Биыл Моңғолияның Қобда бетіне қазақтардың қоныстанғанына 150 жыл. Осы мерейлі дата қарсаңында қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгей аймағында аламан атжарыс болып, ақындар айтысқан дүбірлі той өтті.
Бұл — бұрын-соңды болмаған той. Бай-Өлкенің бәйге төбесіне жиылған 40 мыңға тақау бұқараның ортақ пікірі осыған келіп саяды. Себебі бұл тойға Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Қырғыз елінен ақындар, аты Моңғол еліне танымал палуандар қатысты. Осы тойды кезінде Бай-Өлкеде туған, қазір Қазақстанда тұратын Байтемір ұрпақтары ұйымдастырды.
Ермұрат Байтемірұлы, кәсіпкер:
Елбасының «Туған жерге туыңды тік» деген бастамасын қолдап, ата-бабамызға ас беріп жатырмыз. Палуан, ат жарыс, Қазақтың ұлттық ойыны теңге ілу...
Ғылымхан Айыпұлы, Баян-Өлгей аймағының әкімі:
Аймақ халқы риза. Мұндай той бұрын-соңды болмаған. Ата-баба рухын ұлықтап...
Бұл той қазіргі тойлардан өзгеше. Жайлауда қазақы салт-сана салтанат құрған. Ескі мен жаңа әдемі үйлесім тапқан. Біреулер тойға темір тұлпармен келсе, енді бірі атты тақымдап келген. Бәрінің мақсаты — ата-баба рухына оқылған құранға қатысу, әрі жайлаудағы тойдың дәмін тату. Моңғол халқы күреске құштар. Палуан десе ішкен асын жерге қояды. Ережесі де ерекше. Палуанның тізесі, не шынтағы жерге тисе жеңілген болып саналады. Білекті жігіттермен терезесі тең күресіп жүрген қандастарымыз да бар.
Өзгеріс Манарханұлы, палуан:
Жаңа Келіп жатырмын. Жазда үш ай демалыс...
Жыл сайын Бай-Өлкеге 70-тен аса мемлекеттен 150 мың жүргінші келеді. Оның 70 пайызы Қазақстан азаматтары. Әрі жүздеген студент Қазақ елінде жоғары оқу орындарында тегін білім алады. «Осының бәрі екі ел арасындағы ынтымақтың белгісі»,- дейді жергілікті атқамінерлер.
Бауыржан Дәлелұлы, Баян-Өлгей аймақтық құрылтайының төрағасы:
2017 Қазақстан мен Моңғолия арасында кеңес өткен. Сонда екі ел арасын жақындату, мәдениетін жақындату сөз болған. Сол отырыстың нәтижесі бойынша атқарылған іс деп отырмыз.
Той тартусыз болмайды. Жеңімпаз палуандар джип мінсе, аты бәйгелі болған атбегілер де темір тұлпар тақымдады. Ал үздік ақынға деп тігілген жеңіл көлікті Қытай елінен келген Ержанат Байқабайұлы мінді.
Ғабит БӨКЕНБАЙ