Бүгін бүкіл Ресей бойынша қаралы күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін бүкіл Ресей бойынша қаралы күн

28.03.2018

Көрші елдің барлық аймағы Кемероводағы өрттен опат болған 64 адамды еске алуда. Мәселен, Мәскеу қаласындағы орталық алаңдарға кешелі бері мыңдаған адам келіп, гүл қойып жатыр. Ал, Кемерово қаласында қайтыс болған азаматтардың алды жер қойнына тапсырыла бастады. Дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғадан соң қарапайым халық бұл істі соңына дейін зерттеп, барлық кінәлі тұлғаларды жазалауды талап етіп жатыр.

Бүгін бүкіл Ресей халқы Кемероводағы өрт кезінде қайтыс болған адамдарды аза тұтып жатыр. Жалпы, құрбандарды еске алу акциялары кешке кешкісін Ресейдің бірнеше қаласында қатар басталған. Бұл шара, бұл акция әлі де жалғасып жатыр. Мәселен, Мәскеу қаласындағы Манеж және Пушкин алаңдарына қарапайым халық келіп, гүл қойып, еске алып жатыр. Сонымен қатар, акцияға келушілер осы өрт кезінде опат болған балалардың суреттерін әкеп, балалардың жұмсақ ойыншықтарын қойып жатыр. Мұнда келушілердің көпшілігі қайғылы, қаралы хабарды естіген кезде үйлерінде байыз тауып отыра алмағандарын айтады.

Дарья Чернобай, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Алғаш апатты естігенде менде қорқыныш сезімі болды. Әрине, өте өкінішті. Кейбір мамандардың салғырттығынан адамдар өліп жатыр. Оның үстіне ,кішкентай балалар саны көп. Бұл біз үшін үлкен трагедия.

Геннадий Верблюдов, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Әділетсіздіктен жүрегім қарс айырылып тұр. Интернеттен қайтыс болған балалардың тізімін көргенде тоқтай алмай жыладым. Мысалы, Еуропада барлық жерде тәртіп бар. Ал, бізде бейберекет тірлік. Мұндай оқиғалар үнемі қайталанады. Бірақ, түк өзгеріп жатқан жоқ. Не деген елміз, түсінбеймін?! Өрт сөндірушілер өз міндетін атқарған жоқ. Ал, балаларды сыртынан жауып кеткен адамдар қалай жер басып жүр екен?!

Жалпы, мұндай қаралы күн Ресейдің бергі тарихында 29-шы мәрте жарияланып тұр. Соңғы бірнеше жылдың өзінде көптеген апатты жағдайлардың, қайғылы оқиғалардың болғанын білеміз. Мәселен, Синай түбегінде жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, одан кейін Сочиде әскерилер мінген ұшақ апатқа ұшырады, сонымен қатар, Санкт-Петербургте теракт болды. Алайда, халықтың дәл бұлайша қайғыруын бірінші рет көруіміз. Оның себебі түсінікті де. Өйткені, Кемероводағы өрт кезінде 64 адам опат болды және ең қиыны олардың 41 бейкүнә балалар. Сондықтан да, мұнда келген жұрт ерекше қайғырып, қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтып, солармен бірге екендіктерін айтып жатыр. Жалпы, бүгінгі қаралы күнге байланысты Ресейдегі ғимараттарда барлық мемлекеттік тулар төмен түсірілді, ал, телеарналар ойын-сауық бағдарламаларын, тіпті жарнама көрсетуді тоқтатты.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу