Қаңтар мен ақпанның ат алмастырар тұсында Мемлекет басшысы бірді-екілі шендіні қабылдады. Ақорданың алдына атын байлаған ақ жағалылардың алғашқысы - Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров.
Былтыр қазанда құрамына Су ресурстары комитетін қосып алып, құзіреті кеңейген Қаппаров министрлігінің қазір керілуге мұршасы жоқ. Президент министрге «Қазақстанға су ресурстарын басқару ісінде білікті мамандар қажет. Әсіресе, трансшекаралық су қоймаларының мәселесін шешуде халықаралық келіссөздерді жүргізетін кәсіби мамандар керек» деп, тапсырма берді.
Президент қабылдаған тағы бір шенді - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев. Кездесуде халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары талқыланып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жайы сөз болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Комитет жұмысының негізгісі - Қазақстанның экономикасын, саясатын сырттан келген жаулардан іштегі, сырттағы лаңкестерден сақтау мәселесі. Экономикаға зиян келмейтін жағдайда жұмыс істеуіміз керек.
Сондай-ақ, осы сәрсенбіде ел Президенті «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының шығармашылық ұжымымен де кездесті.
Фильмді түсіруші топ Елбасыға кинолента еліміздің 25 қаласындағы 55 кинотеатрда көрсетілгені туралы айтты. Кездесуде шығармашылық топ қазіргі қызметтері туралы әңгімелеп, жоспарларымен бөлісті. Елбасы ұжымға алғыс айтып, табыс тіледі.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ