Жалақы мен жәрдемақы жайы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалақы мен жәрдемақы жайы

19.01.2014
Жалақы мен жәрдемақы жайы

Жолдауда қолдау тапқан, жұртшылықтың көңіліне жаққан тағы бір мәселе - жалақы мен жәрдемақы жайы. Жалпы, әлеуметтік саланы айтып отырмыз. Құжатта Елбасының ерекше екпін бергені 2050 жылға дейін Қазақстан өмір сүруге ең қолайлы әрі қауіпсіз ел болуы тиіс, дейді.

 
Сондай-ақ, жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім көлемін 4,5 есеге арттыру жоспарда бар. Нәтижесінде қала тұрғындарының үлесі 55 пайыздан 70 пайызға артады. Қазақстандықтардың өмір сүру жасы 80 жасқа дейін ұзарады. Еліміз алдыңғы қатарлы Еуразиялық медициналық туризм орталығына айналады, деді Президент.
 
Жолдауды халықтың басым көпшілігі теледидардан көрді. «Бәрінің көңіліне қуаныш сыйлап, көңілді тоқайтқаны әлеуметтік төлемдер», дейді біздің тілші Айнұр Омар.
 
Айнұр Омар, тілші:
Сонымен, Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауда да әлеуметке қарата бірқатар жаңалық айтты. Мысалы, медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы - 28, мұғалімдер еңбекақысы 29 пайызға артады. Басқасы басқа, ауыл халқы Жолдаудан осындай мәлімдемелер күтетіні анық. Өйткені, ауылда 2-3 үйдің бірінде не мұғалім, не дәрігер бар.
 
Өтебаевтар отбасы Елбасының әр сөзін қалт жібермей тыңдайды. Өйткені, Жолдауда осы үйдің әрбір мүшесіне қатысты жолдар бар.
 
Дәметкен Әлімбетова, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылы №2 орта мектебінің мұғалімі:
Менің 3 балам бар. Екі үлкен ер балам - кәсіпкер. Оған да Жолдау бойынша қаншама үлес қосылып жатыр. Қызым - студент. Елбасы шәкіртақыны көтермек, 25 пайызға.
 
Дәметкен Әлімбетова бастауыш сынып мұғалімі. Еңбекақысының өсетінін естіп, көңілі марқайып қалды.
 
Бұдан бөлек, үлкендердің бір сәт теледидарға үңіле қалғанын жақтыртпай жүрген мына екі балдырғанға да осы жолғы Жолдаудың қатысы бар. Сәбилерді балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз ету Мемлекет басшысының үнемі назарында жүретін мәселе.
 
Жолдау жасалған күні қазанға ет салынып, балалар да барын үстіне киді. Отағасының талабы осындай. Өйткені, Президент күллі елдің қамын ойлап, болашаққа бағдар берсе, бұл үйдің отағасы өзінің шағын мемлекетінің ертеңін жоспарлау керек. Қос ұлы да қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Ауыл халқының ақ батасын алып жүрген азаматтар.
 
Аят Өтебаев, жеке кәсіпкер:
Ауыл күн санап өсіп келе жатыр. Халық саны көп. Бұл жақта монша жоқ. Сосын әкімшіліктен рұқсат алып, мына жерге монша салдық. Елбасымыздың Жолдауы бойынша жергілікті әкімшіліктен ешқандай қиыншылық көрген жоқпын. Өте жақсы көмек беріліп жатыр, мемлекет тарапынан. Жеңілдетілген несиелер бар.
 
30 адамдық монша жұмыс істеп тұр. Аят болашақта дүкен мен компьютерлік клуб ашпақ. Құрылысын жазда бастаймын деп жоспарлап қойған. Бұл отбасылық бизнес болатынына күмән келтірмейді. Қолдау бар, жігер-қайраты бар, енді неден тартынбақ?
 
Қараөткел үлкен ауыл. Сондықтан, шағын ғана амбулаториялық пункт күндіз-түні адам аяғынан босамайды. Ауыл дәрігерлері күніне шамамен 30-35 адамды қабылдайды.
 
Ғалымжан Қашабай, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылының дәрігері:
2004 жылы жұмысқа кірген кезде менің жалақым 6 мың болған. Сол алты мыңмен жұмысқа кірген едім, қазір шүкір.
 
Дәрігерлер қазір шамамен 70-80 мың теңге жалақы алады. Еңбекақының өскені жақсы, ал еңбектің бағаланғаны одан да зор құрмет.
 
Ғалымжан Қашабай, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылының дәрігері:
Кешегі Елбасы Жолдауында жалақыны көтеру мәселесі қозғалды. Екіншіден қағаз мәселесі. Дәрігерлер қағазды өте көп жазамыз, бір жазған сөздерімізді 3-4 жерге жазамыз. Сол мәселесі қолға алынса.
 
Қағазбастылықты азайту мәселесін Мемлекет басшысы үнемі айтып жүр. Бірақ үйренген қол жазып, есеп сұраған басшылар әлі қағаздан арыла алмай келеді. Ал мынау ауыл әкімі. Бүгінгінің Күлтай болысы - Айнагүл әкім. Іс-қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізеді. Жаңа сайланған жас әкімнің талабы осы.
 
Айнагүл Көңбайқызы, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылының әкімі:
Мен өзім ауылдық жерде ел басқарып отырғаннан кейін, сайланған әкім ретінде жалпы халықтың көңіл-күйінен байқағаным, бұл Жолдауды қарапайым адамдар, әсіресе, еңбек адамдары күтеді. Өйткені, Жолдауда тың жаңалықтар айтылады.
 
Ауыл әкімі атқарушы биліктің бұқарамен тікелей жұмыс істейтін өкілі. Бірақ Жолдауды ол да науқан деп емес, қарапайым азамат есебінде тыңдайды.
 
Айнагүл Көңбайқызы, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылының әкімі:
Біз мемлекеттік қызметкерлер Б корпусына жатамыз. Елбасы бізді қуантып, келесі 2015 жылдың 1-ші маусымынан бастап бірден айлық жалақымызды 30 пайызға өсірейін деп отыр. Ол мемлекеттік қызметкерлерге үлкен қолдау.
 
Ауыл әкімдігіне зейнетақысын алуға келген қарттар әкімге бір соғып кетуді әдетке айналдырған. Қашанда жүзі жылы, сұрақтарына жауабы дайын әкім қызға разы. Бүгінгі келістері-кешегі Жолдауды бірге талқылау.
 
Әмірғали Тұржанов, зейнеткер, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылының тұрғыны:
Мұны істеу үшін бүкіл халық жас болсын, кәрі болсын, еңкейген кәріден, еңбектеген жасқа дейін ниет, тілек бір болса, Үкімет мәңгілік болады.
 
Түнде Жолдауды көріп, артынша телеарнадан ел болып Жолдауға қуанған халық туралы арнайы хабарды көрген ұстаз Дәметкен түнімен отырып, тәрбие сағатына дайындалды.
 
Бүгін міне, өз оқушыларына «Мәңгілік ел» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу