Ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин белгілі шахматшы Бибісара Асаубаеваға жала жапқаны үшін жарыстардан  шеттетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин белгілі шахматшы Бибісара Асаубаеваға жала жапқаны үшін жарыстардан  шеттетілді

03.04.2018

Бұл күндері Ресейдің атынан өнер көрсетіп жүрген белгілі шахматшы жерлесіміз Бибісара Асаубаеваға жала жапқан ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин әлемдегі барлық турнирлерден 18 айға шеттетілді. Халықаралық шахмат федерациясы осындай шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық арнаға жеке сұхбат берген Бибісараның адвокаты Александр Добровинский мәлімдеді. Ресейдегі көптеген ірі бизнесмендер мен әйгілі шоу-бизнес өкілдерінің адвокаты ретінде танылған маманның айтуынша, федерация өкілдері Уругвайда өткен чемпионат кезіндегі Бибісараның барлық ойынын қайта тексеріп, оның ешбір айла-әрекетсіз, таза жеңгені туралы 30 беттен тұратын зерттеуін жариялаған. Енді осы материалдардың барлығы 21-сәуірде Бибісара Асаубаеваның шағымы бойынша өтетін Мәскеу сотының отырысында қаралады. Александр Добровинский 14 жастағы чемпионның жарыстарда ғана емес, сотта да жеңіске жететіне толық сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Евгений Соложенкин Бибісара Асаубаеваны «электронды құралдар мен гроссмейстерлердің көмегімен ойнайтын спортшы» деп айыптаған. 

Александр Добровинский, Бибісара Асаубаеваның адвокаты:

- Соложенкин мырза шахматпен айналысудың барлық түрінен шеттетілді. Яғни, ол жаттықтырушы ретінде де, кеңесші ретінде жарыстарға қатыса алмайды, тіпті біреумен еріп баруға да тыйым салынған. Оған тек қана ас үйде отырып алып, компьютермен шахмет ойнауға ғана рұқсат. Бұл өте дұрыс шешім және біз судьядан оны іске тіркеуді сұраймыз. Біз Соложенкиннен 6 миллион рубль өндіріп алғалы отырмыз. Бірақ, мәселе ақшада емес, бастысы, Бибісараның адал ойыншы екенін дәлелдеу керек. Біз тіпті егер Соложенкин жала жапқанын мойындап, жария түрде кешірім сұраса, істі бейбіт түрде шешуге де дайынбыз. Мен Бибісараның ісі бойынша, адвокат ретінде 1 тиын да алмаймын. Себебі, маған әділдік керек, ал, әлемнің 5 дүркін чемпионы жалақорлардың құрбаны болмауы керек.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу