Сена өзенінен бірнеше қалаға қауіп төнді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сена өзенінен бірнеше қалаға қауіп төнді

30.01.2018

Парижде Сена өзенінің деңгейі шегіне жетіп, бірнеше қалаға қауіп төнді. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, су деңгейі 6 метрге жуықтап қалған. Бұған бірнеше күн қатарынан жауған жаңбыр себепші.

Бүгін күн райы айтарлықтай қалыпқа келсе де, синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы аптада тағы жаңбыр құюы ықтимал. Апаттық жағдайға байланысты, әйгілі Париж соборы Нотр-Дам де Пари, Орсе мұражайы және Эйфель мұнарасы ақпанның 5-не дейін жабық болады.

1500 адам қауіпсіз жерлерге орналастырылды. Кейбір аудандарда жарық сөнген. Сонымен қатар, пойыздар кешігіп, темір жол қатынасы да тежелді. Ал, ескерту «сары» түске дейін жетіп, тұрғындарға сақ болуға кеңес берілді.

Айта кету керек, Парижде ең сұрапыл су апаты 1910 жылы болып, сол кезде Сена өзенінің деңгейі 8 метрден асып, мыңдаған адам үйлерін тастап кеткен еді.

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу