Ауғанстанда жарылыстан 100-ден аса адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстанда жарылыстан 100-ден аса адам қаза тапты

29.01.2018

Ауғанстанда тағы қайғылы оқиға. Кабулде жанкешті жедел жәрдем көлігін жарып, 100-ден астам адам қаза тапты. 150-ге жуығы жараланып, ауруханаға түсті. Бұл бір аптаның ішінде осымен екінші жарылыс болып тіркелді. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қала орталығында жанкешті көлікті жарылғыш заттарға толтырып, бір бақылау бекетінен өтіп, екіншісінде полиция тексерген кезде бомбаны іске қосқан. Жойқын дүмпу Ішкі істер министрлігі мен Еуропалық одақ өкілдік кеңсесінің маңында болған. Құрбан болғандардың саны әлі де өсуі мүмкін. Жарылыс салдарынан жақын маңдағы ғимараттардың терезелері де шытынап, қабырғалары қираған. Бұған жауапты «Талибан» қозғалысы екені анықталды.

Естеріңізге салсақ, таяуда осы қарулы топ «Интерконтиненталь» қонақ үйіне шабуыл жасап, 22 адам мерт болған еді. Олардың көбі шетел азаматтары, арасында бір жерлесіміз де бар.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу