Вашингтон жариялаған «Путин тізімі» немесе «Олигархтар тізімі» Ресей саясаткерлері мен бизнесмендерінің, компаниялары мен мемлекеттік мекемелерінің беделіне нұқсан келтіреді. Мұны бүгін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Айта кетсек, осыдан бірнеше сағат бұрын АҚШ әкімшілігі президент Владимир Путиннің айналасындағы адамдардың есімдерін жариялады. Бұл баяндамаға бас-аяғы 210 адамның аты енгізілген. Олардың 114-і – ірі шенеуніктер, 96-ы – олигархтар. Тізімге іліккендердің арасында Ресей президенті әкімшілігінің барлық жетекшілері, кеңесшілері мен көмекшілері, сонымен қатар, үкіметтің барлық мүшелері, мемлекеттік компаниялардың басшылары мен бизнесмендер бар. Баяндамада бұл адамдардың президентпен қаншалықты байланысты екені, олардың сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы мен байлығы жайында мәліметтер келтірілген. Бұл тізім Конгрестің сыртқы істер, қаржы және банк қызметі палаталарында қаралғаннан кейін Ресей элитасына қарсы санкциялар жариялануы мүмкін.
Арыстан РЫСБЕК