Аяздың беті әзір қайтпайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аяздың беті әзір қайтпайды

02.02.2014
Аяздың беті әзір қайтпайды

Қаңтар кетті. Құтырған бурадай алқынып, ақпан жетті. Қаңтардың соңын ала күшіне мінген аяз апшыны қуырып тұр қазір. Табиғатпен етене жаратылған қазақ қаңтар - боранның, ақпан - аяздың қаһарға мінетін айы деп білген.
 
 Бірақ, кей-кезде аяз бен боранның қатар келіп, қыспаққа алатыны бар. Биылғы ақпан да арындатып жетті, әйтеуір. Ә дегеннен-ақ арық-тұрықты тұралатып, ақтүтек борандатып, мал баққан шаруа қауымын бір түйреп өтті.
 
 Бірнеше облыста жолдар жабылып, ақ боранға ұрынғандар бағыттан жаңылып, көмек іздеп далада сабылып, қол-аяқтары үсігендері төсекке таңылып, бірталай адам әуре-сарсаңға түсті. Балалардың көктен тілегенін жерден беріп, телефонға 112 нөмірі келіп, мектептер мен колледж-лицейлерде сабақ тоқтатылды.
 
 Биылғы қыс басқалармен қатар, бас қаланың тұрғындарын да қалтыратып тұр. Әлемдегі астаналардың ішіндегі ең суығы Ұлан-батыр болса, содан кейінгі орынды еншілейтін елордамызда ауа температурасы 40 градусқа жақындады.
 
 «Сақылдаған сары аязға Сарыарқаның сары желі қосылғанда сынап бағанасы өткен түндері 50 градусқа жетті», дейді жұртшылық, рас болса. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметінше, тура осындай суық бұл өңірде 1893 жылы болған екен. Абай атамыз суреттеген кәрі құданың әлегі аз болмады биыл.
 
 Қыс келмеді, қар жаумады деп жүргенде табиғат қытымыр мінезін бір-ақ күнде көрсетті. Ақмола мен Солтүстік Қазақстанда қыс басталғалы жаумаған қар бір күн ішінде түсіп, аяз да кәріне енді.
 
 Аяз салдарынан, республика бойынша бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Ауа райының тұрақсыздығына байланысты Ақтөбе облысында «Ақтөбе-Астрахань», «Ақтөбе-Орск», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» бағыттары бойынша көлік қозғалысы тоқтатылды.
 
 Сондай-ақ, Қарағанды облысында да «Алматы-Екатеринбург», «Қызылорда-Павлодар», «Жезқазған-Петропавл» бағыттары бойынша жолдардың жабылғаны хабарланды. Ал, Қостанай облысында көліктердің барлық түрлерінің «Қарабұтақ-Денисовка-Рудный-Қостанай», «Жезқазған-Петропавл», «Жетіқара-Қамысты-Лермонтовка», «Денисовка-Жетіқара-РФ шекарасы» бағыттары бойынша қозғалысы шектелді.
 
Нұрсәуле Қуандықова, «Қазгидромет» РМК жетекші инженер-синоптигі:
Арктикалық ауа массалары ықпалының Қазақстанға енуіне байланысты қаңтар айының соңғы күндері батыс аймақтарда түнгі температура -28, -36 градус, солтүстік және орталықта -35, -40 градус, Қызылордада және Оңтүстік Қазақстан облыстарында -23, -28, шығыста -25, -36 градусқа дейін төмендейді. Жамбыл және Алматы облыстары оңтүстік циклонның әсерінде болғандықтан, бұл аймақтарда қар жауып, бұрқасын соғып, жел күшейеді, түнгі температура -10, -15 градусқа дейін төмендейді.
 
 «Қазгидрометтің» болжауынша, ауа райы ақпанның ортасына дейін осылай құбылып тұрмақ. Айтылған ескертулерге қарамастан, сапарға шыққан жолаушылар қарлы боранда далада қалып жатты.
 
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Биыл Ақтөбе облысында жағдай біршама қиындады. Самара-Шымкент, Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Астрахань, Хромтаудан Қостанай облысының шекарасына дейінгі бағыттағы жолдар жабылды. Қарлы боранда қалған көліктер дер кезінде құтқарылды.
 
 Батысқа биылғы қыс ерекше қаһар көрсетіп тұр. Былтыр жыл бойы 7 рет қана жол жабылса, биыл қыс басталғалы 13 рет республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс шектелді. Қардың орташа қалыңдығы 30-40 сантиметрге жеткен.
 
 Қаңтардың соңғы күндері төпелеп жауған қар жол тазалауды да қиындатып жіберді. 70-80-ге жуық техника үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Бірақ, ауа райының жайсыздығын көре тұра, көрші ауылға барамын деп, 200-300 шақырымдық жерге кетіп қалатындар да аз емес.
 
 Алматы облысында да көктайғақтың кесірінен Үшарал-Достық, Алматы-Екатеринбург, Алматы-Астана бағытындағы жолдар жабылды. Тіпті қыс түспейтін Оңтүстік Қазақстан облысында да Шолаққорған-Шаян, Бірлік-Қошқарата, Алматы-Ташкент жолдарындағы көліктер ағынына тоқтау қойылды.
 
 Сарыарқаның сарышұнақ аязы да басылар емес. Елордада ауа температурасы -30, -32 градустан түсетін түрі жоқ. Астана мектептерінде 1-11 сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттеріне сабақ болмады.
 
 Төтенше жағдайлар қызметі ауа райының қолайсыздықтары мен мектептегі сабақтардың болатын-болмайтынын дер кезінде ескертіп, СМС хабарлама жіберіп отырды. Қазіргі уақытта қиындыққа тап болған халық бірден 112-ге қоңырау шалады.
 
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
112 нөміріне қалың қар астында қалып қойдық дегендерден 25 905 қоңырау түсті. Демек, халық бұған үйрене бастады. Қандай жағдайда да, уақыт өткізбей хабарласса, көмек те дер кезінде жетеді. Бұдан бөлек, жыл басынан бері түрлі жағдайларға байланысты 436 мыңнан аса қоңырау шалынған.
 
 «Қазгидромет» мәліметтері де көңіл қуантпайды. Жер-жерлерде қар, боран, қатты жел болуы мүмкін. Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының кей жерлерінде бұрқасындатып, жел тұрады.
 
 Сондай-ақ, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында күн күрт суытады. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде де аяз күшейеді.
 
 Төтенше жағдайлар қызметкерлері жеке бастың қауіпсіздігі үшін тұрғындарға боранды күндері алыс жолға шықпауды ескертеді. Ал, аяз ақпанның ортасына дейін сақталады.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу