Ұшақтар неге жаңартылмайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақтар неге жаңартылмайды?

02.02.2014
Ұшақтар неге жаңартылмайды?

Меккеге қажылыққа аттанған Абайдың әкесі Құнанбайдай түйемен, атпен арып-ашып жолға шығу, бұл заманда көзге ертегідей көрінер. Қазір төрткүл дүниенің төрт бұрышына сапар шегу деген түк емес.
 
 Айшылық алыс жерлерге көзді ашып жұмғанша, жеткізетін ұшақ дейтін сиқыр бар. Отырдың, көз шырымыңды алдың. Ояндың, көздеген жеріңдесің. Зеңгір көкті тілгілей заулап, барар бағытыңа әп-сәтте апарады.
 
 Алайда, кейінгі кездері ұшаққа отырарда іштей тілімізді кәлимаға келтіріп, иманымызды үйіретінді шығардық. Қайтеміз енді, күн жарықта көкке көтерілген қанатты көліктер оқ тиген қырғауылдай қиралаң етіп құлап жатса.
 
 Елді есеңгіретіп кеткен былтыр қыстағы қос қайғылы жағдай жадыңызда шығар. Желтоқсанның 25-і күні Астанадан Шымкентке ұшқан шекара қызметінің ұшағы апатқа ұшырап, ел қорыған 27 еріміз қаза тапты.
 
 Арада ай өтпей жатып, қаңтардың 29-да Көкшетаудан Алматыға ұшқан «Challenger-200» ұшағы да құлап, 21 азаматымыздан айырылдық. Пендеміз ғой, содан бері ұшаққа қорқа-қорқа мінетін болдық. Оның үстіне соңғы кездері елдегі ұшақтарымыз жиі-жиі апатты жағдайда қонатынды шығарды.
 
 Анау Татарстандағыдай жерге тұмсығымен қадалмай, аман қонғандарына да шүкір, бірақ қашанғы үреймен өмір сүреміз?! Неге ұшақтар жаңартылмайды? Су жаңа таңсық ұшақтарды емес, қаңсық ұшақтарды қашанғы сатып аламыз? деген сауалдар көпті мазалайды.
 
Қанағат Омаров, Ә.Омаровтың ұлы:
Әкем үнемі «еркектер жыламайды» деп айтатын. Жыламауға тырысамын, бірақ ішім толып тұр. Бір жыл әкесіз ғұмыр кештім. Қиын, бірақ көнбеске амал жоқ.
 
 Оның асқар тауы құлады. Алматы маңындағы алапат апатта Қанағаттың әкесі Әбілжан Омаров о дүниелік болды. Арада жыл өтсе де, туысқандары оны әлі де жоқтайды, әлі де сағынады...
 
Күлзайра Кәрімқызы, Ә.Омаровтың әпкесі:
Мен оны өзім шығарып салдым. Мұндай болады деген ой болған жоқ. Қашанда барып-келіп жүрді ғой. Қазір ұшақ десе шошынамыз. Қорқынышты жағдай. Ұшақпен жүргім келмейді.
 
 Ия, сол оқиғадан соң ұшаққа отыруға біразымыздың жүрексініп қалғанымыз рас. Айналдырған екі жылда 60 адамның ажалы аспан көлігінен келді.
 
 Жалпы, тәуелсіздік алып, төл авиациямызды құрғалы бері біздің ұшақтар 12 рет құлапты. Алғашқы апат 1996 жылы, соңғысы Алматыда былтыр болды. 2012 жылы үш апат. Қаза тапқандар саны қырыққа жуықтады.
 Тозған ұшақ, тәжірибесі аз ұшқыш, сапасыздық. «Қазақтың әуе компаниялары халықаралық стандарттарға сай емес!». Осылай деген Халықаралық авиация ұйымы 2009 жылы қазақстандық 59 әуе компаниясын «қара тізімге» енгізді.
 
 Міне, 5 жыл болды Еуропаның аспанына «Эйр Астанаға» ғана рұқсат бар. «Қара тізімнен» шығуға 5 жыл талпыныс жасасақ та, нәтиже жоқ. Министрлік былтыр қараша айында шығамыз деп болжағанымен, бұл іс тағы да көктемге шегерілді.
 
Бекен Сейдахметов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:
Көктемде сол аудитті шақырамыз деген жоспарымыз бар.
 
 Халықаралық стандартты былай қойғанда, әуе компаниялары ішкі талапқа да жауап бере алмайды. Себепсіз кешігулер мен қызмет сапасының төмендігі жолаушылар жүйкесін жұқартады ылғи. Осы аптада ғана, «БекЭйр» авиакомпаниясының ұшағы Алматы әуежайынан көтеріліп, 17 минуттан соң қайта қонуға мәжбүр болды. Себеп, тағы сол техникалық ақау. Тізе берсең кете береді...
 
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Атыраудан Стамбулға ұшқан ұшақ түрік жеріне табан тірегеннен кейін істен шыққан, Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдан Алматыға ұшатын әуе борты 30 сағатқа кешіктірілген. Абу-Дабиден Алматыға ұшатын әуе бортынан ақау табылып, жолаушылар резервтегі ұшақпен ұшқан. Астанадан Ақтауға ұшатын ұшақтың ұшу мерзімі кешіктірілді.
 
 Қазақстанның Азаматтық авиациясы сенімге селкеу түсіріп тұр. Бұл - ғұмырының 40 жылын әуеге арнаған Шмидт Сабыровтың пікірі.
 
Шмидт Сабыров, «ҚР Авиация қызметкерлері кәсіподақ федерациясы» одағы төрағасының орынбасары:
Қазір бәрін бытыратып жіберді. 50 авиакомпания бар. Әуежайлардың барлығы жеке-жеке, кейбірі жекеменшік болды. Алматы облысында 28 әуежай, Семейде 15 шақты әуежай болды. Қазір бәрі жабылған. Біздің мемлекетіміз өте үлкен. 2 миллион 700 мың шаршы километр. Басқа посткеңестік елдердің бәрін қосса да, біздің жеріміз үлкен. Бізге авиация өте керек.
 
 Шмидт Омарұлының ойы орынды. Ұшқан құстың қанаты талатын кең даланың о шеті мен бұ шетін жалғау үшін ішкі әуе қатынастарын жандандыру керек. Дәлірек, жаңа әуе бағыттарын ашу қажет, әуежай салған жөн.
 
Бекен Сейдахметов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:
2020 жылға дейін жаңадан 16 әуежай ашамыз деген жоспарымыз бар.
 
 Расын айту керек, ұшаққа екінің бірі жүгірмейді. Қалтасы қалыңдар ғана қалықтайды, қалғаны теміржолды торуылдайды. Қазақстанның халқы 17 миллион. Соның тек 4 миллионы ғана ұшаққа мінеді.
 
 Өзгенің мінгісі келмейді емес, ұшу қымбат. Бәсеке аз. Қазір бізде 56 әуе компаниясы бар. Соның тек 5-уі ғана жолаушылар тасымалдайды. 28-і коммерциялық жұмыспен айналысады, 28-і кіші авиацияда.
 
Шмидт Сабыров, «ҚР Авиация қызметкерлері кәсіподақ федерациясы» одағы төрағасының орынбасары:
Ұшқыштар жетпей жатыр. Ең үлкен «Эйр Астана» деген авиакомпания бар. 300-ден астам ұшқыш бар, 30-ы шетелден келгендер.
 
 Бізде ел бойынша ұшқыштарды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны бар. Алматыдағы академия. Мұнда қазір 1300 шәкірт оқып жатыр. Тәуекелі көп мамандыққа Мирас та машықтанып жүр.
 
Мирас Темірбеков, Азаматтық авиация академиясының студенті:
Балалық арманым қазір орындалды. Әр мамандықта тәуекел болады. Қиындықтар болады. Ешқандай мамандық жеңіл келмейді.
 
 Жалғыз авиациялық академияның ахуалы да мәз емес. Болашақ ұшқыштарды тәжірибеден өткізетін ұшақ мүлде жоқ, аэродром арман ғана. Ал халықаралық стандартқа сәйкес, студент білім алып жүрген кезінде кем дегенде 150 сағат әуеде сынақтан өтіп, қолына куәлік алуы тиіс. Айтпақшы, тәжірибелі бір маман дайындап шығуға 75 мың АҚШ доллары қажет екен. Бұл жағы да осы күнге ескерусіз келеді.
 
Салиақын Кәрімбаев, техника ғылымдарының кандидаты:
2015-2016 жылдары академияның өзіндік аэродромын салуды жоспарлап отырмыз. Сындардан кейін шетелдермен байланыс жасап, солардың ұшақтарын пайдаланып, мамандарымен тікелей қарым-қатынас жасап оқытып жатырмыз.
 
Карел Мундел, «Аirbus A 320» экипажының командирі:
Мына «Аirbus» ұшағы шамамен 7 мың сағатқа жуық әуеде қалықтаған. Әрбір әуе кемесінің ұшу уақыты 3000 сағатқа толғанда, қайта жасақталады. Күнделікті күтімнің арқасында ғана ұшақтар сыр бермейді. Сондықтан, қазақтың жас инженер мамандары мен ұшқыштарын лайнерлерді күтіп-баптауға үйретіп жатырмыз.
 
 Шетелден алдыртып, шетелге жібертіп жатырмыз. Отандық авиациядағы олқылықтар мұнымен толса кәні? Төл авиацияға түзу көзқарас қажет. Себебі, әуе қатынасы  қателікті кешірмейді.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу