Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы ашылды

12.01.2014
Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы ашылды

Математика – ғылым. Алайда, сол математика секілді ақыл мен ойды, интеллектті қажет қылатын, адамның ми қатпарларының жұмысын жақсартатын бір ойын бар. Әрі жай ойын ғана емес, маңызды саяси стратегиялық алаң деуге болады. «Король», «Ферзь», «Ладья» деген фигураларын, «Дебют», «Миттельшпиль», «Эндшпиль» деген терминдерін айтсам, тез табасыз.

 
Бұл әрине - шахмат. Шахмат партиясын апталап, тіпті айлап ойнағандар болды. Әйгілі Гарри Каспаров және Анатолий Карповтың тарихта қалған ең ұзақ шахматтық партиясын білетін шығарсыз. Тура 5 айға созылып еді.  
 
Шахмат сөзі парсы тілінен тәржімалағанда шах - «патша», мат - «өлді» деген ұғымды білдіреді. Аңыз-әфсаналардан тарқатсақ, ең алғаш шахматты біздің дәуірімізге дейін мың жыл бұрын үндістандық математик ойлап тапқан деседі.
 
Кей деректерде шахмат біздің дәуірімізге дейін II-III ғасырда Мысыр, Ирак және Үндістанда пайда болған деп те айтылады. Шахматтан ресми әлем чемпионаты 1886 жылы өтіпті. Содан бері Стейниц, Ласкер, Капабланк дегендер тарихта қалды.
 
Сыртқа таңдай қақпаймыз, талантты шахматшылар бізде де бар. Жасындай жарқылдап жүрген Жансаяның өзі бір төбе. Шиырып әкеп, дөп түстік. Осы аптада Алматыда Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы ашылды. Қазақтың шахмат өнері үшін тарихи шараға жоғарыда айтып өткен атақты шахматшы Анатолий Карпов арнайы келді. Тіпті, Жансая екеуі шахмат ойнаған.
 
Алматыдағы шахмат академиясының тұсауын әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы, шахмат шебері Анатолий Карпов кесті. Небәрі 23 жасында әлемді мойындатқан гроссмейстер зияткерлік өнерге үйір ұл-қызға сәттілік тілеп, игі бастамаға қолдау білдіргені үшін ҚР Тұңғыш Президенті Қорына алғысын білдірді. Әлем чемпионының айтуынша, сәтін салса Жансаяның жаңа академиясы ел мерейін үстем етер шахматшылардың ұстаханасына айналмақ.
 
Жансая Әбдімәлік, Екі дүркін әлем чемпионы, «BRNO OPEN 2013» Халықаралық турнирінің жеңімпазы:
Шахмат үйреніп, шеберлігімді шыңдаймын деушілерге біздің академияның есігі ашық. 4 жастағы баладан ересектерге дейін қабылдап, оларға отандық және шетелдік жаттықтырушылар мен гроссмейстерлер дәріс береді. Мақсатымыз - таланттарды тауып, олардың әлемдік деңгейде өнер көрсетулеріне мүмкіндік беру.
 
Мұнан соң, ҚР Тұңғыш Президентінің Қорында Анатолий Карпов пен Жансая Әбдімәліктің матчы басталды. 4 партиядан тұратын текетіресте ұлтымыздың қаршадай қызы 12-ші әлемдік шахмат тәжін киген хас шеберді терең ойға батырды. 
 
Александр Бах, Шахмат Федерациясы қауымдастығының атқарушы директоры, бас төреші:
Меніңше, мына матч өте қызықты өтуде. Қазақстандық шахматшы әлем чемпионымен текетіресе қарсылық білдіруде. Бұл ойын Жансая үшін өте маңызды әрі пайдалы, деп ойлаймын. Сайыста ол соңына дейін күресіп, өзінің табандылығын көрсетті.
 
Еркін Исраилов, Қазақстан Шахмат федерациясының бірінші вице-президенті:
Соңғы 5-6 жылдың ішінде біздің жас қыздар әлем чемпионаттарында 18 медаль жеңіп келді. Әртүрлі алтын күміс, қола демекші. Соның ішінде мына Жансая деген қызымыз өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Соңғы турнирлердің нәтижесі бойынша Австрияда, Чехияда болды, үздік 100 шахматшының санатына кірді.
 
2 сағаттан асқан сайыста Жансая 2 партия рапидте де жол берді. Әйткенмен, 60 тақтаны қарамай ойнап, әлем рекордын жаңартып, әр фигураны 7 жүріс алдын ала ойлайтын қарымды қарсыласын қатты састырды.
 
Ал, қос блицтің бірінде тең түсіп, екіншісінде жеңді. 13 жастағы жас дарынның шебер жүрісі мен ойының ұшқырлығына тәнті болған әлем чемпионы, Жансаяның жанқиярлық еңбегіне оң баға берді.
 
Анатолий Карпов, шахматтан Әлем чемпионы:
Бірінші партияда мені әжептеуір тығырыққа тіреді. Мықты қарсылас. Қиын жағдайлардан тез шығып кетеді. Егер Жансая алда көп тер төгіп, еңбектенсе, биіктерден көрінетініне сенімім мол.
 
Жансая Әбдімәлік, Екі дүркін әлем чемпионы, «BRNO OPEN 2013» Халықаралық турнирінің жеңімпазы:
Мен үшін бүгінгі ойынның маңызы зор. Өмірімдегі ерекше, сәтті кездесулердің бірі, деп есептеймін. Әйгілі әлем чемпионымен ойын оңай болған жоқ. Кей жүрісте қиналдым. Әйтсе де, барымды салдым. Бұл кездесуден өзіме мол тәжірибе жинадым.
 
Алматыдағы айқастан соң, қос шахматшы Қаскелең қаласына барды. Елбасы оқыған Абай атындағы орта мектепті аралап, биыл 75 жыл толған оқу ордасының оқушыларымен кездесті. Салтанатты шарада А.Карпов жас жеткіншектерге «Білім - жарқын болашақтың негізі, ол үшін шахматпен жаппай шұғылданыңыздар», деді.
 
Анатолий Карпов, шахматтан Әлем чемпионы:
Бүгінде өркениетті елдерде шахматты мектеп бағдарламасына енгізу үрдіс алып келеді. Бұл қазіргі қоғамға, адамзат дамуына аса қажет бастама, деп ойлаймын. Сондықтан, мектептеріңіздегі шахмат үйірмесіне толағай табыс тілеймін. Қазақстанда да шахмат ойыны жақсы дамуда. Әсіресе, қыздар арасында кең өріс алуда. Бұл ҚР Тұңғыш Президенті Қоры қолға алған игі қадамдардың жемісі, деп ойлаймын.
 
Абай атындағы мектепте соңғы 5 жылдан бері ҚР Тұңғыш Президенті Қорының ұйымдастыруымен мектеп, ауданаралық шахмат турнирлері ұйымдастырылып тұрады.
 
Себебі, бұл мектеп 20 жылдан бері шахмат, қазақ шахматы, ойын дойбысы, тоғызқұмалақ сынды - зияткерлік ойындар үйірмесі жұмыс істеп, талай жеңімпаз шығарды. Қазір де жас шахматшылар даярлауда. Солардың бірі - Диана. 10 жасынан бекзат ойынға құмар жас дарын осы күзде мектепаралық жарыста 3-орын иеленді.
 
Диана Бейсенбаева, жас шахматшы: 
Шахмат маған логикасымен ұнайды, қатты. Ол адамның ойын жетілдіреді. Және де өте қатты қызық ойын. Қиын көрінгенімен шахматты игеріп алсаң, өте оңай ойын екендігі көрінеді.
 
Өсиет Әділханов, Зияткерлік ойын үйірмесінің жетекшісі:
Зияткерлік ойын дегеніміз - бұл балалардың ой-қабілетін жетілдіретін, ойлау қабілетін толықтыратын ойын түрлері. Мысалы, шахматты ойнасаң, толығады ой-санаң. Бұл бізге әсіресе, сабақ оқуға, ойлау қабілетін дамытуға өте керекті ойындар.
 
Елде шахматты шыңдап, мектеп бағдарламасына енгізсек, ұтарымыз мол болмақ. Алдымен, алғыр ойлы ұрпақ, білімді балғындар тәрбиеленері анық. Айтпақшы, сәтін салса, Жылқы жылы Жансая үшін табысты болмақ. Жуырда ол, бұрын ешбір қазақстандық шахматшы бармаған Гибралтарда өтетін халықаралық дүбірлі турнирге қатыспақ. Бақ емес бап тайталасатын бұл ойынға 300 шахматшы қатысады. Осал емес, 87-і халықаралық гроссмейстерлер.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу