Дөңгеленген дүние Жылқы жылынан не күтеді?
Жалпы Жаңа жылды жер-жаһанның жұрты үміт пен үрейдің құшағында қарсы алды. Үміттенетіндері - ат құйрығын кесіскен мемлекеттер бір-бірімен татуласып, тізе қосса. Ел іргесі тыныш болса, дейді. Үрейленетіндері - дін атын жамылған терроршы-экстремистер шырқымызды бұзбай ма, сауысқаннан сақ болуды үйреткен бұл заманда халықаралық жанжал оты тұтанбай ма, деп алаңдайды.
Қазір іші пысқанның бәрі болжам айтқыш болып кетті ғой. Былтыр саясаттанушылар Жылан жылы жайлы өтеді, деп долбар айтқан. Алайда, жаһандық саясатта күрделі бетбұрыстар, қарулы қақтығыс, соғыс-ұрыстар болды.
Кейбір елдердің дүрдараздығы араздыққа ұласты. Палестина мен Израиль секілді бітіспес жаулар бір-екі рет сойылдасып алып, басылды. Араб әлеміндегі ана жылы басталған бұлғақтар шарықтау шегіне жетті. Мысыр төңкерістен теңселіп тұр. Сирия әлі үрей құшағында.
Біз де бал ашудан, сәуегейліктен аулақпыз. Бірақ, 2014 жылы әлемнің бет-бейнесін айқындайтын ірі оқиғалардың жоспары бұған дейін-ақ жасалып қойған. Биыл Палестина мен Израиль ымыраласуға маңызды қадам жасауы керек. Алайда, екі жақтың татуласатынына тек Джон Керри ғана сенетін сияқты.
Сондай-ақ, 2014-те Ауғанстаннан НАТО мен Пентагон әскері кетейін деп отыр. Сондықтан, қарулы топтар қайта қол жинап, Кабулдегі орталық үкіметті құлатып, елде жаңа азаматтық соғыс бастала ма деген қауіп бар. Жаһан Жылқы жылынан тағы не күтеді?
Палестина мен Израиль. 65 жылға созылған дау, жауыр болған проблема. Бірақ, биылғы жылдан үміт бар. Мамырға дейін жауласушы тараптар «екі халыққа екі мемлекет» формуласының шарттары бойынша бір пәтуаға келуі тиіс.
Ал, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри екі жақты ымыраластырамын, деп Атлантиканың ар жағынан Таяу Шығысқа 10 рет келіп кетті. Бірақ, сәуірдің соңына дейін уақыт аз, прогресс шамалы.
Израиль даулы территорияларда өз азаматтарына арнап қоныс салуды тоқтатар емес. Онсыз да, оккупацияланған аудандарда қазір жарты миллионнан астам еврей тұрып жатыр.
Сонымен қатар, Израиль өзін еврей мемлекеті, деп тануды талап етіп отыр. Бұған Палестина қарсы. Және де Автономия әкімшілігі алдағы келіссөздер нәтижесінде барлық жерін қайтарып, 1967 жылға дейінгі шекарасы аумағында тәуелсіз мемлекет құрудан үмітті.
Махмұд Аббас, Палестина президенті:
Біз келіссөздерді Палестина мемлекетін құру жолында жүргізіп жатырмыз. Еліміздің астанасы Иерусалим болып, 1967 жылы жауланған территориялар өзімізге қайтарылып, Араб Бейбітшілік бастамасының 194-ші қарарына сай босқындар мәселесі де шешілуі тиіс.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
Бұл - біздің еліміз. Біз - Иерусалимде немесе Батыс жағалаудағы Хевронда бөтен халық емеспіз. Әрине, бейбіт келісім жасау керек. Бірақ, ол Израильдің, еврей халқының құқығын таптамағаны абзал.
2014 жылы «Ауғанстаннан АҚШ пен НАТО әскерлерін шығару» деген атпен тұтас бір эпопея аяқталайын деп отыр. Қазір Ислам республикасында Батыстың 100 мыңнан астам жауынгері мен офицері қызмет етіп жатыр. Олардың негізгі бөлігі Жылқы жылының соңына дейін әкетілу керек.
Бірақ, Батыс 2014-тен кейін де Ауғанстанда саны шектеулі контингент қалдыру мәселесін қарастырып жатыр. Болжамдарға қарағанда, олардың саны 8-12 мыңға жетуі мүмкін. Дегенмен, биылдан қалуы мүмкін сарбаздардың құқықтық мәртебесін анықтайтын қауіпсіздік келісімі әлі бекітілген жоқ. Президент Хамид Карзай бұл құжатқа сәуірде өтетін президенттік сайлаудан кейін, демек, өзі биліктен кеткен соң қол қоюды талап етіп отыр.
Джозеф Данфорд, генерал, америкалық қолбасшы:
Лойя джирга, яғни, Ауған ақсақалдарының жиыны 2014 жылдан кейін де мұнда шетел әскерінің қалғанын қалайды. Және де жергілікті халықтың 75-90 пайызын да коалициялық күштердің елден кетпегенін тілеп отыр.
Урсула фон дер Ляйен, Германия қорғаныс министрі:
Мұнда қауіпсіздік жағдайы әлі де сенімді емес. Дегенмен, елдің солтүстігіндегі ахуал басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай тұрақты.
2014 - сайлаулар жылы. Биыл 800 миллион адам Үндістанда парламенттің жаңа депутаттарын таңдайды. АҚШ-та Конгреске сайлау өтіп, демократтар Обаманың саясатын әрі қарай жүргізу үшін төменгі палатаны да, Сенатты да бақылауға алуға күш салады.
Сонымен қатар, Индонезия, Бразилия, Оңтүстік Африка, Нигерия азаматтары да дауыс беруге барады. Ал, Еуропа одағында 400 миллион адам мамырда Еуропарламенттің жаңа құрамын сайламақ.
Британияның «Economist» журналының болжамына жүгінсек, 2014-ті тәртіпсіздіктер жылы деп те атауға болады. Себебі, жер шарының 65 мемлекетінде экономикалық теңсіздік пен мемлекеттік биліктің тиімсіздігі, этникалық араздық салдарынан шерулер мен қақтығыстар, тіпті революциялар белең алуы мүмкін.
Тұрақсыздық негізінен Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Оңтүстік Еуропа елдерін жайлауы мүмкін, деген болжам бар. Ал, Сириядағы соғысты қаңтардың 22-де Женева-2 келіссөзі нәтижесінде тоқтатуға болады, дегенге біреу сенеді, біреу сенбейді.
Хосе Мануэль Гарсия-Маргальо, Испания сыртқы істер министрі:
Бір жақты позиция байқалмайды. Сондықтан, бұл келіссөздер жанжалды тоқтатпайтын тәрізді. Бірақ, ол жиын соғысты аяғына жеткізетін прогресстің бастамасы болуы мүмкін.
2014 - соғыс пен жанжал ғана емес, өсім жылына да ұқсайды. Барак Обама уәде бергендей, биыл дағдарыс аяқталып, экономика даму жолына түседі. Ал, «Голдман Сакс Груп» компаниясы сарапшыларының пікірінше, үстіміздегі жылы Еуропада рецессия тоқтап, мардымсыз болса да, экономикалық белсенділік байқалмақ.
Мұндай жағдайда, әлемде мұнайдың бір баррелінің бағасы 100 доллардан төмендеуі екіталай. Кейбір болжамдарға қарағанда, «қара алтынның» құны Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа байланысты өсіп кетпесе, түспейді. Ал, дүниежүзінің екінші экономикасы - Қытайда былтыр экспорттың өсімі баяуласа, биыл шапшаңдай түспек.
Цзэнь Юэшэнь, Қытай кедендік әкімшілігінің ресми өкілі:
Егер халықаралық және ішкі экономика үлкен қауіпке душар болмаса, Қытайдың сыртқы саудасы тұрақты өсім жолына түсіп, оның сапасы мен тиімділігі жақсаратын болады.
2014 жыл - ойындар жылы. Ақпанда Сочи Олимпиадасы, маусымда - Бразилияда футболдан әлем чемпионаты. Екеуі де спортсүйер қауым үшін – үлкен мереке.
Мұндай ауқымды шаралар мереке ғана емес, бір жағынан мемлекет басшылары үшін сайлау алдында, әлем алдында бедел көтерудің, ұпай жинаудың таптырмас мүмкіндігі. Егер жергілікті команда алтыншы рет әлем чемпионы атанып жатса, президент Дильма Русефтің күзде өтетін сайлауда тағы да көш басынан көрінуі ғажап емес.
Ал, Кремль басшысы Қысқы ойындарға 50 миллиард доллар жұмсап отыр. Сочиде қаңтардың өзінде де ауаның температурасы 0 градустен төмендемейді. Бірақ, қардан тапшылық көрмейміз, дейді Олимпиаданы ұйымдастырушылар.
Сергей Естрин, Сочи-2014 Олимпиадалық комитетінің мүшесі:
Қар болады, оған күмәнім жоқ. Сонымен қатар, қолға алған шаралардың нәтижесінде былтырдан қалған 500 мың текше метр қарды сақтап қалдық. Олардың бір бөлігі табиғи, бір бөлігі - жасанды.
Биыл әлем атап өтетін бір дата бар: 2014 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына тура 100 жыл толады. Ғаламдық жанжал отының тұтануына Сараевода 19 жастағы серб ұлтшылының Австрия эрцгерцогы Франс Фердинанды өлтіруі түрткі болды.
Дүниенің ондаған мемлекетін шарпыған сұрапыл соғыста 10 миллиондай жауынгер қаза тапты. Және де қарулы қақтығыстардан, аштық пен эпидемиядан тағы 20 миллиондай бейбіт тұрғын қырылды. Сонымен қатар, Ұлы соғыс төрт империяны күйретті: Ресей, Австро-Венгрия, Осман және Герман империяларын.
Арыстан РЫСБЕК
Автор
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Түркістан облысында жас шахматшылардың турнирі өтті
27.04.2026, 13:20
Елордадағы №1 индустриялық парк аумағына 1000 түп көшет отырғызылды
27.04.2026, 13:15
Экологиялық акция өткізу туралы меморандумға қол қойылды
27.04.2026, 13:12
Қостанай облысының ауылдарында дәрігер тапшы
27.04.2026, 13:09
Буллингке қарсы жаңа жедел жүйе іске қосылды
27.04.2026, 13:06
Шымкентте құмар ойын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
27.04.2026, 13:03
Алаяқтардың жаңа айласы анықталды
27.04.2026, 13:00
Астанада «Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті
27.04.2026, 10:19