«Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?»

19.01.2014
«Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?»
Мәңгілік ел! Талай тар заманды, зар заманды басынан өткерген біздің жұрт бүгінгі дәуірге жетті. Тарихты парақтасаң, боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба деген қыл-көпірден де өткен біздің жұрт. Енді ес жиды, өз алдына ел болды.
 
Бүгінгі ұрпақ мұраты сол елді біртұтас қалпы, бақуатты қалпы келер буынның еншісіне өткізу. Президент осыны айтты. Мәңгілік ел болу жолында ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұғысып болашақтың іргетасын бекіте түсу. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Мәңгілік ел идеясы кім-кімнің де көңілінен шыққаны даусыз.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. 
 
Мәңгілік ел идеясы бүгінгі біздің шамшырағымызға айналуы тиіс. Бұл енді көпті көріп, көңілге түйген үлкен буынның пікірі. Мәңгілік мемлекет деп жариялаумен іс бітпейді, барлық буын бір келеге келіп, бір мақсатқа жұмылуы тиіс. Сонда ғана идея өміршең болмақ.
 
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Алдағы уақытта осы жұмыстарды жүзеге асырсақ, біздің Мәңгілік ел ұлттық идея, ұлттық идеологияны жүзеге асыруға мүмкіндігіміз болады. Ұлттық идея деген - ол қазақтың ұлт болып, мемлекет болып қалыптасуы, мәңгілік ел болуға осындай ұйымшылдық арқылы, осындай алға қойған үлкен экономикалық жетістіктер арқылы 30 мемлекеттің ішіне енсек ұлттық идеяның жеңісі осы болмақ.
 
Чжан Нин, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Орта Азияны зерттеу бөлімінің меңгерушісі:
Қазақ халқы еңбекқорлығын, талапкерлігін әлем қауымының алдында дәлелдеді, мойындатты. Осы қасиеттерінің арқасында 2030 жылға жоспарланған нәтижелерге мерзімінен бұрын қол жеткізді. Жас мемлекеттің бүгінгі қарқынына қарап отырып-ақ, жаңа 2050 стратегиялық даму бағдарламасы сөзсіз орындала деген ойға келемін.
 
Татьяна Москалькова, РФ Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты:
Қазақ елінде болып жатқан өзгерістер Ресей үшін де маңызды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында үнемі терең мәселелерге тоқталады. Сондай-ақ, халықтың мұқтажын бірінші кезекке қояды.
 
Мехмет Сейфиддин Ерол, Халықаралық қауіпсіздік және стратегиялық зерттеу орталығының директоры:
Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында қажет салалардың барлығы қамтылды. Әсіресе, мемлекеттің әлеуметтік экономикалық даму бағытына қатысты тұжырымдамалар ұтымды. Біздің бауырлас елдің сыртқы саясаты көпвекторлы. Бұған әлем куә. 

Хабарламаларға жазылу