Еуропада көлік қызметкерлері ереуілдетіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада көлік қызметкерлері ереуілдетіп жатыр

10.04.2018

Германияның Мюнхен, Кельн, Бремен және Майндағы Франкфурт әуежайларының жұмысшылары митингілерге шықты. Соның салдарынан бүгін «Lufthansa» әуе компаниясы 800 рейсті доғарған. Кестедегі өзгерістерге байланысты 90 мың жолаушы діттеген жерлеріне жете алмай отыр.

Акцияларға қауіпсіздік қызметкерлері мен әуе айлақтарының жердегі қызмет мамандары қатысып жатыр. Ереуілшілер жалақыны өсіруді талап етуде.

Франк Бирске, ереуілші:

- Бірнеше күннен кейін кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында айлықты өсіру мәселесі жайлы келіссөздердің үшінші кезеңі өтеді. Алғашқы екеуі еш нәтиже бермеді. Біз  2 миллион 300 мың қызметкердің еңбекақысы 6 пайызға, немесе 200 еуроға көтерілуін қалаймыз.

Ал, Францияда теміржолшылардың ел тарихындағы ең ауқымды шеруі әлі жалғасып жатыр. Көптеген бағыттарда жүретін пойыздар сапарға аттанған жоқ. Сәуірдің 2-де басталған ереуілдің кесірінен компания шығындары 100 миллион еуроға жетті.

Теміржол қызметкерлері Париж орталығына жиналған. Олар үкіметтің осы саланы жекешелендіру жоспарына қарсы.

Мадина РАХЫМБЕК

Хабарламаларға жазылу