Путин мен Асад кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Путин мен Асад кездесті

21.11.2017

Ресей Сириядағы әскери операцияларын аяқтауға жақын. Сонымен қатар, Мәскеу Араб Республикасындағы жанжалды саяси жолмен тоқтатуға көшуді ұсынып отыр. Мұны бүгін Кремль басшысы Владимир Путин мәлімдеді. Ал, президент Башар Асад ойламаған жерден Сочиге барды. Асад Ресейде төрт сағат болды. Бұл жүздесуді әлем ақпарат құралдары осыдан бірер сағат бұрын ғана білді.

Кремль Араб Республикасында жауласушы тараптардың басын қосатын халықтар конгресін құруды ұсынып отыр. Және де кейбір мәліметтерге қарағанда, Мәскеу Сирияда бейбіт келісімге қол жеткізу үшін Асадты билікте қалдыруды талап етпек емес.

Естеріңізге сала кетсек, Ресей әскері бұл мемлекетке екі жыл бұрын кіріп, қазір Сирия армиясын жеңіске жақындатып отыр.

Айта кетейік, Сириядағы соғысты тоқтату мәселесі бойынша бүгін Сочиде Иран-Түркия-Ресей саммиті өтеді. Ал, келесі аптада Женевада Сирия жөніндегі келіссөздердің жаңа раунды басталады.

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Ең басты мәселе, әрине, террористер талқандалғаннан кейін жанжалды саяси, бейбіт жолмен, ұзақ мерзімге реттеу. Мен осы саяси процестерді ұйымдастырудың негізгі қағидаттары бойынша келіссөз жүргізуді қалар едім.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу