Шығыс Иерусалим Палестинаның астанасы болуы керек – Түркия Сыртқы істер министрі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Иерусалим Палестинаның астанасы болуы керек – Түркия Сыртқы істер министрі

13.12.2017

Шығыс Иерусалим Палестинаның астанасы болуы керек. Мұны Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы саммитінде мәлімдеді. 50-ден астам мемлекеттің лидерлері мен министрлері қатысқан төтенше отырысқа АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп жариялауы себеп болды. Вашингтонның бұл қадамы Таяу Шығыс пен мұсылман елдеріне жаппай наразылық туғызып, сан мың адам қатысқан шерулерге түрткі болды. Түркия осы жиын арқылы мұсылман елдерін Трамптың шешімін өзгертуге ықпал етуге шақырды. Дегенмен, Анкара АҚШ-қа қарсы ешқандай санкциялар қабылдамайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Израиль Иерусалимді 1967 жылғы соғыста басып алды. Бірақ, әлемдік қауымдастық тарихи қалаға еврей мемлекетінің билігін мойындаған емес. Ал, Палестина Иерусалимнің шығысын өзінің болашақ мемлекетінің астанасы етуден үмітті.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу