НАТО Шығыс Еуропаға 4 батальонын, ал Ресей Батыс шекарасына 3 дивизиясын орналастырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

НАТО Шығыс Еуропаға 4 батальонын, ал Ресей Батыс шекарасына 3 дивизиясын орналастырады

08.05.2016
НАТО Шығыс Еуропаға 4 батальонын, ал Ресей Батыс шекарасына 3 дивизиясын орналастырады
Егер НАТО Польша мен Балтық елдеріне қосымша 4 батальон шоғырландыратын болса, Ресей бұл жоспарды жауапсыз қалдырмайды. Мәскеу елдің батыс және оңтүстік шекараларына жыл соңына дейін 3 дивизия қояды. Мұны Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу ескертті. Сонымен қатар, биыл қаңтарда белгілі болғандай, Кремль стратегиялық ядролық полкты да қорғанысқа жұмылдырмақ. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, жаңа дивизиялардың әрқайсында 10 мыңдай сарбаз қызмет етуі мүмкін.

Сергей Шойгу, Ресей Қорғаныс министрі:
Қорғаныс министрлігі бірқатар шараларды қолға алып, Ресей шекарасы маңында НАТО құрылымдарының орналасуына қарсы тұрады. Осы жылдың соңына дейін 2 жаңа дивизия батыстағы, біреуі оңтүстіктегі әскери округте шоғырланады. Қазір біз сол дивизиялар орналасатын жерлер мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Болжамдарға қарағанда, Ресей 3 дивизияны өзінің Украинамен, Беларусьпен, Балтық республикаларымен, Финляндиямен, Грузиямен және Әзірбайжанмен шекаралас аудандарына орналастыруы мүмкін.

Ал, дүйсенбі күні АҚШ Қорғаныс министрі Эш Картер НАТО-ның Шығыс Еуропа елдеріне 4 батальон жөнелту мәселесін таразылап жатқанын растады.
Эстония, Латвия, Литва Солтүстікатлантикалық альянсқа 2004 жылы өтті. Бірақ, Украинадағы жағдайдан кейін бұл мемлекеттер НАТО-дан әскери көмекті көбірек талап ететін болды. Пентагон басшысы осы аптада Германияға сапарында тағы мәлімдегендей, трансатлантикалық одақ Балтық елдерін қорғансыз қалдырмайды.

Эш Картер, АҚШ Қорғаныс министрі:
Біздің міндетімізге Балтық республикаларын қорғау да кіреді. Агрессияға, гибридтік соғысқа қарсы тұруға тиіспіз. Қазір НАТО-да талқыланып жатқан дайындық жөніндегі мәселелердің барлығына осы екі жайт себепші.

НАТО-ның 4 батальоны Эстония, Латвия, Литва және Польша жеріне шоғырланады. Американың «The Wall Street Journal» газетінің мәліметінше, олардың құрамында бас-аяғы 4 мыңдай жауынгер болуы мүмкін.

Ал, кейінгі кездері АҚШ бұл бағытта қорғаныс бюджетін арттырып отыр. Шығыс Еуропада әскери жаттығулар 2014 жылдан бері жиілеп кетті. Сол әзірлік шараларына қатысып жүрген теңіз жауынгерлерінің, әуе күштерінің, арнайы қызмет сарбаздарының саны бүгінде 40 мыңға жетіп қалды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу