Киев: баррикадалар, қою түтін, қақтығыстар мен құрбандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киев: баррикадалар, қою түтін, қақтығыстар мен құрбандар

26.01.2014
Киев: баррикадалар, қою түтін, қақтығыстар мен құрбандар
 
Украина саяси тығырықтан шыға алмай жатыр. Майдандағы текетірес ушығып тұр, тарқайтын сыңай байқалмайды. Алғашқыда, бас жарылып, көз шыққанымен адам өлімі тіркелмеп еді, бірақ осы аптада құрбандар бары мәлім болды. Бұлғақ қазір елдің бірқатар аймақтарын да шарпып отыр.
 
Ел Президенті Виктор Янукович сөз сөйлеп, қарсыластарының кейбір талаптарын орындауға да келісті. Алайда, Януковичтің жауабы шерушілерді райынан қайтара алмады.
 
Президент өз еркімен отставкаға кетпейінше, оппозиция билікпен арадағы тайталасты тоқтатпаймыз дейді. Киев кикілжіңінің қашан шегіне жетерін, қайсысының жеңіп, қайсысының кетерін дәл қазір болжау қиын. Қысқа ғана шолуды назарларыңызға ұсынамыз.
 
Қарашада басталған үкіметке қарсы шерулердің қатары жыл соңында бір сиреп, қаңтардың 19-да қайта толығып, Майданға ондаған мың адам жиналды. Тәуелсіздік алаңына сыймағандары жақын маңдағы көшелерге топтасты.
 
Бұл жолы Украина оппозициясы Жоғарғы Радада төбелеспен қабылданған жаңа заңға наразылық білдіріп жатыр. Ол құжатқа сай, үкіметке қарсы акциялардың барлық түріне іс жүзінде тыйым салынады.
 
Сол күні-ақ, мыңдаған адам маршпен Жоғарғы Радаға аттанып, милиция жасақтарының қарсылығына тап болды. Тәртіп сақшылары жолдарды жауып, газ шашып, шулы граната лақтырып жатса да, бетін тұмшалаған, каска киген жастар қарсылықты тоқтатқан жоқ.
 
Олар милицияның автобусын теңселтіп, терезесін таяқпен сындырып, екі жақты арашалауға әрекет қылған Кличконың өзін өрт сөндіргіштің ақ тозаңының астында қалдырды.
 
Будақтаған қою түтін, өртенген дөңгелектер, баррикадалар, қақтығыстар. Апта бойы әлем көрген Киевтің кейпі осы. Сәрсенбі күні екі адам мерт болып, біреуі «Динамо» стадионының жоғарғы қабатынан құлап өлгеннен кейін, Украина астанасындағы жағдай тіпті ушықты.
 
Бірақ, оппозицияның сөзіне сенсек, шын мәнінде қаза тапқандардың саны - бесеу. Үшеуінің денесі табылды, екі құрбанның мәйітін биліктің өкілдері алып кеткен. Милицияның арасында опат болғандар жоқ, алайда 167-сі жараланды.
 
Киевтегі тайталас үкімет Еуропа одағымен қауымдасудан бас тартқаннан кейін бейбіт түрде басталды. Бірақ, Януковичтің парламенттегі одақтастары шерулерді шектейтін заң қабылдағаннан кейін қарсылық акциялары радикалдық сипатқа ие болып отыр.
 
Оппозиция бұл құжатты «диктатура заңы» деп атап, оның мәні конституцияға қайшы деп есептейді. Алайда, үкіметтің сөзіне сенсек, Киевтегі оқиғалардың астарында жаңа заңға наразылықтан гөрі билікті құлату пиғылы басымдау.
 
Майдандағы көпшіліктің жетекшілері президентпен осы аптада екі рет жүздесті. Біріншісінен нәтиже шыққан жоқ. Екіншісінің қорытындысы бойынша, тұтқындалған белсенділер босатылып, күш көрсету тоқтатылуы тиіс. Және де алдағы сейсенбіде Жоғарғы Радада кезектен тыс сессия өтіп, халық қалаулылары елді саяси дағдарыстан шығарудың жолын қарастырады.
 
Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу