Украинада «16 қаңтар заңдары» күшінен айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада «16 қаңтар заңдары» күшінен айырылды

02.02.2014
Украинада «16 қаңтар заңдары» күшінен айырылды

Осы аптада Украинаның саяси өмірінде маза болған жоқ. Қаңтардың 28-де премьер-министр Николай Азаров пен оның үкіметі отставкаға кетті, ал жаңа министрлер кабинеті осы айдың басында құрылуы керек.
 
 Азаров мұндай шешімді жанжалды бейбіт жолмен тоқтату мақсатында қабылдағанын атап өтті. «Бүгінде ең маңыздысы - Украинаның тұтастығы мен бірлігін сақтау», - дейді экс-премьер.
 
 Ал, денсаулығына байланысты демалысқа кеткен президент Виктор Янукович атышулы «16 қаңтар заңдарының» күшін жойғанын ресми түрде растады. Айта кету керек, шерулерді шектейтін бұл актілер елді осы айда азаматтық соғысқа ұрындыра жаздады.
 
 Жоғарғы Рада болса, билік пен оппозицияны бірнеше күн бойы дауластырған амнистия туралы заңды қабылдады. Оған сәйкес, наразылық акциясына қатысқандар түгелдей қамаудан босатылуы керек.
 
 Биліктің талабы бойынша, демонстранттар өздері басып алған ғимараттарды 15 күннің ішінде босатуы керек, сонда ғана рақымшылық заңы күшіне енеді. Бірақ, мұнымен мүлде келіспеген оппозиция жақтастары Майданнан тарамай отыр.
 
Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу