Ресей, Түркия және Иран президенттері Тегеранда кездесіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей, Түркия және Иран президенттері Тегеранда кездесіп жатыр

07.09.2018

Вашингтонның қаһарына ілігіп, санкцияларының зардабын тартып отырған үш мемлекет - Түркия, Ресей және Иран басшылары Тегеранда бас қосты. Олар басқа да тақырыптармен қатар, қазірде бүкіл әлемнің назары ауып отырған Сириядағы жағдайды талқыламақ. Оның ішінде Сирия президенті Башар Асадқа қарсы күштер шоғырланған Идлиб провинциясындағы ахуал. Соңғы мәліметтерге қарағанда Сирия әскері Ресей әуе күштерінің қолдауымен осы провинциядағы қарулы топтарға қарсы операция бастауға әзір тұр. Бірақ, ол жерге шекарасы тиіп тұрған Түркияның бұл мәселеге қатысты ұстанымы өзгеше. Сондықтан, Тегерандағы кездесуде үш ел басшысы мәселені өзара талқылап, ортақ мәмілеге келуді ойластырып отыр.  «Астана процесі» форматында өтіп жатқан келіссөздерде олар қарама-қайшылығы көп мәселенің ортақ шешімін табуға тырыспақ.

Ресей, Түркия және Иран президенттері бүгін Тегеранда кездесіп жатыр. Олар Сирия оппозициясының қолында қалған соңғы бастион - Идлиб провинциясына байланысты бір келісімге келуді көздейді. Хасан Рухани, Владимир Путин мен Реджеп Тайып Ердоған арасындағы жоғары деңгейдегі кездесу дипломатия қандай да бір әскери қимылдарды тоқтата ала ма, жоқ па, соны анықтап береді. Әзірше, Асад әскері Ресей авиациясының және Иранның қолдауымен көтерілісшілерге қарсы ауқымды операция бастағалы жатыр. Идлиб үшін соғыс - ақырғы ірі шайқас болуы мүмкін. Алайда, Түркия мәселені дипломатиялық жолмен шешуді ұсынып отыр. Дәл осы келіспеушілік бұл науқанды бастауға кедергі болып отыр.

Филиз Катман, Стамбул айдын университеті профессорының көмекшісі:

- Тараптардың барлығы мұның үлкен саяси ойын екенін және оны өте жақсы ойнау қажет екенін түсінеді. Бүгін Тегерандағы келіссөз үстелінде әркім өзінің ұлттық мүддесін алға тартады. Яғни, бұл саммитті одақтастардың бас қосуы деп емес, мүдде қорғайтын алаң деп қарастырған жөн.

Түркия Идлибте соғыс басталса, өз жеріне Сириядан мигранттармен бірге террористік элементтер де кіруі мүмкін деп қауіптеніп отыр. Сол себепті, Анкара үшін Идлибті бұрынғысынша қауіпсіз аймақ ретінде сақтап қалған маңызды.

Мамырда Түркия Идлиб периметріне 12 бақылау пунктін орнатты. Бұл нысандарды кішігірім әскери базаға теңеуге болады.  Ал, Тегеран Израильмен, Ливанмен шекаралас Араб Республикасында өз позицияларын сақтап қалуға мүдделі. Мәскеу қарулы топтар Идлибтен қалай болса да шығарылуы тиіс деген пікірде.

Айта кетсек, бұдан екі-үш күн бұрын Ресей әуе күштері Идлибке соққы беріп үлгерді. АҚШ пен Еуропа одағы болса, Сирия үкіметін қарулы оппозицияға қарсы шабулды бастамауға шақырып отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

-Олар Идлибті 35 мыңдай дұшпан бар деп қоршауға алып отыр. Ал, мұнда қазір 3 миллионнан астам бейбіт адам тұрып жатыр. Идлибте қантөгіс болса, оған кінәлілер АҚШ пен күллі әлемнің қаһарына ұшырайды.  

Түрлі болжамдарға сай, Идлибте қазір Асад әскеріне қарсы соғысатын 40-50 мыңдай көтерілісші бар. Ал, тұрғындар болса, алдағы шабуылдардан үрейленіп отыр. Мұнда тұрып жатқан 3 миллиондай адам Сирияның соғыс оты шарпыған өзге де аудандарынан бас сауғалап барғандар.

Бұл елде  7 жыл бойғы соғыстан жарты миллионнан астам сириялық отқа ұшып, 11 миллионнан астамы үйлерін тастап кетті. Саяси сарапшылардың пікірінше, «Астана үштігінің» кездесуінде үш тараптың да ұстанымын есепке алатын шешімдер қабылданатынына сенім мол.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу