Зайсан көлі тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зайсан көлі тартылып барады

18.05.2023

Зайсан көлі тартылып барады. Биыл су айдыны жағалаудан 1-2 шақырымға дейін алыстап кеткен. Оның іргесінде тұратын ауыл халқы бұрын-соңды көлдің осылай құрғауын көрмедік дейді. Балықшылар тіпті жағалау тым алшақтап кеткендіктен қайықтар көлге шыға алмай қала ма деп алаңдаулы. Бұл экологиялық мәселе ме, әлде құрғақшылық әсері ма? Өңірден Ержан Жақыптың материалы.

Ержан Жақып, тілші:

Мына мен тұрған жерде бұрын судың деңгейі 7-8 метрге дейін тереңдікте болған. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай құрғап жатыр. Ал жағалаудан көлің өзі 500-600 метрге, кей жерлерде 1-2 шақырымға дейін алыстап кеткен.

Ермек Жұмағалиев Тұғыл ауылының тұрғыны. Өмір бойы көлден нәпақасын тауып келе жатқан балықшы. Қазір қайықтарын сайлап, балық аулау маусымына дайындалып жатыр. Бірақ көңілі күпті. Көктем шыққалы көл тым тартылып, табаны көрініп қалған. Енді су деңгейі қалпына келмейді ме? деп алаңдап отыр.

Ермек Жұмағалиев, Тұғыл ауылының тұрғыны:

Балыққа да зияны көп қой. Қазір қамыс-қамыстың арасынан бәрінен су қайтып кетті ғой. Қазір уылдырық төгетін уақыты. Манақбай дейміз, қамыстың арасында мүлдем су қалған жоқ. 2 шақырымға дейін, 3 шақырымға дейін су қайтып кетті. Қамыстың бәрі қыр болып қалды.

Дулат Байкубенов, Тұғыл ауылының тұрғыны:

Халық алаңдап жатыр 2022 жылдан бастап көлдің су деңгейі ақырындап түсе бастады. Бұл біріншіден біздің балықшыларға өте ауыр тиеді. Көбіне сүзгі-аушыларға. Өйткені кемелер жағаға қарай келе алмайды.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі мамандар да биыл өңірдегі өзен көлдердің тартылып бара жатқандығын мойындайды. Тіпті, кейбір шағын өзендер көктемде тасымай, мүлдем құрғап қалған. Ал Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлі 50 пайызға дейін азайған. Оған мамандар соңғы жылдағы құрғақшылық себеп деп отыр.

Ернар Мәдиев, «Ертіс бассейіндік инспекциясы» РММ бастығының міндетін атқарушы:

Көл, мысалы, 100 пайыз дегеніміз, 49,62 миллиард текше метр болса, сонда 24-25 миллиардқа дейін түсіп кетті ғой. Құрғақшылық болғаннан кейін өзендердегі судың келуі азайды.

Зайсан көлінің тартылуы осыған дейін 1992 жылы байқалыпты. Мамандар жазда таудан келетін су молайса, айдын қалпына келуі мүмкін деп болжайды. Ал «Қазгидромет» мамандары өзен суларға жүргізген гидрологиялық мониторинг нәтижесінде Ертістің өткен жылмен салыстырғанда 1 метрге дейін төмендеп кеткендігін анықтаған.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу