Басты Жаңалықтар Дәстүрлі өндіруші секторлардың тиімділігін арттыру керек пе?

Дәстүрлі өндіруші секторлардың тиімділігін арттыру керек пе?

Дәстүрлі өндіруші секторлардың тиімділігін арттыру керек пе?
Президент индустриялық бағдарламаның жобаларын қатаң сүзгіден өткізуді меңзеді. Бұл соңғы бір жылда бірнеше мәрте көтерілген мәселе. Көзі қарақты көрермен хабардар болар, зор жарнамамен ашқан кейбір нысандардың кейін қаңырап қалғанын көз көрді. Хош. Арғы сөзді Жолдаумен жалғайық.
 
Біз үшін дәстүрлі өндіруші секторлардың тиімділігін арттыру маңызды, деді Президент. Мұнай мен газды меңзеп отыр. Қазақ жерінің қойнауынан біріне-бірі ілесе шығып жатқан егіз байлық қазіргі Қазақстанның бағын ашып отырғанын бәріміз де білеміз.
 
Мұнай мен газ экспортының қазіргі әлеуетін сақтауды міндеттеудің сыры сонда. Сонымен қатар, Президент сирек металлдарды игеруге мықтап кірісуді тапсырды. Өйткені, сирек металлдар ғылым дендеп енген - электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтардың шикізаты.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жалпы, дәстүрлі салаларға қатысты біздің оларды дамыту жөніндегі бөлек жоспарларымыз болуы керек. Әрбір келесі бесжылдықтың нақты нәтижесі экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру болуға тиіс.
 
2050-ге дейін биылды қоя тұрғанда мұрты бұзылмай отыз бес жыл тұр. Президент соны жетіге жіктеп, әр қайсын бір-бір бесжылдық межеге бөлуді айтты. Әр бесжылдықта әрбір салаға басымдық беріліп, кешенді жұмыстар істелуі тиіс.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салған жөн.
 
Енді агро-кешен. Бұл енді қашаннан қазақтың оң жамбасына келетін сала. Бірақ, көне тәсіл көшті алға сүйрей алмайды. Жер, деді Президент, Жер - ұлттың байлығы. Сол ұлт байлығын дұрыс ұқсату үшін жаңа технологиялар керек.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек. Әсіресе, баға қалыптастырудың ашық механизмдері арқылы тиімді жер нарығын құру маңызды. Ауыл шаруашылығы жерлерін инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн.
 
Болашақ - аграрлық секторда! Шағын және орта бизнес дәл осы ауыл шарушалығына нық қадам жасауы керек. Президент осыны айтты. Мемлекет бизнесті несие арқылы қолдауы керек. Сосын делдал атаулы бұл саладан аулақ жүргені абзал. Сонда кәсіп те өркендейді, ел де ұтады.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан өңірде ет және сүт өнімдерін экспорттайтын ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет.
 
Иә, ғылым араласпаған сала қара күшпен игеріледі. Бірақ өнбейді, өспейді, өркендемейді. Сондықтан, Президент бұл салаға да ғылымды мықтап енгізуді тапсырды.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ  
Бөлісу