«Боинг» компаниясы Эфиопиядағы ұшақ апаты құрбандарының туыстарына 100 миллион доллар өтемақы төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Боинг» компаниясы Эфиопиядағы ұшақ апаты құрбандарының туыстарына 100 миллион доллар өтемақы төлейді

04.07.2019

«Боинг» компаниясы былтыр қазанда Индонезияда, биыл наурызда Эфиопияда болған ұшақ апаттары құрбандарының отбасыларына 100 миллион доллар төлейтін болды.

«Боингтың» 737 МАХ маркалы лайнерлері екі мемлекетте құлағанда, бас-аяғы 346 адам мерт болды. Сол трагедиялардан кейін әлемде мұндай үлгідегі ұшақтардың әуеге көтерілуіне тыйым салынып, америкалық концерннің беделіне дақ түсті.

Бөлінген қаражат отбасылардың өздеріне тікелей емес, жергілікті үкіметтер мен коммерциялық емес ұйымдарға аударылады. Бірақ, өтемақыны авиациялық апаттан қаза болғандардың туыстары білімге, күнделікті шығындарға жұмсай алады.

Жалпы алғанда, 100-ден астам отбасы «Боингті» сотқа берген. Дегенмен, нарықтағы беделін қайта көтеруді мақсат еткен концерн өтемақының бұл шағымдарға қатысы жоқ дейді.

Екі апаттың себебі ресми түрде әлі аталған жоқ. Алайда, жүргізілген тергеу нәтижелеріне қарағанда, әуе машиналарының екеуі де ұшуды бақылау бағдарламасындағы ақаудан құласа керек.

Арыстан РЫСБЕК

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу