Браконьерлерден 4 мыңдай балық құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Браконьерлерден 4 мыңдай балық құтқарылды

23.01.2014
Браконьерлерден 4 мыңдай балық құтқарылды
Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінен заңсыз құрылған 45 шақырым ау жинап алынды. Жіңішке синтетикалық нейлон жіптен тоқылған ауларды 2010 жылдың басынан бері Кедендік одақтың аумағына енгізуге және пайдалануға тыйым салынған болатын.
 
Бірақ, көл жағалауында орналасқан елді мекендердің тұрғындары бұл ережені елемейді. Облыстағы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағы жедел жасақ мамандары 3 күндік рейд барысында 10-нан астам браконьерді ұстады.
 
Сонымен қатар, көлден жалпы ұзындығы 45 шақырымға жуық заңсыз құрылған ауды жинап алды. Торға түскен 4 мыңға жуық әртүрлі тірі балық суға қайта жіберілді. Заңсыз балық аулаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал судан шығарылған аулардың барлығы өртелді. Рейдке өңірдегі балық инспекциясы, табиғат қорғау прокуратура мен полиция қызметкерлері де қатысты. 
 
Батырхан Сүлейменов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағы жедел жасақ басшысының орынбасары:
Тораңғы деген жер бар, онда жыл бойы балық аулауға болмайды. Одан кейін, Зайсан көлінің солтүстік-батыс аймағы, Көкпекті ауданы жақта да жыл бойы балық аулауға болмайды. Осы ауларды сол жақтан жинап алдық.
 
 Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу