебізін қазақ тілінде жолдады. Мысалы, Ауғанстан елшісі Мухаммад Фарук Бараки «Ауған елі мен Қазақ елі арасында достық өркендей берсін, Бейбітшілік болсын, Рахмат!» деп таза қазақша тілек білдірді.
Ал, Қазақстан мен Нидерланды Королдігінің алыс-берісінің құны 10 миллиард доллар шамасында. Елші сол көрсеткішті еселеуге уәде берді. Бұл бес елдің әрқайсысының әлеуеті әрқилы.
Қазаққа олардан керегі - достық ниет, берекелі сауда. Мәселен, алыс та болса Жапониямен арада қарым-қатынас тереңдесе, мемлекетаралық құжаттар түгенделіп, тәуір компаниялар технологиясы мен инвестициясын әкелер еді.
Ал, Оман - мұнай-газ өндірісі мен құрылысы мықты ел. Оман - отын өндіруде, оны тасымалдауда тәжірибелі.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС