Наурыз - бейбітшілік пен бауырмалдықтың мерекесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз - бейбітшілік пен бауырмалдықтың мерекесі

22.03.2018

Наурыз – ұлт пен ұлысты біріктіретін берекелі мереке. Түркиядан Қазақстанға қоныс аударып, қазақтың тіршілігіне біте қайнасып кеткен Джейда Бозджаның пікірі - осындай. Осыдан 18 жыл бұрын атажұртқа келіп, шағын іс бастаған кәсіпкер келіншек бүгінгі күні қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, ұлттық мерекелерін жібермей келеді. Қарамағындағы қызметкерлерін бір дастархан басына жинап, ұлыстың ұлы күнін атап өтеді.

Түрлі ұлттың басын босқан бұл дастархан шағын цехта жылда жайылады. Иесі - Джейда Бозджа. Түркиядан атажұртқа көшіп келген келіншек Ұлыстың ұлы күнін ерекше құрметтейді. Өз елінде әз-Наурыз дүркіретіп тойланбаса да, қазақ жеріне қоныс аударғалы бері мерекені еш жіберген емес. Өзі көже дайындап, бауырсақ пісіріп, жылда дәстүрді үзбей келеді.

Джейда Бозджа, кәсіпкер:

- Наурыз мен үшін бейбітшілік пен бауырмалдықтың мерекесі. Реніштер ұмытылып, достық жанданатын күн. Өкінішке қарай, Түркияда бұл керемет мереке мемлекеттік деңгейде ресми тойланбайды. Тек бірнеше қалада шағын түрде аталып өтеді. Ал, Қазақстанда әр отбасы асыға күтетін мейрам саналады. Мен фабрикамда жұмыс істейтін әрбір қызметкерді бір дастарханға жиып, бір-бірімізге жақсы тілектер айтып отыруды дәстүрге айналдырттым. Бұл мерекені өте жақсы көремін.

Джейда Бозджа тек ұлттық тағам мен мерекімізді ұлықтап қана қоймай, қазақстандық өнімді әлемге танытып жүр. Өзінің шағын цехында жиһаз дайындайды. Қол астындағы қызметкерлердің барлығы қазақстандық. Өнімге қажетті заттар да жергілікті.

Джейда Бозджа, кәсіпкер:

- Қазақ брендін дүниежүзілік деңгейге шығару керек. Қазақстандық өнімдер бәсекеге қабілетті бола бастады. Мысалы, біз шығаратын өнімдердің сапасы сонау Еуропадан әкелетін тауарлардан еш кем емес. Біз өнімге қажетті заттардың ешқайсысын шетелден алмаймыз. Өзге елге салық төлеп жүргенше, бір тиын болса да, Қазақстанда қалсын деген мақсатпен істеймін барлығын. 

Береке мен бірлік үйлескен бұл ұжым Наурызды «татулықты ту еткен мереке», деп санайды. Ырыс пен ынтымақтың символы ретінде көреді. Ұлыстың ұлы күнінде барлығы барша қазақстандыққа ақжарма тілектерін жеткізді.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу