Қазтуған жыраудың қайран Еділін қимай, көкірегі қарс айрылып бара жатып айтатыны бар. «Боз сазаны тоқтыдай. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған...» деген, есіңізде ме?
Алайда, сол бабамыз сипаттағандай, әрбірі тай мен тоқтыдай болмаса да, шығыста жатқан Зайсан көлінің бағына біткен балықтары көп еді. Тұщы көлдің жағасында аунап өскен, шоршыған шортанын санап өскен көнекөздердің айтуынша, бұрын бұл Зайсан бекіре үшін берекелі болған.
Балықтың түр-түрі - ақбалық, көксерке, сазан, табан, аққайран секілді балықтар сүңгіген адам қолмен ұстайтындай жақындықта бықып жүзетін, дейді.
Қазір Зайсан жетім қыздай мұңды көрінеді. Көлдің көркі болған балықтар құрып барады. Осы көл мен Бұқтырма су қоймасын тексерген прокурорлар да көксерке, табан, торта тәрізді балықтардың азайып кеткеніне алаңдап отыр. «Неге?» деп сұрағынымызда бірнеше себебін айтып берді.
Біріншіден, балық тым көп ауланады. Екіншіден, шабақтарын қолдан өсіру жұмысы мандымай тұр. Қолдануға тыйым салынса да, әр бұрышта еркін сатылып жатқан Қытай ауларының өзі бөлек әңгіме. Көл түбіндегі жүздеген шақырымдық торларға балық атаулы шырматылып, қынадай қырылып жатыр деген долбар да айтылады.
Жақсы, балық көбеюі үшін оларды ауламау керек. Қытайлық торларды пайдаланбау қажет. Сонда көл жағасында туып-өскен, тіршілік көзін балықпен байланыстырған ауыл тұрғындары қайтпек? Прокурорлардың айтысына не дейді?
Бүгінде Зайсан көлінің жағасындағы ауыл тұрғындары екі топқа бөлінеді. Балықты заңды аулайтындар және заңсыз аулайтындар. Бұл кісілер бірінші топқа кіреді. Түгелдей Аманат ауылының тұрғындары.
Балық аулауға барлық рұқсат қағаздары бар, сүзгі аулары да талапқа сай. Араларындағы ең тәжірбиелі маман - Байбөрі Тілеукенов. Оның балықшылықты кәсіп еткеніне 43 жылдан асқан, сондықтан, аталған саланың қыр-сырын одан жақсы білетін адам кем де кем бұл жақта.
Байбөрі Тілеукенов, Аманат ауылының тұрғыны:
«Қан мен тер» деген роман бар ғой, ол тегін олай аталған жоқ. Балықшының еңбегі қанмен, термен келеді. Кейбіреулер балықшыны қырып табыс табады деп ойлайды. Мен сияқты 62 жасқа келіп, мына мұзды ойып көрсін. Осының қиындығына шыдасын, 40 градус аязында, боранда жүрсін мол табыс тауып. Мен қызғанбас едім.
Аталған қиындықтарға шыдас берген адамның өзі бірден мол табысқа кенелмейді. Өйткені, балық аулау оңай іс емес. Жазда толқынмен арпалысып жүріп, қайықтың үстінен суға ау салу керек. Қыстың да өз қиыншылығы бар.
Берік Көшербаев, тілші:
Сүзгі ауды суға салу үшін бір бригада күні бойы мұз үстінде жүріп, орташа есеппен, 200-ге жуық құдық ояды екен. Балықшылардың айтуынша, қайта биыл қыс жайлы, сондықтан мұздың қалыңдығы бар жоғы 50-60 сантиметр. Ал қысы қатты, аязды жылдарда мұз 1,5 метрге дейін қатады екен. Қалай қатса да, олар мұзды ояды.
Мына адамдар көл үстіне таңғы сағат 7-де келіпті. Күні бойы жүріп мұз астына ауларын тартты. Шамамен, 1,5 шақырым аумақты сүзіп, торға түскен балықтарды мүз үстіне енді шығарып жатыр. Айтуларынша, бұл кәсіптің құмар ойындарымен ұқсастығы көп.
Марат Танышбаев, балықшы:
Кейде жоқ болып қалады. Кейде 20-25 тоннаға дейін ұстаймыз. Бүгін аз болып тұр, міне. Шамамен 500 килограмм болады.
Зайсан көлі жағасында балықпен ғана күн көріп отырған 10-нан астам ауыл бар. Олардың жартысынан көбі Күршім ауданында. Қалғандары Тарбағатай, Зайсан және Көкпекті аудандарына қарайды.
Өткен жылдың соңында облыстық прокуратура кешенді тексеру жүргізді. Нақты айтқанда, «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңның орындалуын тексерді. Нәтижесінде, балық саласында біраз былықтың беті ашылды.
Бақытжан Сансызбайұлы, облыстық Табиғатты қорғау мамандандырылған прокуратурасының прокуроры:
Заңның сөзімен айтатын болсақ, бірінші - қорғау, екінші - өсіру, үшінші - қолдану. Біздің тексеруіміз, бұл Заң керісінше орындалып отырғандығын көрсетіп отыр. Алдымен, қолдану, одан кейін қорғау мен өсіру мәселесі екінші-үшінші кезекте тұр.
Осының салдарынан бүгінде Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінде балықтың кей түрлері азайып бара жатыр. Мұндай мәлімдемені прокурорлар Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Шығыс өңіріндегі «Алтай» филиалынан алған мәліметтерге сүйеніп жасады.
Сандарға сенсек, жағдай мәз емес. Соңғы 4 жылда көксерке балығы 14,2 миллионнан 7,5 миллионға дейін кеміпті. 2010 жылы табан балығының саны 91 миллионды құраса, қазірде 68 миллион ғана қалыпты. Торта балығы 4 жылда 10,4 миллионнан 6,9 миллионға дейін азайған.
Азайып бара жатқанмен қоса, ғалымдар, балықтардың ұсақталып бара жатқанын айтып отыр. Ғылыми зертеулер жасамаса да, қарт балықшы Байбөрі Тілеукенов мамандардың нақ осы мәліметімен келіспейді.
Байбөрі Тілеукенов, Аманат ауылының тұрғыны:
Балық ұсақталып кетті деп, бір көріп айта салуға болмайды. Ана жолы мен газеттен оқыдым, балықтың санына дейін жазып қойыпты. Енді олар суға сүңгіп, балықтың қанша екенін санаған жоқ шығар.
Прокурорлар, балық қорының құрып бара жатқанын бірнеше жағдаймен байланыстырып отыр. Басты себеп - балық белгіленген мөлшерден артық ауланады. Ал оларды көбейту ісі кенжелеп тұр.
Бақытжан Сансызбайұлы, облыстық Табиғатты қорғау мамандандырылған прокуратурасының прокуроры:
Балықты біз мыңдаған тонналап аулаймыз, бірақ бірде бір көксерке шабағын біз өсіріп көрмеген екенбіз. Өйткені, тек қана ШҚО-да ғана емес, жалпы Қазақстанда көксеркенің шабағын өндіретін ешқандай шаруашылық жоқ. Ресей, Венгрия, Чехияда бар екен. Бүгінгі күні біздің балық шаруашылығы бұл мәселені зерттеп жатқан сыңайлы, бірақ ол қай уақытта бізде тәжірбие жүзінде жүзеге асады, Құдай біледі.
Көксеркені көбейту бойынша көш соңында қалсақ та, Қазақстанда кейбір балық түрлерін өсіріп, оларды өзен-көлдерге жіберу жұмысы жүргізіледі. Ертеде бұл сала біздің елде жақсы дамыған еді.
Мысалы, бұл Күршім ауданында орналасқан «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» деп аталатын кәсіпорын. Іргетасы 1964 жылы қаланған. Арнайы су тоғандарының көлемі бойынша Кеңес Одағындағы балық өсіретін ең ірі екі зауыттың бірі болған.
Бұрын бұл бассейіндердің барлығында балықтың миллиондаған шабақтары жүзіп жүретін. Олар осы жерде қыстап, сосын біраз уақыт тоғандарда өсіп-жетіліп, кейін Зайсан көліне жіберілетін.
Қасымхан Шәбденбеков - уылдырықтан шабақ өсірудің хас шебері. Шаруашылықтың шарықтап дамыған жақсы күндеріне де, кейін жағдайдың шатқаяқтап қалғанына да куәгер болды. Қазіргі таңда, мұнда балықтың кейбір түрлері әлі де өсіріледі, бірақ бұрынғы заманмен салыстырғанда, өте аз көлемде.
«Кәсіпорынға мемлекетттік тапсырыс көп түссе, қазір-ақ, жұмыс жандандып, жағдайымыз түзелер еді», дейді осы кәсіпорында 40 жыл үзбей жұмыс істеп келе жатқан қарт жұмысшы. Жұмысшы демекші, жыл сайын олардың да қатары сиреп барады.
Қасымхан Шәбденбеков, «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС-ның маманы:
1984 жылы 100 адам жұмыс істедік, одан кейін 60 адам қалдық. Кейінгі кезде 40-қа азайды, ал қазір 20-ға жетпейміз-ау.
Бірегей балық зауыты 2010 жылы республикалық үдемелі индустриялық-инновациялық даму картасына кірген. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы, коммуналдық және жалақы бойынша қарыздарды өтеп, балық өсіру ісін қайта жаңғырту үшін бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген.
Бұдан соң, зауыт 14 миллион теңгеге жеке кәсіпкерге сатылып кеткен. Қазір бұл мәміленің заңдылығын прокуратура тексеріп жатыр. 2010 жылдан бері Кедендік Одақтың аумағына жіңішке синтетикалық нейлон жіптен тоқылған Қытай ауларын әкелуге және пайдалануға тыйым салынған.
Себебі, мұндай аулар үзіліп, көлдің астына түсіп кетсе, онда ширек ғасыр шірімей жата береді. Оған балық ілінсе, шырмалып, шыға алмай қалады. Сондықтан, қазірде тек капрон жіптен тоқылған ауды қолдануға болады.
Сансызбай Сыздықов, Аманат ауылының тұрғыны:
Капронды қазір құрып қойып, 4 күннен соң қарасаң, 2 балық та түспейді. Ал бізге сол капронмен ұстаңдар дейді. Ол біткелі қай уақыт, Кеңес заманында құрғанда балық түсетін, қазір ондайға балық түспейді, иіскейді де кетіп қалады. Ал Қытай ауын жақсы көреді, соған бақылау жасасын да, аулатсын. Біз қарапайым адам не істейміз?
Көл жағасындағы кейбір адамдар осылай уәж айтып, Қытай ауын қолдануды доғарар емес. Табиғатты қорғаушылар болса, заңға бағынбағандардың құрал-саймандарын тәркілеп, тәртіпке шақыруға тырысып жатыр. Мысалы, таяуда тек 3 күндік рейд барысында Зайсан көлінен заңсыз құрылған 45 шақырым Қытай ауын шешіп, өртеп жіберді.
Прокурорлардың алқа мәжілісінде аймақтағы балық инспекциясы және табиғатты қорғауға міндетті басқа органдардың қызметі өте нашар, деп бағаланды. Бұдан соң сынға ұшырағандар жұмыстарын жандандырып, заң бұзушылармен күресті күшейтті.
Зайсан көліне рейдке шығып, браконьерлерді күн демей, түн демей қуалауға кірісті. Біраз адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, ауларын тәркіледі, әйтеуір жұмыс істейтіндерін көрсете бастады. Ұсталғандардың арасында Күршім ауданындағы Ақсуат ауылының тұрғындары көп.
Бұл елді мекен Зайсан көлінің дәл жағасында тұрса да, қазір мұндағы халықтың балық аулауға лицензиясы жоқ. Себебі, соңғы 1 жыл 4 ай бойы балық аулау учаскесінің тендері ойнатылмай тұр. Енді ауыл тұрғындары түгелдей браконьер болып жүр.
Нұрлан Көшімбаев, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Рұқсат қағазын бермегеніне кінәлі емеспіз ғой. 1 жыл 4 айға дейін біз заңды аулағанбыз, енді Үкімет болыспаған соң, заңсыз баруға тура келеді. Бізді қақсата бергеннен не пайда оларға, соны түсінбейміз.
Прокурорлар ауылдық округ әкімдерінің жұмысын да сынға алды. Оларға, көл жағасындағы елді мекендерде, мал шаруашылығы мен өзге кәсіп түрлерін дамыту қажет деген кеңес айтылды.
Нұрлан Көшімбаев, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Мал өсіруге қолайсыз бұл жер. Амалсыздан асырайды 1-2 сиырын, өлместің күнін көріп, сүтін ішу үшін.
Еркінбек Жұмағұлов соңғы екі жылдан бері Күршім ауданындағы Балықшы ауылдық округін басқарады. Әкімнің айтуынша, өзге салаларды дамыту бойынша жұмыстар жоқ емес, бар. Мысалы, былтыр округке кіретін Ақсуат, Аманат және Жолнұсқау ауылдарында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 8 жоба жүзеге асқан.
Тұрғындар несие алып, наубайхана, көлік жөндеу станциясы, шағын балық өңдеу цехтарын ашыпты. «Бірақ, балықтан басқа саланы бұл жақта өркендетіп жіберуге жағдай жоқ, дейді ауыл әкімі.
Еркінбек Жұмағұлов, Балықшы ауылдық округының әкімі:
Бір ауылға бір наубайханадан артық қалай ашамыз. Ол өзін ақтамайды. Мысалы, осы ауылдың өзінде 4 дүкен бар. Енді одан артық дүкен қажетсіз деп ойлаймын.
Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында, 10-нан астам елді мекен ертеңгі күнін көлмен ғана байланыстырып, бар табысын тек балықтан көріп отыр. Оларға, балықты мүлде аулама деп отырған да ешкім жоқ. Тек, бұл істің бәрі заңды болуы тиіс. Прокурорлардың басты талабы - осы. Балық қорын молайту және оларды қорғау мәселесі назардан тыс қалмау керек.
Бақытжан Сансызбайұлы, облыстық Табиғатты қорғау мамандандырылған прокуратурасының прокуроры:
Қазақта, «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бар ғой. Бірақ, қазақтың екінші сөзі де бар, «Судың да сұрау бар» деген. Судың сұрауы болса, оның ішінде жүрген балықтың сұрауы бар шығар. Бүгінгі күні бәрін аулап тастасақ, келер ұрпақ қайтпек? Өмір жалғасып жатыр, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жаман емес. Зайсан мен Ертістің немесе өзге жақтағы балықтың бәрін аулап тастасақ, болашаққа не қалады?
Тендердің өткізілуін 1 жыл 4 ай бойы күтіп жүрген Ақсуат ауылының тұрғындары таяуда жоғарғы жаққа хат жолдапты. Олар мәселеге назар аударуды, тиісті рұқсат қағаздарын беруді өтініп отыр. «Өйткені, браконьер болып, көзге көрінген адамнан қашудан әбден шаршадық», дейді.
Берік КӨШЕРБАЕВ