Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанның алдын ала нәтижесін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанның алдын ала нәтижесін жариялады

19.03.2018

Владимир Путин Ресей Президентінің сайлауында 76,66 пайызбен жеңіске жетті. Бұл туралы көрші елдің Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді. Бұған дейін 3 мәрте Ресейді басқарған саясаткер мұндай көп дауысты бірінші рет алды. Электорат та бұл жолы дауыс беруге белсенді қатысты. Жалпы, сайлаудың соңғы әрі ресми нәтижесі алдағы 10 күннің ішінде белгілі болады. Алайда, ол бәрібір, қазіргі көрсеткішке көп әсер ете қоймайды.

Бюллетеньдердің 99,8 пайызын санап шыққан Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанның алдын ала нәтижесін жариялады. Соған сәйкес, Владимир Путинге ресейліктердің 76,66 пайызы дауыс берді. Екінші орында 11,8 пайызбен коммунист Павел Грудинин, ал одан соң 5,66 пайыз жинаған Владимир Жириновский тұр. Саяси додаға қатысқан өзге үміткерлердің көрсеткіші 2 пайызға да жетпеді. 

Элла Памфилова, РФ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Біз үшін сайлаудың таза әрі шынайы өткені маңызды. Сондықтан, бұрмалау немесе бірдеңені жасыру әрекеттері болған жоқ. Керісінше, өздеріңіз көргендей, Орталық сайлау комиссиясы заңбұзушылықтарға жол бермеді.   

Ресей аумағында кеше 97 мыңнан аса сайлау учаскесі ашылды. Бұдан бөлек, шетелде жүрген азаматтар үшін әлемнің 145 мемлекетінде 401 учаске жұмыс істеді. Ал, сайлау кезінде дауыс беру құқына ие 107 миллионнан аса электораттың 67,47 пайызы өз таңдауын жасады.

Вера Филипова, сайлаушы:

- Сайлауға келіп дауыс беру менің азаматтық парызым. Сол себепті ертерек тұрып өз таңдауымды жасадым. Бұл сайлау мен үшін жер бетіндегі бейбітшілік деген сөз. Әлемдегі барлық мемлекеттер бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрсе екен деймін. 

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Ресей Президентінің бұл жолғы сайлауында жаңа технологиялар көбірек қолданылды. Мәселен, сайлау учаскелерінде бюллетендерді автоматты түрде есептейтін арнайы кешен яғни, электронды жәшік қойылды. Бұдан бөлек, әрбір сайлау учаскесіне бейнебақылау камералары орнатылды. Яғни, кез келген адам онлайн режимде дауыс беру процесінің қалай болып жатқанын бақылауға мүмкіндік алды. Мәселен, мына менің артымда тұрған мониторда сайлау учаскелеріндегі жағдайдың қалай болып жатқанын көруге болады.

Ресейдегі саяси науқанды әлемнің 87 елінен және бірқатар халықаралық ұйымдардан келген 1513 маман бақылады. Саны жағынан ең көп байқаушы яғни, 203 адам Қазақстаннан келді.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, халықаралық байқаушы:

- Біз Мәскеудегі бірнеше учаскелерде болып сайлауды көрдік. Сайлау өте дұрыс ұйымдастырылған. Өз ретімен жүріп жатыр. Дауыс беруге барлық жағдай жасалған. Өте адал өтіп жатыр деген нәтиже айтуға болады.

Дженис Аткинсон, Еуропалық парламенттің депутаты (Ұлыбритания), халықаралық байқаушы:

- Президент сайлауында халық өте белсенді болды. Мәселен, мен өз еліммен салыстыратын болсам, Британияда жұрт дауыс беруге көп қатыспайды.Әсіресе, жастар жағы белсенді болды. Жалпы сайлау да, Ресейдегі сайлау жүйесі де маған ұнады.

Осылайша, Владимир Путин 4-ші мәрте Президент болып сайланды. Ол енді Ресейді алдағы 6 жыл бойы басқарады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу