Трамп: НАТО қорғаныс бюджетін өсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп: НАТО қорғаныс бюджетін өсіреді

12.07.2018

АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ның саммитінде жеңіске жеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, солтүстікатлантикалық альянс елдері ортақ қорғанысқа бөлінетін жарналарын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеруге келіскен.

Трамп көптен бері НАТО мемлекеттерінен әскери бюджетті өсіруді талап етіп келеді. Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, сол талаптың нәтижесінде «натолықтар» бір жылдың ішінде ұжымдық қорғанысқа жұмсалатын шығынды 33 миллиард долларға арттырған. Сонымен қатар, Трамп Американы НАТО-дан шығару туралы шешім қабылдай алатынын ескертті. Бірақ, оның айтуынша, Вашингтонға мұндай шешім қажет емес.

Келесі аптада Трамп Хельсинкиде президент Владимир Путинмен кездеседі. Сол келіссөздер қарсаңында ол Мәскеуді жау емес, бәсекелес деп атап, келешекте Путинмен дос болуға үміт білдірді.

НАТО-ның саммиті Брюссельде кеше ашылып, бүгін де жалғасты. Онда бюджет мәселесімен бірге Ауғанстандағы соғысты тоқтату, оған қаржылай көмек беру проблемасы да талқыланды. Бұған қоса, Македонияға НАТО-ға 30-шы ел болып кіру туралы келіссөздерді бастау жөнінде ұсыныс жасалды.

 

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу