Қазақстандағы ұшақтар қаншалықты қауіпсіз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы ұшақтар қаншалықты қауіпсіз?

11.01.2020

Апат туралы айтқанмен адамдар ұшақтан ұшынып кетпейді, айшылық алыс жерлерге санаулы сағатта апаратын көлікке бәрібір көпшілік отырады. Бастысы өзгенің қаңсығын таңсық қылып сатып алып, адамның өмірімен ойнамау керек әуе компаниялары. Міне тізім, сіз бен бізді ұшырып-қондырып жүрген осылар. Қауіпсіздікке қаншалықты қатаң қарайтынын қайдам, бірақ табыстары өсті. Оны мына статистика айқындап береді. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әуежайында жолаушылар саны 48%-ке артса, Алматыда - 45%, Семейде – 10-13%, Таразда - 34%, Павлодарда - 17%, Қарағандыда - 90%, Шымкентте - 57 %, Оралда - 54%-ке көбейген. Тұтынушының саны артса табыстың тәуір болатынын нарықта, халықта жақсы біледі. Сондықтан біз жаңа, қауіпсіз ұшақты талап етуге құқылымыз. Біздегі техникалардың тозығы жеткені жасырын емес.

Көкке көтерілу туралы көпшіліктен көп білетін AirlineRatings.com порталы әлемдегі ең қауіпсіз әуе компанияларының тізімін жариялады. Бірінші сатыда австралиялық Qantas, екінші сатыда Жаңа Зеландиялық Air New Zealand, үшінші сатыда Тайваньдық EVA Air. Жалпы саны 20 әуе компаниясы қауіпсіз деп танылған, толық тізім міне. Көріп тұрсыздар ішінде көкпен көпті таситын Қазақстандық бірде бір ұжым жоқ. Екінші тізім бар, лоукостерлердің, яки билеттері арзан әрі қолжетімді әуе компаниялары. Солардың арасындағы ең қауіпсіз ондықтың тізімі міне. Мұнда да Қазақстандық бірде-бір әуе компаниясы жоқ, бұл ресми тізім. Қалғанын іштеріңіз білсін, ат сүрініп болғанша ақыл тапқан ардақты Алаш. Біздегі ұшақтардың сапасына қатысты қатаң сынын Мәселеге берген сұхбатында авиация саласының ардагері былай жеткізді:

Дмитрий Душимов, авиация саласының ардагері:

Әуежайлар болсын, авиакомпаниялар болсын бұлардың бәрі акционерлік қоғамдар. Сондықтан тікелей бағынбайды мына комитетке. Өзімен-өзі кеткендер. Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ. Қаржыларына қарап бұлар арзандауын алады техниканың. Қайдан тауып алатындарында білмеймін. Былтыр Як-12 құлады ғой. Мен өмір бойы авиацияда жүріп мен таң қалдым. Қайдан тапты олар бұл ұшақты. Мен 60-жылдары ғана көргем ол ұшақты.

Бұл қалай болғаны, сонда бізді ешкімнің бақылауына көнбейтін әуе компанияларының қауіпті ұшақтары тасымалдап жүргені ме? Саланың ардагерлері біліп айтса жауапты шенеуніктер қарекет қылмай қайда қарап отыр? Қандай ұшаққа отырған, қандай ұшаққа отырмаған дұрыс?

Назым ҚАЙРАТ


Хабарламаларға жазылу